Біз бұл сөзді бата-тілектер ақтарылған жиын-тойларда жиі естиміз. Оны «арманың орындалсын, дәулетің артсын» деген мағынада түсінеміз. Бірақ бұл сөздің терең мағынасы мен нақты қолданылу ауқымы бар екенін білесіз бе?
«Көсегең көгерсін!» деген тілек жалпы жұртқа айтылатын ризашылық сөз ретінде қолданылып жүр. Дегенмен, оның түпкі мағынасы қыз баланың абыроймен бой жетуіне, отбасылық бақытына қатысты айтылады.
Халқымыз қыздың тәрбиесіне ерекше мән берген. Қызғалдақтай жайнаған ұрпағы он екі жасқа келгенде киіз үйдің оң жағынан орын беріп, бөлек бөлме дайындаған. Бұл бөлмеге оның төсегі мен жеке заттары қойылады. Бөлмені көлегейлейтін перде немесе шымылдықтың ішіндегі орнын «көсеге» деп атайды.
Рас, «көсегең көгерсін» деген тілек осылайша қыз баланың бойжеткендігін, оның өсіп жетілуін, жеке өмірінің бақытты әрі мәнді болуын тілеумен байланысты. Астарында болашақта тұрмысқа шығып, ана болуы, жалпы өмірінде табысқа жетуіне байланысты тілектер жатыр. Бойжеткен ұзатылғанда оған ата-анасы жасауымен бірге көсегесін де қоса беретін болған. Бұл – қыздың жаңа шаңырағында құт-берекелі, бақытты ғұмыр кешуін тілеудің белгісі.
Көсеге сөзі қазақ тілінде игілік пен берекені білдіретін көне ұғымдардың бірі. «Көсегесі көгерді» деген сөз адамның бақыты артып, өмірі жақсарып, ұрпағы көбейсін деген ізгі тілекпен де байланысты қолданылады. Бұл ұғым тек жеке адамның емес, тұтас елдің өркендеуі мен гүлденуіне қатысты айтылған. Көсеге сөзі қазіргі қоғамда бұрынғыдай қолданылмаса да оның мәдени маңызы мен тәрбиелік мәні зор. Қазіргі кезде бұл тілек кез келген адамға, тіпті жалпы қауымға да арналып айтыла береді.
Қандай заман, қандай жағдай болмасын, халқымыздың осындай жүрекжарды тілектері ұмыт қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырғаны абзал. Сондықтан, «Көсегең көгерсін!» деген ізгі ниет әрдайым айтылып, ұлттық дәстүріміздің жарқын көрінісі болып қала бергей!
Айжан БОЛАТОВА
СДУ-дің 4-курс білімгері
Фото: egemen.kz





