Жетісу облысының орталығында тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Бұл туралы Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабековтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.
Жиында 10 айдағы инфекциялық және паразитарлық аурулардың жайы баяндалды. Сонымен бірге вакцинамен басқарылатын инфекциялардың эпидемиологиялық жағдайы мен иммунопрофилактика саласындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, эпидмаусым басталғалы өңір бойынша жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 32 159 жағдайы тіркелген. Оның 23 524-і – 14 жасқа дейінгі балалар.
Вирустық аурулардың өсуін ескере отырып, медициналық ұйымдарда МСАК деңгейінде 9 мобильді бригада, 8 сүзгі кабинеті және азаматтарға кеңес беретін 6 телефон желісі жұмыс істеп тұр. Әрі шұғыл көмек көрсету үшін 22 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Ал Талдықорған қаласында 25 мыңнан астам адам тұмауға қарсы вакцинация алған.
– Жалпы облыс орталығында биылғы эпидемиологиялық маусым тұрақты бақылауда. Дейтұрғанмен, «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Әр азамат тазалықты сақтап, өзінің және жанұясындағы азаматтардың денсаулығына баса көңіл бөлуі тиіс. Тұмау тию белгілері байқала қалса, дәрігерлердің көмегіне жүгініп, дер кезінде тиісті ем қабылдауды ескертеміз, – дейді сала жауаптылары.
Отырыс қорытындысында сөз алған шаһар басшысының орынбасары Жеңіс Саятбекұлы жауапты мекеме өкілдеріне әлі де босаңсымай, эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ ол тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, әрі инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша шараларды жүйелі түрде жүргізуді міндеттеді.
Сала басшыларының сөзінше, бүгінде Талдықорған қаласы бойынша 60-тан астам мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекеме бар. Оларда 900-ден астам дәрігер, 3 мыңға жуық орта буын медицина қызметкері табысты еңбек етіп келеді.
Айдын КӘЛІМХАН





