Екі жыл сайын Мажарстанда Тұран халықтарының құрылтайы өтеді. Күллі әлемге мәшһүр болған бұл жиын неге Еуропаның ортасында ұйымдастырылады? 2006 жылы мажар антропологы Андраш Биро Жолт өз халқының түп-тамырын табу үшін генетикалық сараптама жүргізеді. Орталық Азиядағы қырық шақты халықтан сынама алынады. Мына қызықты қараңыз, олардың ең жақын туысы Костанай облысында тұратын «мадиар» руының қазақтары болып шықты. Олардың арасында «genetic contact» барын ғылым растайды. Өстіп, ХІХ ғасырдың ортасынан келе жатқан мажарлардың шығу тегі туралы қызу тартыстардың бәріне нүкте қойылады. Осының құрметіне 2007 жылы Қостанай облысының Жангелдин ауданында «Ғасырлардан кейінгі кездесу» атты алғашқы құрылтай өтті. Ал бір жылдан соң Мажарстан қазақ бауырларын құшақ жая қарсы алды. Андраш Бироның ұлы арманы – тұтас түркінің басын қосу. Сондықтан 2010 жылы Будапеште түркі тектес 14 елден және Жапониядан делегаттар жиналды.
– Андраш мырза, Сіздің мажар мен қазақтың қандас екені жайлы дерегіңіз әлемге бомба жарылысындай әсер етті. Әлі күнге баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде талқылап, тартысып жатыр. Біреулер құптайды, біреулер жоққа шығарады. Сонымен, «Мажар деген кім?» деген сұраққа жауап беріп көрсек?
– Біз бұл сұрақтың жауабын өте ұзақ іздедік. Мажар халқының тамыры Шығыстан тартылатыны анық. Оны біздің тарихи естеліктерімізден, аңыз-әңгімелерімізден байқауға болады. Сол аңыздардың бірінде ағайынды Хунгар мен Мажар аң аулап жүріп, бір бұғының соңына түседі, садақпен атса жебе дарымайды, найза лақтырса тимейді. Аңның соңында бірнеше апта жүреді, ақыры ағайындының біреуі болдырып, жолда қалып қояды. Ал екіншісі болса, сиқырлы бұғының соңына ілесіп, шалқар көлдері, ормандары мен таулары бар керемет жерге кез болады. Қасиетті аң өзін жаңа мекенге жеткізгенін түсінеді. Назар салыңыздар: бұл аңыз бойынша ғұн мен мадярлардың шығу тегі бір болып келеді. Бұл аңыз ХІІІ ғасырда жазылып алынған, демек, одан әлдеқайда ертерек шыққан болса керек. (Қазақтарда да осыған ұқсас. ежелден келе жатқан Мадиар мен Құдияр туралы аңыз бар).
– Жақсы, ғұн-мажар туыстығын аша түсетін қандай ғылыми негіз бар?
– Батыс Еуропа халықтары біздің елімізді «Хунгари» – деп атайды.
Бұл біздің ресми атауымыз. Көрші славяндар өз ыңғайымен «венгрлер» дейді, бұл «оногур» – «ғұндардың құрамына енген он тайпаның одағы» деген сөзден туындап отыр. «Он» – барлық түркі тілдерінде «он» санын білдіреді. Оқырманға бір нәрсені түсіндіре кеткім келеді, «қырғыз-қайсақ» секілді «венгр» деген де ұлт жоқ. Біз – мадиярмыз. «Хунгари» мемлекеті деген ресми атауымен бірге, қолданыста Мадьярорсаг, яғни, «Мадияр елі» деген де атауымыз бар. Қазақтар ертеден бізді мажар, біздің елді Мажарстан деп кеткен.
– Ғұндар мен мажарлардың географиялық орналасуы ше?
– Дөп! Әуелде Еуропаның ортасын ғұндар мекендеген. Атилланың (Еділ патша) өлімінен соң мұрагерлерінің арасында араздық туындайды. Осы алауыздықты герман тайпалары пайдаланып, ғұндарға қарсы шықты. Атилланың империясы құлап, ғұндардың бір бөлігі кері кетті, бірақ ата-бабаларының қонысы болған Орталық Азияға жете алмады. Олар солтүстік Кавказ бен Қара теңіздің солтүстік жағалауына қоныстанды. Бұл ақпарат армян деректерінде тіркелген. Көп ұзамай шығыстан көшпенділердің жаңа тайпалары көптеп келіп, қазіргі Хунгаридың барлық жері мен көрші елдердің территориясы енген үлкен мемлекет – Авар қағанатын құрған. Авар қағанаты құлағаннан жарты ғасырдан аса уақыт өткенде, атап айтқанда, 896 жылы Карпат бассейнін Арпад ханы бастаған мажарлар бағындырады. Сол кездегі Византия деректерінде олар «түркілер» деп жазылған. Арабтар мен парсылар оларды мажарлар немесе мажирлар деп жазыпты. Мажарлардың көшпелі болғаны, киіз үйде тұрғаны, қажет жағдайда қалың әскерді қолма-қол жинап алатыны жөнінде анық деректер бар. Жаңа жерде өз мемлекетін тез орнатуы – мажарлар күш-қуатының айқын дәлелі. Еуропа тарихына «Әулие хандар ордасы» ретінде енген Арпад әулеті бұл мемлекетті төрт ғасыр бойы билеген.
– Атилла империясы, Авар қағанаты қай тілде сөйлеген?
– Ғұндар, аварлардың қай тілде сөйлегені жайлы нақты жауап жоқ. Гұн тілінен көптеген сөздер сақталған, бірақ олар рунамен жазылған. Авар қағанатының тілі де нақты анықталмаған, рас, авар кезеңі жөнінде ақпарат көбірек. «Олар түркі тілінде сөйледі» деген пікірді көп филологтар қолдайды. Ал мажар тілі барлық еуропа тілдерінен түбірімен ерекшеленеді. Оны финн-угор тобына жатқызып жүргендердің тұжырымына күмән көп. Мажарлар түркі-бұлғар тайпаларына ұшырап, олардан көшпенділер мәдениетін қабылдаған,– дейді. Бірақ, деректер сәйкес келмейді. Тіпті ДНК зерттеулері біздің финн-угор этностарынан алшақ екенімізді көрсетіп, қызықты нәтиже беріп отыр, біркелкі галлотоптардың сәйкестігі бір-екі пайызды ғана құрайды. Ғалымдардың көбі, әсіресе археологтар мен антропологтар мажарлардың кескін-келбеті, мәдениеті түркі халықтарына тән екеніне ойысып барады. Ол Ұлы дала дәстүрімен және скиф, ғұн, авар, секілді Орталық Азия жерін ежелден мекендеген халықтардың мәдениетімен ұқсас. Тағы бір қызықты дерек: мажар халқының ең құнды жәдігері – Мажарстанның Қасиетті тәжінде «ГE BITZAC NIУФПC КPAЛHC TOYPKIAC» деген жазу бар. Тәждің тарихы құнды мәліметтерге толы, әрине, бірақ айтпағым басқа. Көне грек зергері ойған жазу: «Геза, түркі жерінің діндар патшасы» деп оқылады. Неге византиялықтар мажарларды «түркі» деді, неге мажар патшасы өзіне тарту етілген тәжді қабыл алды?
– Ал антропология не дейді?
– Біз Карпат бассейнінде мажарлар қоныстанған ІХ ғасырдың соңы мен Х ғасырдың басына қатысты зираттардан 600-ден астам адамның бас сүйегін зерттедік. Антропологиялық өлшеулердің көрсетуінше, ежелгі мажарлар Орталық Азияда тұрған түркі халықтарына, Батыс-түркі қағанаты мен әртүрлі түркі тайпалары көшіп-қонып жүрген солтүстік Кавказ халықтарына қатты ұқсас болған. Зерттеулер барысында орталық Орал, Еділ өңірі, Азов, Қырым маңынан табылған сүйектермен ұқсастық байқалады. Бұл – мажарлар Еуропаға келген жол. Әрине, өткен мың жылда мажарлардың да, түркілердің де антропологиялық ерекшеліктері біршама өзгерген.
– Яғни, тек осы материалдарға сүйеніп, мажар мен түркілер генетикалық тұрғыда туыс дей салуға болмайды ғой?
– Мен жүйелі жолды құптаймын. Тек қана бір ғылымның негіздеріне сүйенуге болмайды. Тарихты, археологияны, антропологияны, халық ауыз әдебиетін, тіл білімі ғылымын бірегей салыстырып, зерттеу керек. Тек мұқият сараптамадан соң ғана қорытынды жасалуы тиіс. Мадярлар мен қазақтардың ортақ сөздері көп, өлеңдері мен әуендері өте ұқсас, антропологиялық ұқсастықтары да байқалады, кейбір аңыздары тура келеді. Мұның бәрі екі халықтың туыстығын растауға жеткіліксіз еді, бірақ соңғы күмәнді генетика жоққа шығарды. 2006 жылы мен Қостанай облысына ғылыми экспедиция ұйымдастырдым, ол жақта арғын руының құрамына кіретін мадиар руы бар. Y-хромосомасын сараптаған соң біздің мадяр атауымыз бен мадиар руының атауы тек ұқсастық қана емес, жалпы генетикалық байланысқа негізделгені белгілі болды. Жоғарыда айтылғандарды қорыта келіп, мадярлар түркілерге бауырлас халық екені, тек тағдырдың тәлкегімен бауырларынан ажырап кеткені, сөйте тұра өздерінің ежелгі тамырын ұмытпағаны белгілі болды. Айтпақшы, мадиар руы қазақтың басқа да ірі руы – қыпшақтардың арасында да бар, бірақ олар Ресей Федерациясының аумағында тұратындықтан әзірше сараптамалар жүргізілмеді.
– Қыпшақтар туралы. Қотан ханның басшылығымен 13 ғасырда моңғолдардан қашып Еуропаға барған, қазір сіздің елде тұрып жатқан қыпшақтар бар. «Мажар мен қазақ туыстығының күретамыры осылар», – деген де ой бар. Мадяр тілін түркілендірген, жалпы көшпелілер мәдениетін енгізген солар екеніне кей ғалымдар шүбәланбайды.
– Мен ондай тұжырымға асықпас едім. Көшпелілердің мәдениеті мажарларға бұрыннан тән, өйткені олардың өздері – Ұлы дала көшпенділері. Сондықтан да құрылтайда көріп жүргендеріңіздің бәрі бізге етене жақын нәрсе. Мадярлар бірнеше ғасыр бойы Еуропаны ен жайлаған, қыпшақтар Мажарстанға келіп, біздің бабаларымызға қосылған. Бүгін біз бір халықпыз. Олар өздерін құн деп атағанын айта кету керек, олар батыс Дешт-и-Қыпшақтан шыққан.
– Қазақстанмен генетикалық байланысты Сіз орнаттыңыз, ал ғылыми байланыс ше? Сіздің еңбектеріңізге қызығушылық бар ма?
– Әлбетте! Қазақстанмен біздің байланысымыз өте тығыз. Екі жыл бірге еңбек еткен профессор Оразақ Ысмағұлов үлкен көмек көрсетті, сонымен қатар мен Қазақстанның Орталық мұражайымен де жұмыс жасаймын. Менің әріптесім, Хунгари жаратылыстану мұражайының қызметкері Агнеш Куштар Абылқайыр ханның бет-әлпетін қайта өндеуден өткізді. Бұрын бұл мүмкін емес еді. Мадяр антропологы Тибор Тот мадиар руы тұратын Торғай аймағына 1965 жылы келген болатын, бірақ Кеңес өкіметі зерттеулер жүргізуге кедергі жасады. Қазір ғылыми ізденістерге барлық мүмкіндіктер бар.
– Сіз қазір үнемі түркі құрылтайларын өткізіп келесіз. Бұрын мұндай жиындар маңызды саяси шешімдер қабылдау үшін шақырылатын. Сіздің құрылтайларыңыздың мақсаты қандай?
– Құрылтай қазір Хунгаридың бет-бейнесіне айналды, халық оны асыға күтеді. Біздің ең басты міндетіміз – өз отанымызды гұн-түркі халықтары өкілдеріне көрсету, оларды салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен, ұлттық спорт түрлерімен, ұлттық тағамдарымызбен, халық ауыз әдебиетімен және мадярлардың ұлттық өнерімен таныстыру. Әдетте біз түркі елдерінен тарихшыларды, этнографтарды, журналистерді шақырамыз, әр делегацияның құрамында фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер болады. Концерттер, ғылыми пікірталастар өткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, адамдар мәдени туыстықты өз көзімен көріп, біздің ортақ тарихымыз бар екенін түсінеді.
– Сіздің отандастарыңыз алыстағы Қазақстаннан аяқ астынан табылған туыстарын қалай қабылдады?
– Өте жақсы! Мажарлар өзінің атақонысы қай жақта екенін біледі. Қазір біз Қазақстан жайлы, басқа да түркі елдері мен халықтары туралы материалдарды үнемі жариялап тұруға тырысамыз. Мадярлар Қазақстанға айрықша қатты қызығушылық білдіруде, өйткені, дәл осы жерде біздің ең жақын туыстарымыз – мадиарлар тұрады. Өкінішке қарай, әзірше қазақ-мажар сөздігі жоқ. Тікелей әуе қатынасы да болмай тұр. Соған қарамастан Сіздің елге, оның мәдениетіне, тілі мен әдет-ғұрпына қызығушылық өсіп келеді. Будапеште өз күшімізбен қазақ күресінің үйірмесін аштық, қызыққан жастар қатары көбейіп келеді. Будапештен ресми делегация аттанып, Қостанай облысының Саға ауылына барып, өзінің тарихи отанына көрсеткен сый-құрметі ретінде ескерткіш орнатты. Салтанатты жиынға Венргия сыртқы істер вице-министрі Ерно Кешкен, осы елдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Имре Ласлоцки, мадяр парламентінің депутаты Мартон Дьондоши, өзім басқарып отырған «Мадьяр-Тұран» қоғамдық қордың қызметкерлері қатысты.
– Сіз символикалық ескерткіш орнатқаныңыз жайлы айттыңыз. Оқырмандарға түсінікті болсын, ол қандай және нені білдіреді?
– Бұл Карпат еменінен жасалған, биіктігі 9 метрлік мүсін. Ағаш шебері Шандор Немеш қолдан шапқан. Ежелгі түркі түсінігі бойынша, бүкіл әлем үш бөлікке бөлінген: төменгісі о дүниені білдірсе, ортаңғысы – тірілер патшалығы, жоғарғысы – аруақтар әлемі. Олар бір-бірімен өмір ағашы арқылы бірігеді. Шандор Немештің идеясы – қазақ-мажар туыстығы ажырамасын, мәңгілік бірге болайық деген арман. Біз оны «Бәйтерек» деп атадық.
– Қазақтар өз руын, жеті атасын жатқа біледі. Мажарларда шежіре бар ма?
– Бізде руға бөліну жойылған. Арпад ханға жеті тайпаның ілесіп келгені, жалпы мажарлар этногенезіне он шақты тайпаның қатысы бары белгілі. Арпад әулетінің хандары руаралық қақтығыстардан қалжыраған ғұн мен аварлардың қателіктерін ескерген. Олар ұсақ тайпалардың бәрін ең ірі тайпа – мажарлармен араластырып, әр аймаққа бөліп тастаған, содан бірнеше ұрпақтан соң жаңа этнос қалыптасқан. Әрине, ежелгі ру атаулары халық арасында әлі сақталған.
– Қызықты әңгімеңізге рахмет!
Қайрат БАЛТАБАЙ,
журналист.





