Тіл сарайында Мемлекет басшысының қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша берген тапсырмасына орай ашық талқылау жиыны өтті. Шараға І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филолог ғалымдары, арнаулы оқу орындарының оқытушылары, Талдықорған қаласындағы мектептердің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары қатысты.
Жиынды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев жүргізді. Ол өткен жылы өңірде латыннегізді әліпби бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бүгінгі өткізіліп жатқан талқылаудың еліміздің болашақ жазуын қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, қатысушыларды ойларын ашық білдіруге шақырды.
Жиынға қатысушыларға латыннегізді қазақ әліпбиінің төрт нұсқасы ұсынылды. Олардың біріншісі бүгінге дейін бекітілген латыннегізді әліпби, екінші нұсқа осы бойынша жетілдірілген акут жобасы, үшіншісі умлаут, төртіншісі аралас жоба. Қа-тысушылар осы аталған нұсқалар бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Алғашқы сөзді І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының деканы, (PhD) философия докторы Айна Рахимова алды. Ол әліпбидің умлаут нұсқасы қазақ тілінің заңдылығына толықтай сәйкес келетінін, бұл жобаны тіл институты ғалымдары әбден зерделеп, 2008 жылы ұсынғанын тілге тиек ете келіп, өзінің осы жобаны таңдайтынын жеткізді. Ал әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлов бұған дейін бекітілген латыннегізді әліпбидің жетілдірілген нұсқасы акут жобасының қолдануға ыңғайлы екендігін алға тартты.
Ұсынылған төрт жоба да «Бір дыбыс – бір әріп» принципіне сай жасалған. Тек бұған дейін бекітілген нұсқада 32 әріп болса, ұсынылып отырған соңғы үш жобада 31 әріп қарастырылған. Демек, «ч» әрпі алынып тасталған. Осы орайда қатысушылар тарапынан «қазір кең қолданыстағы «чат» деген сөзді қалай айтамыз» деген сұрақ туындады. Бұл сауалға жауап берген Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент), филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Сарбасова:
«Латыннегізді әліп-биге көшудегі мақсатымыз – тілімізді байыту, санамызға сіңіп кеткен орыс сөздеріне тәуелділіктен арылу, қазақша дұрыс сөйлеуді қалыптастыру. Сондықтан да «чат» сөзін дұрыс айта алмай қаламыз деп қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, оның қазақша аудармасын, баламасын қалыптастырамыз. Сол арқылы қазақ тілінде таза сөйлеп, өзге тілдің ықпалынан шығамыз», – деді.
Шараға қатысушылар жекелген «і, и, ы, у, ү, ұ» әріптеріне, диакритикамен берілген таңбаларға қатысты да пікірлерін білдірді. Жиын соңында барлық қатысушы бір-бір нұсқаны таңдап, ол туралы ойын жазып қалдырды.
А. ТОПАНТАЙҚЫЗЫ





