Жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаздар қауымы бас қосатын келелі тамыз кеңесі білім беру мекемелерінің жеткен жетістіктерін айқындайтын көркемдік маңызға ие көрмені тамашалаудан бастау алды. Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан бұл шараға ауданның білім саласының қызметкерлері қатысып, өзекті мәселелер төңірегінде маңызды ойларын өрбітті.
Күн тәртібінде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру аясында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н. Оралханова кең көлемді баяндама жасады.
– Ауданда жалпы білім беретін 43 мектеп жұмыс істейді. Білім мекемелеріндегі оқушы саны – 37596. Ауданға қарасты 25 елді мекенде мектеп жоқ. Осы себепті, 2635 оқушы тасымалданып оқытылады. Биыл 1350 жетім, жартылай жетім, жағдайы төмен отбасы балаларын тегін ыстық тамақпен қамту үшін бюджеттен 70 млн. теңге бөлінді. Барлық мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына білім мекемелеріміз толық дайын, – деген бас баяндамашы бұдан әрі республикалық «Мектепке жол!» акциясы аясында 251 баланы мектепке дайындауда демеушілік көрсетілетіндігін тілге тиек етті.
Баяндамадан соң тамыз кеңесіне қатысушы білім мекемелерінің басшылары жарыссөзге шығып, білім-тәрбие турасындағы толғамды ойларын ортаға салды.
Тамыз кеңесін қорытындылаған аудан әкімі Рыскелді Сатбаев:
– Өткен оқу жылында аудандық білім беру мекемелерінің жетістіктерін мониторингілеу мақсатында сырттай бағалауға 4-9-11-сыныптары қатысты. Нәтижесінде ауданымыз ең төменгі 46,5 балл көрсеткішін көрсетті, – деп мектеп басшыларына білім берудің барлық деңгейінде математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейтуді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, спорттық секциялардың да жұмысы көңіл көншітпейтіндігін айрықша атады.
Жалпы білім беру саласының жетістігімен қоса кемшілігін де қалтарыста қалдырмаған Рыскелді Ахметқалиұлы аудан ұстаздарын алдағы Білім күнімен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Сондай-ақ, жас мамандарды мұғалімдер қатарына қабылдап, Сенімхат тапсырып, бірқатар ұстазды білім беру саласындағы жетістіктері үшін Алғыс хатпен марапаттады.
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы




