2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне маңызды өзгерістер енеді. Енді әлеуметтік осал топтарға қолдау күшейтіледі. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар үшін МӘМС жарнасын өз мойнына алады.
«МӘМС жүйесіне қатысудың тұрақтылығын арттыру үшін маңызды норма енгізілді. Егер адам бес жыл бойы үздіксіз жарна төлеген болса, төлем уақытша тоқтатылған жағдайда оның сақтандырылған мәртебесі жүйеде бұрынғыдай үш ай емес, алты ай бойы сақталады», – деп атап өтті денсаулық сақтау министрлігі МӘМС талдау және жетілдіру департаментінің директоры Ләззат Шоманова.
МӘМС жарнасына төленетін жалақының да жоғары шегі өзгереді.
Қазір қызметкер жалақысынан 2% МӘМС жарнасын тек 850 мың теңгеге дейінгі сомадан ғана төлейді. Яғни, жұмысшының айлығы 1-2 миллион болса да, жарнасы 850 мың теңгеден есептеледі, әрі ең көбі 17 000 теңге ғана төлейді. 2026 жылдан бастап бұл шек 1 700 000 теңгеге дейін ұлғаяды. Демек жоғары жалақы алатын адамдар енді көбірек береді. Мәселен, ай сайынғы жалақысы 2 миллион болса, сол соманың 2%-ын береді. Сәйкесінше, жұмыс берушінің де жарнасы өседі.
Ал медициналық сақтандыруы бар азаматтар кез келген дәрігердің қабылдауына тегін кіре алады.
«МӘМС аясында ешқандай медициналық қызметке шектеу жоқ. Бірақ оған басты талап медициналық көрсеткіш болуы керек. Өзіндік қалауынан емес, тек көрсеткіштер болған жағдайда зерттеулер тағайындалады», – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының кеңесшісі Забира Оразалиева.
Оның айтуынша, ешқандай зерттеулер мен мамандар жағынан шектеу жоқ.
Дереккөз: Stan.kz





