Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биылғы жыл «Ислам және адал қоғам» жылы болып жарияланды. Осыған орай Жетісу облысының орталығында өңір имамдарының қатысуымен алқалы жиын өтіп, 2026 жылға арналған жаңа жұмыс жоспары бекітілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жетісу облысының бас имамы Керімбек Сәрсембайұлының төрағалығымен өткен басқосуға қала және аудан мешіттерінің барлық діни қызметкерлері қатысты. Онда қоғамда адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және діни қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеру арқылы халықтың рухани әлеуетін арттыру мақсаттары сөз болды.
Бас мүфтидің бағдарламалық баяндамасына сүйене отырып, биылғы жұмыс жоспары төрт негізгі бағыт бойынша өрбиді. Бұл бағыттар қоғамдағы әлеуметтік және рухани мәселелерді шешуге тікелей бағытталған. Атап айтқанда, ихсан және насихат бағыты бойынша рухани кемелдену мен көркем мінезді қалыптастыру, жұртшылыққа дін мен дәстүрдің сабақтастығын түсіндіру жұмыстары қолға алынады. Діни оқу-ағарту саласында тұрғындардың, әсіресе жас буынның діни сауаттылығын арттыру мен мешіт жанындағы сауат ашу курстарының жұмысын жандандыру көзделген.
Сондай-ақ дәстүр мен отбасы құндылықтарын нығайту арқылы ұлттық болмысымызды сақтап, шаңырақтың беріктігін арттыру және ажырасудың алдын алу шаралары басты назарда болады. Мұнымен қоса, жат діни ағымдардың алдын алу мақсатында деструктивті идеологияларға қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру және теріс бағытта жүрген жандармен оңалту жұмыстарын жүргізу міндеттелді.
Керімбек Сәрсембайұлы бұл басымдықтардың тек қала орталығында ғана емес, әрбір ауыл мен шалғай елді мекенде жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін қадап айтты.
«Ислам және адал қоғам» тұжырымдамасы тек діни жоралғылармен шектелмейді. Бұл – еңбекқорлық, адалдық, жемқорлықтан алыс болу және айналаға мейіріммен қарау сияқты адами қасиеттерді қамтитын кең ұғым. Мұндай бастамалар қоғамдағы өзара сенім деңгейін арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Жиын барысында өткен жылдың қорытындысы бойынша белсенді қызметімен және халықпен тығыз жұмыс істеуімен көзге түскен бірқатар имамдарға құрмет көрсетілді.
Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хаттарымен марапатталды. 2026 жылы Жетісу мешіттерінде қайырымдылық шаралары, тәрбиелік сағаттар мен ағартушылық кездесулер бұрынғыдан да мазмұнды форматта өткізілмек.




