«Дін – жүректерді біріктіретін рухани көпір, адамды имандылық пен ізгілікке бастайтын мәңгілік жол» деген сөз бар. Осынау сөздің мәні дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани келісім жолы: Съезд идеяларын жүзеге асыру» атты республикалық форум аясында ашыла түскендей.
Салтанат сарайында шымылдығын түрген шараға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің өкілі Ербол Рүстемов, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының наиб мүфтиі Ермек Мұқатай, Орыс православ шіркеуінің Талдықорған викариатының епископы Клавдиан, Рим-католик шіркеуінің Алматыдағы Қасиетті Үштік епархиясының епископы Хосе Луис Мумбиелла Сиера, сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен дін істері басқармалары мен дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталықтарының басшылары, теологтар мен дінтанушылар, Жетісу университеті мен «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің өкілдері қатысты.
Шараға қатысушылар әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезінде көтерілген идеяларды өңірлік деңгейде жүзеге асыру, дінаралық келісім мен өзара түсіністікті нығайту, қоғамдағы рухани тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау турасында мәселелерді талқыға салды. Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов тұрақтылық пен келісімнің бесігі саналатын Қазақстанда осынау құндылықтарды сақтаудың маңызына тоқталды.
– Қазақ даналығында: «Дін – рухтың тірегі, иман – адамдықтың жүрегі» деген ұлағатты сөз бар. Қазіргі еліміздегі жағдай діни және мәдени диалогтың маңызды екенін, мемлекетаралық және дінаралық қатынастың күрделі екенін тағы дәлелдеді. Тәуелсіздік жылдарында біз Қазақстанда түрлі діннің арасында бейбіт келісімді орната алғанымызбен мақтанамыз. Қазақстанда түрлі конфессия мен діни ұйымдардың жұмыс істеуіне арналған барлық жағдай жасалған. Жалпы кез келген діннің басты мақсаты – адамды ізгілікке, татулыққа және өзара сыйластыққа шақыру. Осы қағиданы берік ұстанған елімізде түрлі дін өкілдері бейбіт өмір мен рухани келісімде ғұмыр кешіп келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Форум аясында Диас Есдәулетов қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау ісіне, рухани құндылықтарды дәріптеуге сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
– Менің ең үлкен тілегім – жер бетінде соғыс болмаса. Шыны керек, айналаға қарасақ, адам адамды, халық халықты қырып-жоюда. Наным-сеніміне, көзқарасына қарап бір-бірін жек көруде. Дегенмен, Қазақстан әлемге үлгі көрсетуде. Мұндай шараға бірінші қатысуым. Дейтұрғанмен, Қазақстанды әлем халқы «Достық мекені» деп тегін атамайтынына көз жеткіздім, – деді «Надежда» Үштөбе пресвитериандық шіркеуінің пасторы Ким Гванг Джунг.
Жиын соңында қатысушылар рухани келісім мен бейбітшілікті сақтау – барша қазақстандықтың ортақ парызы екенін атап өтіп, осы бағыттағы ынтымақты жұмысты жалғастыруға уағдаласты.





