Шаңырақтың шаттығы әйел-ананың салт-дәстүрді сақтауда алар орны ерекше. Талдықорғанда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен байқау өтті. Шара – «Абысын-ажын» деп аталды.
Өтенай ауылдық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған ізгі іске бір шаңырақтың келіндері жайнап киініп, қолдан жасаған бұйымдарын ала келді. Байқаудың мақсаты – қазақтың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын насихаттау. Абысындар арасындағы жарасымды татулықты үлгі ету, жас келіндерді ұлттық рухта тәрбиелеу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау арқылы заманауи келіннің болмысын қалыптастыру.
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас кеңесшісі Зәмзәгүл Мұқанова мен бірлестіктің Талдықорған қалалық филиалының бас кеңесшісі Айнагүл Мұқановалар шараны жан-жақты ұйымдастырып, тәрбиелік мәніне баса назар аударғандығы байқалды.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушылардың тапқырлығы, өнері, ұлттық дәстүрге деген құрметі сарапқа салынды. Бірінші кезең – «Сәлем – сөздің анасы» деп аталды. Мұнда абысындар бір-бірін әзіл-қалжың арқылы таныстырады. Қатысушылардың ұлттық нақыштағы, бірақ қазіргі заманға сай киім үлгісі де бағаланады. Екінші кезең – «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын!». Бұл бөлімде келіндер ән айтып, би билеп, өз қолдарымен жасаған ұлттық қолөнер бұйымдарын көпшілікке ұсынды. Мұнда фонограмма қолданылмады. Барлығы табиғи, шынайы өнер болуға тиіс. Үшінші кезең – «Өмірдің айнасы – маған пайдасы» деп аталады. Қатысушылар интернеттің пайдасы мен зияны туралы сахналық көрініс қойды. Төртінші кезең – «Отбасым – кіші Отаным!». Мұнда бүкіл отбасы мүшесі қатысып, салт-дәстүрге негізделген шағын көрініс көрсетті. Байқауға қатысушылардың жасы мен санына шектеу қойылмады. Бір ғана шарт – барлығы бір әулеттің келіні болуы тиіс. Әділқазылар абысындардың ауызбіршілігі мен үйлесімділігіне мән берді. Онда сөйлеу мәнері мен сахна мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрді білу деңгейі, киім үлгісінің ұлттық нақыштағы заманауилығы, сондай-ақ, шығармашылық қабілеті мен сахнада өзін еркін ұстауы назарға алынды.
Облыстың аудан мен қалаларынан келген қатысушылар фойеде ұлттық бұйымдардан көрме ұйымдастырды. Көздің жауын алатын құрақ көрпелер, бас киімдер, түскиіздер, зерделі камзолдар ұлттың тарихынан сыр шертті. Байқаудағы бірінші орын Талдықорған қаласына, екінші орын Ақсу, Көксу аудандарына, ал үшінші орын Текелі қаласына бұйырды. Панфилов, Қаратал, Сарқан аудандары ынталандыру сыйлығына ие болды.
Қолөнершілер қыз жасауына ұлттық нақыштағы заттардың көп сұралатындығын айтады. Қой жүнінен жасалған жамылатын көрпелер жылы және жеңіл болып келеді. Сондықтан, қазақ келіндері қолөнерді барынша меңгеруге тырысуда. Бұйым – шаңырақтың көркі және табыс көзі. «Абысын-ажын» байқауына қатысқан келіндердің өзін-өзі ұстауы, әулеттің береке-бірлігін сақтаудағы ұстанымы көрерменді тәнті етті.
Гүлжан ТҰРСЫН




