Мұсылман қауымы үшін ең ұлық мерекелердің бірі – Ораза айт жақындап қалды. Бұл күн бір ай бойы жалғасқан қасиетті Рамазан айының аяқталуын және рухани тазару кезеңінің қорытындысын білдіреді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
2026 жылы қасиетті Рамазан айы ақпан айының ортасында басталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) бекіткен кестесіне сәйкес, биыл 17 наурыздан 18 наурызға қараған түн – мың айдан да қайырлы Қадір түні. Ал күллі мұсылман баласы асыға күткен Ораза айт мерекесі 20 наурыз күні басталады. Айта кетерлігі, айт мейрамы негізінен бір күн болғанымен, халқымыздың дәстүрі бойынша үш күн бойы айтшылап, дастарқан жаю әдетке айналған.
Аталмыш мереке тек ішіп-жеуге рұқсат етілген күн ғана емес, бұл – мейірімділік пен кешірімнің салтанат құратын сәті. Бір ай бойы нәпсіні тыйып, сабыр сақтаған жандар осы күні өкпе-реніштерін ұмытып, татуласуы тиіс. Мерекенің ажырамас бөлігі – пітір садақасы. 2026 жылы Қазақстанда пітір садақасының мөлшері адам басына 735 теңге болып белгіленді. Садақаны айт намазына дейін берген абзал, бұл мұқтаж жандардың да мерекелік дастарқан жаюына септігін тигізеді.
Мереке күні Талдықорған қаласы мен облыс орталықтарындағы мешіттерде таң ертең айт намазы оқылады. Намаздан соң ағайын-туыс бір-біріне «Ораза айт құтты болсын!» деп ақ тілектерін арнайды. Әр шаңырақта бауырсақ пісіріліп, ет асылып, қонақжайлылық көрсетіледі. Ораза айттың Құрбан айттан басты айырмашылығы – мұнда құрбандық шалынбайды, тек оразаның аяқталуына шүкіршілік етіп, қуаныш бөліседі.
Қазіргі таңда облыс тұрғындары мерекелік дайындықты бастап кетті. Бұл күндері қайырымдылық шараларына қатысып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу – әрбір азаматтың ізгі амалы болмақ.





