Райымбек ауданында 18 дәрігерлік шаңырақ бар. Биылдан бастап 250 адамға арналған емхана құрылысы басталып, пайдалануға беріліп жатса, үлкен игілік болмақ. Аудандық аурухананың ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізудің жобалық-сметалық құжаты жасалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
Мұның бәрі аймақ әкімі Амандық Баталов бастаған облыстағы басқарма тарапынан аудандағы денсаулық сақтау саласын дамытуға жасалып жатқан жақсылық. Өткен жылы аудан аумағындағы Жамбыл, Қақпақ ауылдарында дәрігерлік ғимараттар пайдалануға берілді. Мұндай игілікті іс биылдан бастап таулы өңірдегі Талас, Қаратоған, Жаңа Текес, Көмірші ауылдарына да жасалатын болады. Биыл Қостөбе, Ақбейіт ауылдарына модулдік медициналық пункт ғимараттары қойылады. Аудандық аурухана өткен жылы ғана мобильді заманауи медициналық жылжымалы 2 автокөлікпен, толық жабдықталған 1 автобуспен, 1 дамас автокөлігімен қамтамасыз етілді.
– Соңғы үш жылдың аумағында аудандық ауруханаға оннан аса жас маман келді. Оның ішінде 1 кардиолог, 1 хирург, 1 гинеколог, 2 травмотолог, 1 эндокринолог дәрігер, 6 жалпы тәжірибелік дәрігер бар. Өзім ауруханаға келгелі тәулік бойы жұмыс істейтін лаборотория, рентген лаборотория, ота жасайтын бөлім жұмыстарын жолға қойдым. Әр күн сайын уақыт күтпей түрлі жағдайлардан ауыр сырқаттар түсіп жатады. Сол кезде керекті мамандарды іздеп әуре болмаймыз, – дейді Райымбек аудандық ауруханасының бас дәрігері Жантас Әкімбаев.
Ауданның денсаулық сақтау саласына жас мамандардың келіп жатқаны жақсы дүние. Бұл орайда аудандық ауруханада еңбек етіп жүрген аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гауһар Бөгенбаева, қабылдау бөлімінің дәрігері Назерке Әбдіхалық, емхана меңгерушісі Дәулет Қожақов, терапия бөлімінің меңгерушісі Ернат Әуелханов, кардиолог дәрігер Айжан Тоқтарбаеваның аттарына (суретте) жылы лебіз білдіреміз.
Қанат БІРЖАНСАЛ





