Бүгінгі таңда әлем елдері үшін өзекті мәселелердің бірі – кереғар діни ағымдардың ықпалы мен олардың қоғамға, әсіресе жастар санасына тигізетін теріс әсері. Бұл біз үшін де маңызды, себебі елдің тыныштығы мен тұрақтылығы – рухани бірліктің сақталуымен тығыз байланысты.
Кереғар ағымдардың негізгі нысанасы – жастар. Себебі жас буын өмірлік ұстанымдары қалыптасу үстіндегі, ізденімпаз және рухани тұрғыдан әсерге бейім кезеңде болады. Осыған байланысты отбасындағы рухани тәрбие, мектеп пен жоғары оқу орындарындағы адамгершілік және азаматтық білім беру бағытындағы жұмыстар маңызды рөл атқарады. Әр ата-ана өз баласының кіммен араласатынын, қандай ақпарат көздерінен діни мәлімет алатынын бақылауы қажет.
Мемлекет кереғар діни ағымдардың алдын алу және діни тұрақтылықты сақтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Елімізде дін істері агенттігі, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталықтары, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халық арасында түсіндіру және ақпараттық жұмыстарды тұрақты түрде атқаруда. Республикалық және өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтары арқылы оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, ауылдық жерлерде кездесулер, дәрістер мен семинарлар ұйымдастырылып келеді. Мұндай іс-шаралар қоғам мүшелерінің діни сауаттылығын арттыруға және теріс ағымдардың ықпалынан сақтандыруға бағытталған.
Кереғар ағымдармен күрестің ең тиімді жолы – білім мен рухани мәдениеттің жоғары болуы. Ұлттық тамырынан ажырамаған, діннің мәнін дұрыс түсінген, отансүйгіш азамат ешқашан теріс идеологияның жетегіне ермейді. Сондықтан әрбір азамат өз елінің тыныштығы мен бірлігі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Кереғар ағымдардан арылу – рухани жаңғыру мен қоғамдық тұрақтылықтың кепілі.
Нұржан РАҚМЕТҚАЗЫНОВ,
Қаратал аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі





