Балалық бал дәуреніміз өте қызықты өтті. Шаршау дегенді білмейтін едік. Үшінші сыныпта оқып жүргенде егіс даласына апиынның арамшөбін жұлуға барғанымыз есімде. Қас қарайғанша арамшөптерді жинап, үйге қайтатынбыз. Сарымсақ жинауға баратынбыз. Сегізінші сыныпты бітірген соң Жаркент қаласындағы педучилищеге оқуға түстім. Қыркүйек айынан бастап жазиралы Жаркент өңірінің жүгерісін жинауға аттанатынбыз.
«Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшары елді мекендерінің бәрінде болдық. Жүгері жинаудың шебері атандық, еңбекті ел еледі.
Екінші курста оқып жүргенбіз. Жүгері жинау науқаны аяқталатын кез еді. Менің курстастарым түскі тамақты егіс басында ішеміз деген ниет тастады. Тамақ ішіліп болған соң барлық ыдыс-аяқты бір жерге қойдық. Кешке қайтатын кезде оларды сыңсыған жүгері ішінен таба алмай қалдық. Қараша айының аяғында қалаға оқуға қайтатын болдық. Барған жерде еселі еңбек етіп, көп ақша таптық. Топ старостасы болғандықтан ол ақша менің қолымда еді. Жатақханаға барған соң бәріне таратып бермекші болдым. Бір кезде қойма меңгерушісі «Қызым, жоғалған ыдыс-аяқтарды төлейсің», – деді де мені кетіп бара жатқан автобустан түсіріп алып қалды. Қарыз ақшаны төлегім келмей тұр, кейін тауып алады деген ой бар. Қырманда жүгері аршыған апаның қасына келіп отырдым да не істесем болады деген ойға баттым. Кенет қырманға бір машина келіп тоқтады. Апа «басшылық келді» деді. Мен «Бұл кім?» деп сұрадым. «Бұл Головацкий» деді. Бүкіл ел тып-тыныш жұмыс істеп отыр, бәріне сәлемдесіп шықты, жағдайларын сұрады. Қуанғаным сонша, қасына жүгіріп бардым. Орысша сөзімді реттеп ыдыс-аяқтарды жоғалтқанымды түсіндірдім. Қойма меңгерушісіне «мына жоғалған нәрселерді есептен шығарып таста» деп тапсырма берді де, қарапайымдылығы сонша, автобустан қалып қалған мені өзінің астындағы әдемі машинасымен Жаркент қаласындағы жатақханаға жеткізіп тастады.
«Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы. Бірнеше рет «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған Николай Никитич Головацкийдің қарапайымдылығы мені осылайша таңғалдырған еді. Көпке дейін осы оқиғаны мақтанышпен айтып жүрдім. Қазір ойлап отырсам, Николай Никитич өзінің еңбекқорлығымен, қарапайымдылығымен сол дәрежеге жеткен екен ғой. Не деген парасаттылық?!
Кішкене бала кезінен Житомирдегі балалар үйінде тәрбие алғандықтан өте еңбекқор, әділ адам болды. Сол кездегі адамдардың бойынан осы екі қасиет табылатын. Еңбексүйгіштік қасиет қазір де менің замандастарымның бойында бар, әлі күнге дейін сақталуда. Соны үнемі үлгі етіп айтып отырамын. Себебі бүгінгі ұл мен қыз оны білуі керек. Қазіргі ұрпақ ата-бабалары сияқты еңбексүйгіш болса екен деген әжелік арманым бар. Біз тәуелсіз елде өмір сүрудеміз, еңбек етуге шек қойылмаған. Ертеден қара кешке дейін қолынан ұялы телефоны түспейтін балаларымызды еңбек етуге үйретейік. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Жалқаулық – айырылмас азап, еңбек – қуаныш, осы нәрсені естен шығармайық!
Рая Батырханова





