Елімізде конфессия-аралық келісімді нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау және жергілікті халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. Жетісу жерінің жұртшылығы да мұндай ауқымды іс-шаралардан сырт қалмай, діни сауаттылықты арттыру мәселесіне үлес қосып келеді.
Атап айтар болсақ, Талдықорған қаласындағы №11, №14 орта мектептерде ұстаздар арасында деструктивті идеологияны насихаттаушы топтардың, аккаунттардың жұмысы және олардың айла-тәсілі мен әрекеттеріне арналған «Теріс ағым – төрге шықпауы тиіс!» деген тақырыпта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Кездесуде «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің талдау бөлімінің басшысы Айдос Игенбай ғаламтор кеңістігіндегі бақылауға алынған және бұғатталған бірқатар топты мысал ретінде көрсетіп, жиналғандарға кез келген ақпараттың растығына, шынайылығына көз жеткізу қажеттігін жеткізді.
Одан кейін «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» талдау бөлімінің басшысы облыс орталығындағы №9, №15, №16 орта мектептерде оқушыларға, мектеп ұстаздары мен ата-аналарға теріс пиғылды насихаттаушы топтар мен аккаунттардың әлеуметтік желідегі әрекеттері, айла-тәсілдерінің қандай болатыны жайлы әңгімелеп, кең көлемде кездесу өткізді. 400-ге жуық адам қатысқан жиында ғаламтор кеңістігіндегі әрбір ақпаратты саралап, сұрыптап отыру керектігі, теріс түсініктегі уағызшылар мен қолдануға болмайтын, тыйым салынған сайттар, парақшалар мысал ретінде түсіндірілді. Сондай-ақ, тақырыпқа орай әзірленген бейне-ролик көрсетіліп, облыстық Дін істері басқармасы рұқсат еткен сайттардың сілтемелері таныстырылып, басқарма мамандары кез келген мәселе бойынша жауап беретіндігі айтылды. Арнайы брошюралар мен үлестірмелер таратылды.
Жалпы, облыс аумағына таралатын интернеттегі әлеуметтік желілер, түрлі сайттар мен топтар тұрақты түрде бақыланып, сараланып және оларға сараптамалық есеп жүргізіліп отырады. Соның арқасында Жетісу жері желі мониторингісі бойынша республика көлемінде көш басында тұр. Одан бөлек, әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар арқылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары тұрақты насихатталуда. Мысалы, өткен мамыр айында Facebook, Вконтакте, Instagram сынды әлеуметтік желілердегі облыстық дін істері басқармасының парақшаларына 382 ақпараттық материал, 55 видео жарияланды. Сонымен қатар, Instagram парақшасында «Бала психологиясының қыр-сыры», «Діни экстремизмнің алдын алудың аспектілері», «Дін мен ғылымның біртұтастығы», «Қазақ қоғамының рухани өміріндегі діннің рөлі», «Религиозные тенденции в современном», «Современные методы социологических исследований» , «Дәстүрлі емес діни ағымдардың миссионерлік қызметі», «В чем польза от соц. Исследований для власти и общества», «Дәстүрлі емес діни ағымдардың әлеуметтік желідегі белсенділігі», «Дәстүрлі емес діни ағымдардың сипаты», «Дін және жастар» деген тақырыпта тікелей эфир өткізіліп, арнайы дайындалған бейне-үзіктер жарияланды. Тікелей эфирге барлығы 7 мыңға жуық адам қатысты.
Осының өзі облыстық дін істері басқармасының мамандары карантиннің өзінде тынымсыз жұмыс істеп, лаңкестіктің, діни экстремизмнің алдын алу бойынша нақты қадамдар жасағанын көрсетеді.
Айгүл Манапқызы,
«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары
Талдықорған қаласы





