Қазақ оюлары – байыптап, саралап барып қолданылуы тиіс ұлттық мұрамыз. Тігіншілікпен айналысқан қауым осыны ескере жүруі керек деп білемін. Қазір елімізде киім үлгілерін ұлттық ою-өрнек элементтерімен өрнектеу белең алды. Бір қуанарлығы, бұл ересектер ғана емес, жастар тарапынан да қолдау мен сұранысқа ие болды. Сұраныс болғандықтан тігін саласының мамандары бұл киімдерге деген шығармашылық көзқарасын жетілдіруі қажет.
Заманауи технология мүмкіндіктерін пайдаланып, ою түсіру шеберлердің уақытын үнемдейтінін, еңбектерін жеңілдететінін білемін. Алайда, ерекше мәнге ие салтанатты киімдерде қазақ оюлары кестеленіп түсуі керек.
Хас шебер ою-өрнекті киімге түсірерде, оны таңдауда мүлт кетпейді. Өйткені, ол еш уақытта салтанатты сырт киім өңіріне, иығы мен жеңіне, етегіне, арқасына киіз бұйымдарға (сырмақ, текемет), жиһаздарға (ағаштан, сүйектен жасалатын), ыдыс-аяқтарға (ағаштан, сүйектен, теріден) түсетін ою-өрнектерді қайталамауы тиіс. Киімдердің бұл топтамаларын жасаушылар енді қазақ оюлары тарихына ден қойып, дәстүр мен жаңашылдықты ұштай білуі тиіс.
Қазақ киімдері тарихында оюлар негізінен кестеленіп түсірілген. Жапсырма оюлар бүгінгінің үлесі. Дегенмен, жапсырма оюларды киім үлгілеріне пайдаланбау керек деген ойдан аулақпын.
Орынсыз қайталау, айшықтау ата-бабамыз аманат еткен тарихи, мәдени жәдігерлерді қорлайтын, ұрпақ санасын бұзатын, «көлден шөлге, аспаннан жерге» тартатын келеңсіздік.
Заманауи киім үлгілеріне дәстүрлі қошқармүйізден басқа зооморф, көгеріс, артефактілік зат пішінді, геометриялық ою-өрнектерді батыл түрде қолданғанымыз дұрыс. Әсіресе, жүрекше (түйетабан), жұлдызгүл, жұлдызөрнек, қиықшаршы (ромб), сыңармүйіз, құманбау, шытыра, қазмойын оюларын батыл түрде қондыруымыз керек.
Осымен ғана шектеліп, бір орында тоқтап қалмай бай мұрамызды жарқыратып көрсеткеніміз жөн. Сонда ғана қолөнеріміз дами бермек.
Рахатой Рызалиева,
Алматы сән және дизайн колледжінің
арнайы пәндер оқытушысы





