Өсімдікті қорғау, қоректендіру және күтіп-баптау жұмыстарын жеңілдетіп, мол өнім алуға мүмкіндік беретін қарқынды бақтардың пайдасы көп. Кейінгі жылдары елімізде өнеркәсіптік бағбаншылықтың дамуына байланысты жеміс-жидек дақылдарының, әсіресе, алма ағашының өнімділігі жоғары көшеттері сұранысқа ие болуда. Осы тұрғыдан келгенде, заманауи агрокәсіпорын үшін дәстүрлі жолмен алынған қарапайым көшеттерге қарағанда, индустриялық сыныптағы көшеттерді отырғызу материалына көбірек қаржы жұмсау неғұрлым сенімді әрі пайдалы. Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының (ҚазӨҚжКҒЗИ) мамандары қарқынды бақтарды құрудың кешенді технологиясын әзірлеп, сынақтан өткізді. Технологияны әртүрлі климаттық аймақ және топыраққа қолдана отырып, жоғары сапалы кепілденген өнім алуға мүмкіндік туындайды.
Дайын қарқынды бақ жобасы қоршаған ортаға экологиялық қауіпті төмендете отырып, оның тиімділігін арттыратын озық агротехнологиялардың көптеген түрін қамтиды. Біздің бақтарымызда әртүрлі құс, ара, пайдалы микроорганизмдер бар. Осындай биологиялық балансты сақтау химиялық пестицидтер мен тыңайтқыштарды пайдалануды түбегейлі төмендету арқылы жүзеге асырылады.
Қарқынды бақтарда көшеттерді отырғызғаннан кейін 3-4 жылда мол өнім алуға мүмкіндік бар. Дәстүрлі бақтарда өнімділік орташа есеппен бір гектардан 5-10 тонна болса, қарқынды бақта гектарынан 70 тоннаға дейін өнім алуға болады. Қарқынды бақтар дәстүрлі бақтардан жеміс ағаштарының аласа болуымен ерекшеленеді. Бұл өнім жинауды және зиянкестерден қорғауды жеңілдетеді. Сонымен қатар, қарқынды бақта жеміс ағаштарын тығыз отырғызуға болады. Айталық, 1 гектарға 3,5 мың ағаш және инновациялық суару технологиясы қолданылады. Бұл мол өнім алуға септігін тигізері анық. Қарқынды бақтың жобасы геологиялық және климаттық факторларды, жер телімінің тарихы мен көрші бақтардың жағдайын ескере отырып жасалады. Жобаны дамытудың түпкілікті мақсаты – қазіргі жағдайдағы коммерциялық тиімділігін арттыру.
Десе де, дайын жеміс бағын қалыптастырудың өзі де біраз еңбекті қажет ететіндіктен бірқатар маңызды жұмысты атқаруға тура келеді. Ол үшін:
1. Зерттеу. Яғни, бақ отырғызылатын жер телімінің климатын, оның инфрақұрылымын, суару мүмкіндігін, топырақтың құрамын, жер телімінің тарихын тану, жер телімінің цифрлық картасын жасау.
2. Жобалау. Бақтың жобасын жасау, соның ішінде тамшылатып суарылатын бақтың сызбасын сызу. Шпалерлі негіздер мен бұршаққа қарсы торлы жамылғы, аралық жолдар, сұрыптау-плиткалық комбинациялар, желдің соғуы және басқа да техникалық құрылымдарды реттеу. Сонымен қатар, жобаның бизнес-жоспары жасалады.
3. Отырғызатын дақыл мен сұрыпты таңдау. Шекілдеуікті және сүйекті жеміс өнімдерінің каталогы, жергілікті және шетелдік серіктес питомниктердің өнеркәсіптік сұрыптарының кең ассортименті жасалады. Көшеттерді кедендік ресімдеуге де баса мән беріледі. Бүгінде еліміз жеміс-жидек өнімдерінің жартысынан астамын шетелден алып келеді. Бірақ, еліміздің бұл саладағы көрсеткіші де төмен емес. Әсіресе, оңтүстік өңірлері ішкі нарықты сапалы жеміс-жидек өнімдерімен толығымен қамтамасыз ете алады және оны экспортқа да шығаруға қауқарлы. Осы мүмкіндікті толық пайдалана алмай келеміз. Сондықтан отандық бақтардың өнімділігін арттыру, зиянкестер мен ауруларға төзімді сұрыптарды таңдап алып, көптеп өсіруіміз керек. Бұл тұрғыда ҚазӨҚжКҒЗИ «Дайын жеміс бағы» кешенді агротехнологиялық тәжірибесін қолдануға болады.
4. Индустрияық сыныптағы көшеттер. «Дайын жеміс бағы» жобасын іске асыру үшін дұрыс қалыптасқан бөрікбасты, дамыған тамыр жүйесі мен сабағы бар жоғары сапалы өнеркәсіптік сұрыптардың отандық және шетелдік көшеттерін пайдаланған жөн. Осы ретте көшеттерді дұрыс отырғызуға және сақтауға көп көңіл бөлінеді.
5. Бақ отырғызу. Бақтың құрылымын дәл жоспарлау және оның күйін бақылау үшін жоғары дәлдікті ұшқышсыз аппараттар (дрон) пайдаланылады. Жұмыстың басталуына дейін зертханалық жағдайда топырақ сапасын кешенді бағалау жүргізіледі. ҚазӨҚжКҒЗИ мамандары бақ отырғызу жұмыстарын жүргізуші мердігерді толық бақылайды. Мұндағы бақты интегралды қорғау жүйесі – арамшөптерден, зиянкестерден және аурулардан бақты қорғауға арналған технологиялар жиынтығын көрсетеді. Төзімді сұрыпты және дақылды таңдауда қорғаудың заманауи биологиялық әдісі енгізіледі. Осы тұста өнімді сақтау, жобаны экологиялық сараптау, өнімдерді сертификаттауға да көңіл аударылады. Суару және қоректендіру жүйесі – өсімдіктер үшін тиімді және тұрақты биологиялық қоректендірудің кешенді технологиялар жиынтығы. Ол топырақты тыңайту және оның құнарлылық қасиеттерін жақсартуға сеп болады. Көбінесе қоректік заттарды тамшылатып суару жүйесімен беру арқылы тиімді суаруға қол жеткізуге болады.
6. Арамшөптерден, зиянкестерден және өсімдік ауруларынан қорғаудың интегралдық жүйесі. Алманың негізгі зиянкесінің бірі – алма жеміс жемірі. Алдымен осы зиянкестен қорғанудың биологиялық әдісін табу керек. Көп жағдайда феромоннан шығатын иіс ересек көбелектердің мінез-құлқын өзгертіп, аналық-ұрғашы көбелектерді таба алмайтындай адастырады. Бұл зиянкестер санының күрт төмендеуіне алып келеді. Ол үшін тамшылатып суару әдісін қолдануға болады. Суарудың бұл әдісінде су дақылдың тікелей тамыр жүйесіне керекті мөлшерде есептеліп берілетіндіктен су, тыңайтқыш пен еңбек шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Оның тағы бір артықшылығы – топырақ эрозиясының алдын алады және сумен таралатын аурулар мен зиянкестермен зақымдалуын, арамшөптермен ластану қаупін азайтады. Қысқасы, қолданылатын барлық су өсімдіктің транспирациясына жұмсалады. Осы арқылы өсімдіктің қалыпты тыныс алуын қамтамасыз етеді. Тамшылатып суару жүйесінде арық арқылы суарумен салыстырғанда судың шығыны 20-50%, кейбір жағдайда 75-90%-ға кемиді. Демек, бұл әдіс экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да өте тиімді.
Қысқасы, жоғарыда аталған технологияны елімізде кеңінен тарату жеміс бақтарынан мол өнім алудың мүмкіндігін арттыра түседі. ҚазӨҚжКҒЗИ мамандарының осы саладағы тәжірибесі жұрттың көңілінен шығып жүр. Ендеше, осы әдісті пайдалана отырып сіз де өзіңіздің технологиялық және экологиялық жеміс-көкөніс бағыңызды жасауыңызға болады. Егер осындай жоспарыңыз болса, ҚазӨҚжКҒЗИ ғалымдары мен мамандары сізге көмектесуге дайын екендігін ескертеміз.
Әліби ДАРУБАЕВ,
Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин
институтының кіші ғылыми қызметкері





