Жер жаннаты Жетісу жерінде көктемнің жарқын хабаршысы саналатын Көрісу күні – Амал мерекесі ерекше ықыласпен қарсы алынды. Ұлттық салт-дәстүрдің мәйегін жаңғыртқан тағылымды күнде облыстың барлық аудан-қалаларында мерекелік шаралар ұйымдастырылып, жұртшылық бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін арнады. Ал Талдықорған қаласының орталық алаңында өткен «Бір көрісу – бір жылдық қуаныш» атты салтанатты жиын халықтың рухын көтеріп, көне дәстүрдің қадір-қасиетін айшықтай түсті.
Көрісу күні – халқымыздың ықылым заманнан жеткен игі ғұрпы. Қыстан аман-есен шыққан ағайынның бір-бірімен қол алысып, құшақтасып, өкпе-ренішін ұмытып, жаңа жылды ақ пейілмен қарсы алуы – ел бірлігінің белгісі. Осы үрдіс Жетісу жұртшылығы арасында да кеңінен дәріптеліп келеді.
Орталық алаңда өткен мерекелік жиында Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының әртістері мен Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары сахналық көрініс ұсынып, қазақтың көрісу дәстүрін әсерлі түрде бейнеледі. Театрландырылған қойылымда үлкенге құрмет, кішіге ізет танытқан қазақы тәлім көрініс тауып, көрерменнің көңілін тебірентті.
Мереке барысында түрлі этнос өкілдері де қазақтың ежелгі көрісу дәстүрін ұлықтап, бір-бірімен құшақ айқастырып, ізгі тілектерін білдірді. Бұл – өңірдегі татулық пен берекенің, көпұлтты қоғамның жарасымды тірлігінің айқын көрінісі. Сонымен қатар этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері ұлттық билерін ұсынып, алаңдағы жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара әрі қарай думанды концертке ұласып, халық әндері шырқалды. Көңілге жылу сыйлаған мерекелік жиын ақсақалдың ел-жұртқа берген батасымен түйінделді.
Облыс әкімінің әлеуметтік желідегі құттықтауында Көрісу күні – Амал мерекесінің жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы ерекше екені атап өтілді.
– Ақ тілек айтып, жақын жандармен жүздесу достық пен сыйластықты нығайтып, қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын бекемдей түседі. Осы жарқын мерекеде әр шаңыраққа ырыс пен бақ ұяласын. Баршаңызға мықты денсаулық, толайым табыс, бейбіт те берекелі ғұмыр тілеймін, – делінген құттықтауда.
Мерекелік шараға келген тұрғындар да бұл күннің мән-маңызына ерекше тоқталды. Солардың бірі, Талдықорған қаласының тұрғыны Әуелбек Амираев мерекелік көңіл күймен бөлісті.
– Бүгін Көрісу күніне арналған мерекелік шараны тамашалауға арнайы келдік. Алаңдағы думанды көріп, Наурыздың келгенін шын сезіндік. Бұл күн – адамдардың бір-біріне ізгі тілегін айтып, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа үмітпен қауышатын сәт. Көктеммен бірге көңіл де жаңарады, – дейді ол.
Айта кетейік, бұл күні облыстың барлық өңірлерінде Амал мерекесінің мазмұнын айшықтайтын дөңгелек үстелдер, концерттер, театрландырылған қойылымдар мен мәдени-көпшілік шаралар өткізілуде.
Қорыта айтқанда, Көрісу күні – халқымыздың бірлік пен бауырмалдыққа үндейтін тағылымды дәстүрі. Осындай игі бастамалар арқылы ұлттық құндылықтар жаңғырып, жас ұрпақтың бойына ата-баба аманаты – салт-сананың асыл дәні себіледі. Тамыры терең мәдениетіміз ұлықталып, елдік рухымыз асқақтай бермек.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





