Батыс мәдениеті кімді болсын қызықтырмай қоймайды. Оның ішінде америкалық мәдениет тоқсаныншы жылдары күнделікті өмір салтымызға ене бастады. Жаңа тенденцияның қалыптасуына мәз болған бала «juicy frut» қаптамасын, «поп» музыкалық кассеталарды және импорт киім-кешекті жинай бастады. Біздің кейіпкеріміз Темірлан Омарқұлов та батыс әлеміне қызықты. Сол мәдениетті сезінгісі келді. Солар сияқты өмір сүруді ойлады.
Кейіпкеріміз арманына жету үшін танымал мәдени алмасу бағдарламасы «Work and Travel» арқылы АҚШ еліне аттанды. Ол бағдарлама негізінде жазғы демалыс кезінде төрт ай жұмыс істеп, азын-аулақ ақша табу мен саяхаттау үшін Америкаға ұшты. Айта кетерлігі, елімізде жыл сайын аталмыш бағдарламаға 1500-ден аса студент өтініш білдіреді екен. Бағдарлама АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауы нәтижесінде жүзеге асады. Барлық қатысушы АҚШ-та жүрген уақытқа «Exchange Visitor» статусын және жұмыс істеуге ресми рұқсат алады.
Темірлан бала күнінен ковбой мен үндістердің мекеніне баруды армандады. Мектеп қабырғасында жүріп фильмдер арқылы ағылшын тілін үйренді. Университетке түскен соң «Work and Travel» бағдарламасы туралы естіп, арманымды орындаймын деп алдына мақсат қойды. Идеясын жүзеге асыру үшін қосымша жұмыс жасап, қаражат жинай бастады. Бірақ, оған ең қиыны – ата-анасының рұқсатын алу болған сияқты. Қай ата-ана болмасын перзенті үшін алаңдайтыны белгілі. Бұл туралы Темірлан:
– Ең алдымен, атаанамды көндірдім. Ойымды қалай айтсам екен дедім. Елден жыраққа әке-шешенің рұқсатын алмай кеткім келмеді. Оларға ойымды, мақсатымды түсіндірдім. Бірден емес, бірнеше күн ойлана келе олар да келісті. Қаржылай қолдау да көрсетті. Өзім қосымша табыстарымды қосқанда 2100 доллар жиналды. Үшінші курс оқып жүргенімде құжаттарымды жинап, тапсырдым. «Өттің» дегенді естігенде қуанышымда шек болмады, – деген ол арманына бір табан жақындай түсті.
Арада 5 жыл өтсе де Қазақстаннан АҚШ-қа дейінгі ұзақ әуежолы әлі есінде екен. «Құдды кеше ғана болғандай», деп еске алды. Ковбойлардың мекеніне қондық. Ұшқышқа көрсетілген қошемет пен Техастың жылы ауа райы. Ол жерге ұшып келгенімде жағдай мен ойлағандай жаман емес екен. «Purple pie» кафесінде жұмыс таптым. Американы бағындыруды ыдыс жуушы ретінде бастадым. Үстеме жұмыс істегендіктен оңай болмады. Бірнеше апта өткен соң аспаздыққа қызыға бастадым. Аспаз ретінде бақ сынайын деп шештім. Қиын емтиханды тапсырған соң асүйдегі үшінші аспаз болдым. Америкалық арман». Көпшілік Құрама Штаттарда тек жұмысшы болып істеуге болады деп ойлайды, бірақ ол қате пікір,– дейді кейіпкеріміз. – Жұмыс көптігінен бұрын әртүрлілігімен ерекшеленеді. Мысалы, мен аспаз болдым, қарапайым тамақтарды әзірледім. Ал менің аспаз курсын бітірген танысым су-шеф, яғни, бас аспаздан кейінгі адам болып жұмысқа тұрды. Алайда, студенттерге өз бетімен жұмыс іздемеуге кеңес беремін. Арнайы компания ларға жүгінген абзал. Себебі, жұмыс табу қиын және кейбір сайттар сені алдап, соңында ақшасыз қалдыруы мүмкін, – деген ол барынша бәрін зерттеп барып, өзіңе сенімді болғанда ғана батыс елін бағындыруға кеңес береді.
Темірлан Омарқұловтың айтуынша, бағдарламаның пайдалы тұстары көп. Ең бастысы, жақсы табыс, ағылшын тілін жетілдіріп, жаңа мәдениет пен америкалық қоғаммен танысуға болады. Біз қайда жүрсек те батыс жайлы естиміз. Онда бәрі қызығатындай соншалық не бар екенін барлығының білгісі келеді. Аталмыш бағдарлама сол қызығушылықты жүзеге асыруға серпін береді.
– Менің мамандығыма қатысы болмаса да, қызмет көрсету саласында жұмыс істеген кезд е көп нәрсе үйрендім. Қазақстан мен АҚШ-та қызмет көрсетуді үйрету деңгейі жер мен көктей. Мен тұтынушыға жоғары деңгейде қызмет көрсету, олармен қалай сөйлесу керектігін, қарсы алу мен шығарып салуды, тауарды сатып алу үшін қандай сөздер айтуды үйрендім, – дейді ол.
Студенттер жұмысқа келгенде ең адымен туындайтын қиындық – салық екен. Өйткені, Америкада барлық нәрсеге салық алынады. Кейіпкеріміз оны төлейтіндей ешқайда бармады. Десе де, жалақы алған кезде белгілі бір сомада ақша ұстап қалыпты. Мысалы, 1200 доллар табыс тапты десек, қолға таза 900 доллар алуы мүмкін екен. Темірлан бағдарламаға 1200 доллар жұмсады. Елге 6700 доллармен қайтқан. Барлық тапқанын ата-анасының қолына ұстатты. «Арманым әкем мен анамның арқасында орындалды» дейді.
Кейіпкеріміз бұнымен тоқтап қалмай, «EXPO-2017»-де ерікті болып, ол жерден екі грамотаны еншіледі. Диплом алған соң Көксу ауданында тәртіп сақшысы болып біраз уақыт қызмет атқарды. Қазіргі уақытта санитарлық-гигиеналық қадағалау және техникалық талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің жетекші маманы қызметінде. Темірлан Омарқұлов батысты бағындыруын тоқтатпайтынын жеткізді. Жас саяхатшының қызық та қиын ісіне табыс тілейміз.
Еңлік АРЫҚБАЙ





