Талдықорған қаласында «QAMQOR SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының қызметін цифрландыруға арналған арнайы семинар өтті. Аталған цифрландыру жұмыстары толық жүзеге асырылғанда салттық қызметтің барлық түрі халыққа ашық әрі қол жетімді болмақ.
Семинарға Астана қаласынан арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, облыстық дін істері және қалалық ішкі саясат бөлімі мен басқа да саланың басшылары, сондай-ақ, аймақтағы ауыл әкімдерінің орынбасарлары мен аудан, қалалардың бас имамдары қатысты.
Жиында сөз алған ҚМДБ «Қамқор-Шарапат» орталығының директоры Мейрамбек Рсымовтың айтуынша, «Qamqor-Sharapat» орталығы көпшіліктің сұранысы бойынша 2020 жылы құрылған. Бұл негізінен жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу және жалпыға ортақ мәдениет қалыптастыруға бағытталған. Қазір еліміздің әр аймағында филиалдары бар. Бүгінде орталықта жаңа технологияның көмегімен дүниеден өткен адамдарды жерлеу рәсімдерін жеңілдету және зират көтеру ісін бір іздендіру бойынша цифрландыру жұмыстары қолға алынған.
– «Өткен жылы діни басқарма жанындағы «Уақып» қоғамдық қорының қолдауымен және білікті IT мамандарымен бірлесіп, зираттарды цифрландыру жобасы жасалған болатын. Бүгінде осы жоба бойынша еліміздің 6 қаласында тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазір Астана, Шымкент қалаларында жерлеу орындарын тіркеу жұмыстары аяқталды. Енді жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарына қарасты зираттарды электронды жүйеге енгізіп, платформаны іске қосу жоспарлануда», – деді Мейрамбек Қабылбекұлы.
Діни басқарманың «Шарапат Дижитал» ЖШС директоры Еркін Тойжановтің сөзінше, қазір цифрлы технологияны кеңінен қолдану заман талабы. Ал, зират басындағы цифрландыру әрбір адамның өмірден өткен әке-шешесі, ағайын- туысының қандай зиратта және қай бұрышқа жерленгенін анық аңғартады. Сонымен бірге жерлеу бойынша көрсетілетін барлық қызметтерді бір жүйелендіреді. Нақтырақ айтқанда, әр адам мобильді қосымша арқылы «Jerleu» дегенге кіріп қайтыс болған адамның аты-жөнін терсе, барлық мәліметтерді біле алады.
Сөз кезегінде Жетісу облыстық дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Асқарұлы бұл бастама негізінен жерлеу рәсімдерінде маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, салттық қызметтерді бірізділікке түсу бойынша атқарылатын цифрландыру жұмыстарын қолдайтынын жеткізді.
Айдын КӘЛІМХАН





