Байлықтан артық бағала
Мəңгілік емес тағдырың,
Сондықтан дүние садаға.
Алланың берген əр күнін,
Байлықтан артық бағала!
Мəңгілік емес нығметтің,
Пайдасы жоқ пендеге.
Азғантай ғана ғұмырда,
Тәубе етпейсің сен неге?!
* * *
Үлкенге құрмет, кішіге ізет, –
Әз-пайғамбар сүннеті.
Сен де сыйлап құрмет қыл,
болсаң егер үмметі.
Сыйлағанның құлы бол,
сыйлассаң қор болмайсың.
Кішіпейілдік танытсаң,
кішірейіп қалмайсың.
Тәкаппар адам ұқсайды,
Сорайып өскен терекке.
Көлеңке жоқ, пайда жоқ,
жарамайтын керекке.
Кішіпейіл жан ұқсайды,
Алма ағашқа жемісті.
Азық, сая болатын,
Құлпырар одан жер үсті.
* * *
Қазадан ғибрат алайық,
Сөзге құлақ салайық.
бекем болып намазға,
Қабірге шамды жағайық.
Жер қысады шыңғыртып,
дәретсіз мені бастың деп.
Құрт-құмырсқа талайды,
садақадан қаштың деп.
Жылан, шаян шағады,
арамға ауыз аштың деп.
Жар бола гөр сол кезде,
Жаратушы Жаббар кеп.
* * *
Тәрбие тал бесіктен басталады,
Келеді тәрбиеміз ақсап әлі.
Жас бала отырғызған тал секілді,
Ұнатар көңіл бөліп, баптағанды.
Тәрбиені берейік біз жүйелеп,
Үйір етпей жаман іске бейәдеп.
Көңіл бөлмей, мән бермей ата-анасы,
Жатыр-ау көкжәшіктер тәрбиелеп.
Затымыз жоқ сұраса әпермеген,
Асты-үстіне түсеміз мәпелеумен.
Санаспай кеттік білем соңғы кезде,
«Баланы жастан» деген мәтелменен.
Себейік имандылық дәнін дереу,
Етпейік замананы оған желеу.
кешігіп бармақ шайнап қалмас үшін,
Қолға алайық тәрбиені біздер дереу.
* * *
Кешіре гөр күнәһар біздерді, Алла,
Өшіре гөр қате басқан іздерді, Алла.
Тәубе етіп күндіз-түні жалбарынам,
Күйдірме жәһаннамда жүздерді, Алла.
Пенделікпен жеріміз көп жаза басқан,
Күнәміз көп, түсінсек, ауыр тастан.
Ахиретте шерменде қылмасын деп,
қыла біл құлшылықты осы бастан.
Ата-анаға кейістік білдірмеңіз
Қасиетті Құранның сүресінде,
Не деп айтты Жаратқан, білесің бе?
Ата-анаңа жақсы қара деген сөзді,
Бұйрықты құлағыңа ілесің бе?!
Жұмсақ сөйле білдіріп құрметіңді,
Атқарғын перзенттік міндетіңді.
Сен де ертең ата-ана болған кезде,
Көрерсің ұл-қызыңнан құрметіңді.
Қартайса көз алдыңда ата-анаңыз,
әбестік білместікпен жасамаңыз.
Олардың қабағына кірбің ілмей,
Жаннат сізде, жақсылап қарасаңыз.
* * *
Көктемде көптеген гүл қауыз ашар,
Күлімдеп көктегі күн нұрын шашар.
мейірімділік көрсеткенге мейірім бар,
Қабыл болсын берілген ауызашар.
Тарылса да замана, тарылмайық,
Жақсы бір қырымыздан танылайық.
Жетім-жесір, міскінді ұмыт қылмай,
Жақсылыққа ұмтылып жарысайық.
Ясин сүресі
Көптеген аяттардың сыры ашылды,
Көпшілік біле бермес қыры ашылды.
Он берекет табады екенбіз-ау,
Үнемі оқып тұрсақ Ясинді.
Кимі жоқ оқыса киім табар,
Бойдақ адам оқыса жұбын табар.
Ендеше көп оқиық ясин-шәріп,
Жоғалтқан нәрсесінің бәрін табар.
Сапардағы оқыса жолы болар,
Ауру жан оқыса шипа табар.
Марқұмдарға оқысақ шапағат боп,
берекесін құранның олар да алар.
Қорыққан адам оқыса сақ болады,
Аш адам оқыса оны тоқ қылады.
мұңды жанның көтеріліп көңіл күйі,
Шөлдеген жан оқыса су табады.
* * *
Айтпай мұны көңілім басылар ма?
Харам астан аузыңа татып алма.
Ерте тұрған еркектің ырысы артық,
Күн шыққанша езіліп жатып алма.
Өлең жаздым бұл дұғаның құрметіне,
Алланың шек келтірмен құдіретіне.
деген екен Пайғамбарым дұғасында:
«Береке бер, ерте тұрған үмметіме».
* * *
Байсалды, пайымды еді, парасатты,
Өзіне тарта білген адамзатты.
Еңбегімен еленген ел-жұртына,
Еске аламыз нар тұлға азаматты.
Қаржы бөліп бес жігіт арасынан,
Мешіт салды Үштөбе қаласынан.
Ұйытқы боп ізгі іске қаладағы,
Сауап іздеп Жаратушы Алласынан.
Үлес қосып өңірдің дамуына,
Ілесіп замананың ағымына.
Күрделі жұмыс жүргізіп Алла үйіне,
Сыйға тартты мұсылман қауымына.
Жақсы амалдар жалғасады қабірде,
Жақындарын шақырамын сабырға.
Жатқан жерің жайлы болсын, жан ағам,
Ағам кірсін Фердауси жаннатқа.
Тәңіршілдік — дін емес
Тәңіршілдік дін емес, адаспайық,
Ортамыздан ондайды аластайық.
Асыл дінің Ислам тұрған кезде,
Көксеумен басқа дінді шатаспайық.
Обал болды жаназасыз кеткен жанға,
Болды ғой елге ұят, бетке таңба.
Тәңіршілдік дін емес, соны түсін,
Сыйынбаған сен түгіл жеті атаң да.
Мұндай істің алдын алу керек,
Заңмен тыйым оларға салу керек.
Дін істер басқармасы атсалысып,
Шешімін сорақы істің табу керек.
Әбудардан ТАЛАСБАЙ,
Үштөбе қалалық мешітінің
бас имамы, Қаратал ауданының құрметті азаматы





