Тетігі табылса жердің өзін орнынан қозғап жіберуді місе тұтпаған адам баласының шамасы келмейтін құбылыстар болады екен. Соның бірі – құдіретті уақыт десек қателесе қоймаймыз. Оның ағысын тоқтату Жаратушының ғана құзырындағы шаруа. Міне, сонау XX ғасырдың басында алғашқы саны жарық көрген «Жетісу» газеті де уақыт ағымына ілесіп, 100 жасқа келіп отыр. Бұл мақаламызда біз басылымның Алматы қаласында орналасқан ғимараттарын анықтап, оның кешегісі мен бүгініне көз жүгіртуге талпынып баққан едік.
Ұлы мәртебелі уақыттың тезіне төтеп бере алмай жұқарып, сарғыш тартқан газет тігінділерінен оның мекенжайын анықтаудың өзі әжептәуір әбігерге салғанын жасырып қайтеміз. Әріптерінің бірі оқылса, бірі өше бастаған. Осылайша алғашқы саны 1918 жылдың 21 маусымында жарық көрген «Жетісу ісші халық мұхбірі» газетінің мекенжайын анықтауға мүмкіндік болмады. Ал 1919 жылдың желтоқсан айында «Ұшқын» деген жаңа атпен шыға бастаған өлкелік газет Красноармейская мен Сайдоненко көшесінің қиылысында орналасты деген деректі тапқан едік. Ол кезде қаланың атауы «Верный» болғанын ескерсек, көшені табу қаншалықты күрделі болғаны айтпаса да түсінікті. Қаланың атауы 1921 жылдың 14 наурызында Түркістан Республикасы Орталық атқару комитеті жергілікті органдарының ұсынысы бойынша жердің тарихи атауымен алмастырылып, «Алматы» деп атала бастағанын айта кетуді жөн санадық. Сонымен, алғашында Казарменная деп аталып, Кеңес өкіметі Красноармейская деп өзгерткен көше сонау патшалы Ресейдің орта Азиядағы сенімді тірегі болған Верный қаласындағы Октябрь ауданына қарасты теміржол вокзалының тұсында орналасқанын білдік. Ол бүгіндері Мәсімхан Бейсебаев атымен аталады екен. Ал онымен қиылысатын Сайдоненко деген көше туралы Алматы қаласының архивінде ежелден еңбек ететін жандардың өздері де естімеген болып шықты. «Сол кезеңдерде бүгінгідей көше деген ұғым болмағандықтан кейбір үйлер сонда тұратын адамдардың тегімен (фамилиясымен) атала беруші еді. Бәлкім, «Сайдоненко» деген сондай отбасының тегі шығар…» – десті олар. Осылайша «Ұшқынның» мекенжайын анықтаудың мүмкіндігі болмады.
Бұдан кейін атауы өзгертілген «Бұқара» мен «Кедей еркі» газеттерінің редакциялары Карл Маркс пен Гоголевская көшелерінің қиылысында орналасты деген деректер анықталды. Бұл мекенжайды табу қиынға соға қойған жоқ. Себебі, Карл Маркс көшесі күні кешеге дейін ғұмыр кешсе, бұрындары – Штабная деп аталып, кейіннен Гоголевская, ақыр соңында Гоголь көшесі деп аталғанын өзіміз де білуші едік. Осылайша, Гоголь мен қазіргі Дінмұхамед Қонаев атындағы көшенің қиылысына жеделдете жеткенбіз. Алайда, көпқабатты тұрғын үйлардің арасынан осы бір кездері газет редакциясы болар-ау деген ғимаратты кездестіре алмай, тауымыз тасқа соғылды. Бәсе, қарыштап дамыған қалада өткен ғасырдың басындағы ағаш үйлер қайтіп сақталсын деп өзімізді жұбатқан болдық.
1922 жылдың тамыз айында «Тілші» деген жаңа атпен жарық көрген газет Капальский тракт пен Торговая көшелерінде орналасқан деп жазған екен. Осы Капальский тракт кейіннен Красногвардейская болып, тәуелсіздік жылдары сөз сүлейі Сүйінбай бабамыздың аты берілгенін анықтау қиынға соға қойған жоқ. Ал Торговая бүгінгі – Жібек жолы көшесі екенін архив қызметкерлері көрсетіп берді. Енді ғимарат мәселесіне келер болсақ, алғашқыдағы жағдай мұнда да қайталанған.
«Сталин жолы» газеті 1935 жылдан шыға бастаса, «Коммунизм таңы» 1954 жылдың ақпанынан жарық көргені белгілі. Бұл басылымдар бүгінгі Абай көшесіндегі 52-үйде орналасқан екен. 1955 жылы Алматы қалалық атқару комитетінің № 8 шешіміне сәйкес бұл көшеге данышпан Абай Құнанбайұлының есімі берілгенін тарихтан білеміз. Аталған мекенжайды дем арада тауып алғанбыз. Алматының ең даңқты даңғылы саналатын көшенің бойындағы ғимараттардың сәні мен салтанаты артып тұрғаны тағы аян. Төбесінде атынан тіл күрмелетін ағылшынша атауы бар көпқабатты ғимараттың ішінде сандаған мекемелер орналасқан болып шықты. Біздің газеттер дәл осында жұмыс жасады ма, жоқ әлде кейіннен салынған үй ме деген сауалды әйнегі жарқыраған заманауи ғимарат өз-өзінен алып тастаған. «Еее…» дедік те әрі қарай жылжыдық.
Бүгіндері бір ғасырлық ғұмырын тойлап отырған басылымның «Жетісу» атауы 1963 жылдың маусым айында жария болды. Бұл газеттің редакциясы қазіргі Жібек жолы көшесіндегі 50-үйде, Республикалық газет-жорнал баспасына тиесілі ғимаратта орналасқан болатын. Алматының атақты «Көкбазарының» қарсысынан орын тепкен Журналистер үйі жайлы аңызға бергісіз әңгімелер әлі айтылады. Шабыты қысса шарықтап кететін қаламгер қауымға тән талай оқиғалар осы жерде болғаны да мәлім. Зәулім ғимараттың алтыншы қабатын мекендеген «жетісулықтар» газеттің қара қазанын осы жерде біраз қайнатып, ұлт мүддесі жолындағы күрескерлік еңбектерін жалғастырған.
Осыдан кейін газет редакциясы Абылай хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысындағы облыстық партия комитетіне арналып салынған ғимаратқа көшіріліп, сонда біраз тұрақтады. Кейіннен ол төтенше жағдайлар комитетінің меншігіне өтіп, қазір Қазақстан тұрғын-үй құрылыс жинақ банкісінің мекеніне айналған. Облыс орталығы Талдықорған қаласына көшер қарсаңында «Жетісу» газетінің ұжымы қазіргі Алматы облысы әкімінің өкілдігі орналасқан желтоқсан көшесі, 112-үйде біраз тұрақтады. Тіршілігі күндіз-түні бір толастамайтын алып мегаполистің дәл ортасында тұрған бұл ғимарат біз үшін әлі де ыстық, әлі де аяулы.
Енді Талдықорғанға көшіп барған «Жетісу» газетінің ұжымы талды қаланың тамаша бір аймағы – демалыс саябағының қарсаңындағы Қабанбай батыр көшесі, 32-үйге қоныстанғанын жұртшылық жақсы бідеді. Ол таршылық жасағаннан кейін облыс әкімі Амандық Баталовтың мұрындық болуымен салынған Журналистер үйі – гүлденген Талдықорғанның көрікті бір ғимараты барша басылымдардың құтты мекеніне айналып отыр.
Алматы – Талдықорған
Қуат Қайранбаев





