Қазіргі жаһандану дәуірінде жастар әртүрлі ақпарат көздеріне еркін қол жеткізе алады. Аталмыш артықшылық үлкен мүмкіндікпен қатар, қауіп те әкеледі. Соның ішінде радикал идеялардың интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жастар санасына тез енуі қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Жастар өмірдің мәні, әділеттілік, өзіндік орын сияқты сұрақтарға жауап іздейді. Радикал ағымдар осы ізденісті өз мүддесіне пайдаланып, қарапайым әрі эмоцияға құрылған «шешімдер» ұсынады.
Әлеуметтік және экономикалық қиындықтардың, жұмыссыздық пен болашаққа сенімсіздіктің, діни немесе саяси білімнің үстірт болуынан, ақпараттық сауаттылықтың төмендігінен, өзін қоғамда қажетсіз сезіну себептерінен әртүрлі мәселелер туындауда.
Радикал көзқарастар жастарды төзімсіздікке, зорлық-зомбылықты ақтауға, заңға қарсы әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Бұл жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Радикал идеяларға қарсы тұрудың бірнеше жолдары бар. Олар, сыни тұрғыдан ойлауды дамыту, білім беру жүйесінің рөлі, отбасы мен қоғамның жауапкершілігі, позитивті әлеуметтік орта қалыптастыру, интернет кеңістігіндегі алдын алу жұмыстары.
Жастарды ақпаратты талдауға, дереккөздерді салыстыруға, манипуляцияны тануға үйрету керек. Мектеп пен жоғары оқу орындарында азаматтық, құқықтық, діни сауаттылықты күшейту де маңызды. Сондай-ақ, ашық пікірталас пен еркін ойлауға жағдай жасалуы тиіс. Отбасыдағы сенімді қарым-қатынас, ата-ананың баланың ойы мен көзқарасына бейжай қарамауы үлкен рөл атқарады. Спорт, мәдениет, волонтерлік, шығармашылық жобалар арқылы жастардың энергиясын дұрыс арнаға бағыттауға болады.
ХХІ ғасырда радикал контентке қарсы түсінікті, шынайы әрі жастар тілімен сөйлейтін ақпараттық материалдар ауадай қажет. Жастарды радикал идеялардан қорғау – тек тыйым салумен шешілетін мәселе емес. Бұл – кешенді, ұзақ мерзімді жұмыс. Ең бастысы, жастарды тыңдау, түсіну және олармен серіктес ретінде жұмыс істеу. Саналы, білімді, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ұрпақ – тұрақты қоғамның кепілі.
Әйгерім Молдағалиева,
Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығына қарасты
Діни ахуалды талдау және аймақтық жұмысты үйлестіру бөлімінің басшысы





