Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үндеу жасап, Рамазан айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз өсірмеуге шақырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, қасиетті айда халыққа қолайлы жағдай жасау – сауапты істің бірі.
«Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз», – деді Бас мүфти.
Сәресі және ауызашар дұғасы
Сәресіне арналған дұға:
«Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім».
Ауызашар дұғасы:
«Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, саған иман келтірдім, саған тәуекел еттім. Берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнәмді кешіре көр!»
Қадір түні мен Ораза айт
ҚМДБ мәліметінше, 17 наурызға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал 20 наурыз – Ораза айт мерекесі.
Ораза ұстаушыларға кеңес
Ораза – мұсылмандар үшін маңызды құлшылықтың бірі. Бұл тек ас-судан тыйылу емес, рухани кемелдену, сабыр сақтау және өзін-өзі тәрбиелеу кезеңі.
Бұрын ораза ұстап көрмеген адамға бастапқыда қиын болуы мүмкін. Сондықтан алдын ала дайындалған жөн. Тамақтану режимін реттеп, таңғы және кешкі асты уақытылы ішуге дағдылану қажет. Ораза басталғанға дейін бірнеше күн бұрын бір уақытта тамақтанып үйрену жеңілдік береді.
Сәресі кезінде күрделі көмірсуларға (ботқа, қара нан, көкөністер) және ақуызға (жұмыртқа, ет, сүзбе) бай тағамдарды тұтыну ұсынылады. Сондай-ақ жеткілікті мөлшерде су ішу маңызды. Ауызашарда асқазанға салмақ түсірмеу үшін жеңіл тағамдардан – құрма, сүт өнімдері, сорпадан бастау керек. Дұрыс тамақтану күні бойы сергек жүруге көмектеседі.
Егер алғашқы күндері қиындық сезілсе, өзіңізді қинамау қажет. Ең бастысы – ниет пен талпыныс. Ораза – рухани тазару мен өзін-өзі бақылаудың кезеңі. Көпшілік үшін бұл уақыт жаңа әдет қалыптастырып, өзін жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді.
Айналада ораза ұстайтын жандармен бірге ұстау да жеңіл болады. Әр күнді жетістік ретінде қабылдап, өзіңізді жігерлендіріп отырған дұрыс. Себебі ораза ұстау – ерік-жігерді талап ететін құлшылық.






