Керуен күндердің көші тоқтаған ба, сірә?! Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы атанған, бүгінде жарық көре бастағанына бір ғасыр толып отырған “Жетісудың” босағасын алғаш аттағаныма 46 жылдың жүзі болыпты. Бәрі де күні кеше сияқты. Сонау 1972 жылдың жазында Алматы Жоғары партия мектебін бітірдім. Журналистика бөлімінде оқыдым. Оқуға жолдама берген Алматы облыстық партия комитеті өзінің басылымына қызметке жіберді. Ал газет болса, тарихы да, тағылымы да мол, республика мерзімді басылымдарының арасында беделі мен атағы зор, басқаларға үлгі, үйрену мектебі болып жүрген астаналық мақтаулы басылым еді.
Ол кезде газет редакторы ел журналистикасының аға буын өкілдерінің бірі, көрнекті қаламгер Әбдуәли Қарағұлов болатын. Жақсы қарсы алып, мені совет құрылысы бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті. Газетте баспасөздің майын ішкен, атағы дардай, сен тұр, мен атайын деген С. Ақ- таев, Б. Мусин, Ж.Темірбеков, М. Тұрапов, М. Жылқайдаров, Т. Сұртаев, Е. Зікібаев сияқты кілең сайыпқыран журналистер жұмыс істейтін болып шықты. Бұрын аудандық газетте істеген кезімде, кейін жоғары оқу орнында оқып жүрген шағымда жазған мақалаларым ауық-ауық шығып, оған қоса кейбір қызметкерлермен таныстығым бар мен осындай шығармашылық ортаға тап болғаныма әрі қуандым, әрі, шыны керек, жүрексіндім де. Өйткені қазақ баспасөзінің бір мықты ордалы отауында, ондағы марқасқа қаламгерлермен бірге қызмет ету мен үшін үлкен абырой, зор мақтаныш болса, оның жауапкершілігі де аз болмаған.
Сонымен, жұмысты бастап кеткен едік. Бөлім қызметкері болып Қалдыбай Иманбаев деген жасы мен қатарлы жігіт істейді екен. Өзін газеттегі жарық көріп жүрген материалдарынан білетінмін, жұмысын жақсы меңгерген секілді. Бөлімнің жоспарларымен, газеттің негізгі айдарларымен танысып шықтым. Ақылдаса келе жоспарларға түзету енгізіп, оны қайта жасадық. Жаңа айдарлар аштық. Сол кездегі редакция талабына сай қандай мәселелерді қамтитынымыз, оны қай аудандардан кімдердің жазатыны, оның орындалу мерзімдері нақты көрсетілді. Оны басшылықпен келісіп, бекіттіріп алдық. Осыдан соң бөлім жұмысы бір арнаға түсіп, көздеген мақсат деңгейінде жүріп жатты.
Журналист үшін қалыптасқан негізгі бір қағида бар. Ол – қазандай қайнап жатқан шынайы өмірді көріп-білу, адамдар ортасында болып, олардың іс-қарекетімен танысу, мұң-мұқтажын тыңдау, керек болса оның тағдырына араласып, көмек қолын созу, жақсы жаңалықты жұртқа жария ету, кемшілік көрсе дабыл қағу, сөйтіп билік пен халық арасында дәнекер болу борышы. Газет – өмір айнасы дейтініміз де содан. Егер олай болмаса қандай мықты журналистпін десең де талантың тұйықтала береді. Кабинетте ғана отырып оған қол жеткізу мүмкін емес. Оны өмірден қол үзу дейді. Мұның өзі қабілет пен шеберлікті шектейді. Сондықтан журналистің ауық-ауық іссапарға шығып, қоғамның тыныс-тіршілігімен танысуы, оқиға ортасында жүруі өте қажет. Тілшілер арасында “Бөрі мен журналисті аяғы асырайды” деген астарлы сөздің кейде айтылып қалуы да тегін емес.
Бұл бұрын да, қазір де бар талап. Осындай ой-мақсатпен мен газеттегі алғашқы іссапарымды өңірдің шалғайында жатқан Нарынқол ауданына жасағаным әлі есімде. Сол сапарда ауданның “Абай” атындағы совхозында, “Ленин” атындағы колхозында болдым. Диқандармен жолығып, олардың жай-күйімен таныстым. Шекараның шебінде шөп шауып, жинап жатқан пішеншілермен жүздестім. Сарыбастаудың қырқаларын, Сүмбенің сарғайып піскен егінді алқаптарын араладым. Осы іссапар барысында аудан мен шаруашылық басшыларымен де кездесіп, таулы өлкенің экономикасы мен мәдениеті, адамдардың әл-ауқаты жайында мол мағлұматқа қанықтым. Өзім жетекшілік еткен бөлімге қатысты болғандықтан, екі-үш ауылдық кеңестерде болып, олардың жұмыстарымен танысып, жергілікті депутаттармен кездестім. Осылайша Нарынқолда болған үш-төрт күн ішінде аудан өмірінен көп деректер мен фактілер алып, қойындәптерімді толтырып қайтқаным бар.
Газетте мұндай жоспарлы іссапарлар жиі болып тұрады. Оның мақсаты белгілі. Ал енді жоспарланбағандары да болады. Ол – кенеттен болған тосын оқиғалар, не тұрғындардың редакцияға хат жолдап, қоңырау шалып, көмек сұраған жанайқайы. Тілші мұндайда дереу жолға шығады. Жағдайдың анық-қанығын көзбен көріп біледі. Істің жағдайын оқырмандарға жария етеді. Сол арқылы биліктің назарын аударады, мақалада айтылған жайлар бойынша іс-шаралар қолданылуын талап етеді. Тіпті редакция жарияланған сын жайында белгілі бір мерзім ішінде тиісті орындардан жауап күтетін. Бірақ осы бір кеңестік кезеңдегі баспасөз талабы кейінгі кезде ескеріле бермейтіні өкінішті.
Осындай редакциядан көмек күткен оқырман хатының бірі менің де қолыма тигені бар. Редактордың тапсырмасымен сол хатты тексеруге барған едім. Хатта Шелек ауданында тұратын Г. деген мүгедек қыз қарт анасымен ескі, құлағалы тұрған үйде өмір сүріп жатқандары, осы қиын жағдайларын ауыл, аудан басшыларына бірнеше рет жазып, айтқандарына қарамастан, ешқандай көмек ала алмай отырғандары жазылыпты. Бардық. Аудан басшылары бұл жағдайды жақсы біледі екен. Бірақ мәселені шешпеген. Тілші келгеннен соң ғана іс оңға басты. Әлгі мүгедек қыз бен оның қарт анасына жаңа ғимаратқа көшіп босаған балабақша үйі берілетін болды. Осыдан бір ай өткен соң хат иесі жөнделген балабақша үйіне көшіп-кіргендерін айтып, редакцияға рахметін білдіріп, хат жазған. Өзі кітапханаға орналасқан қыз кейіннен газеттің штаттан тыс тілшісі болып, үзбей хат жазып тұрды. Міне, журналистің іссапарында мұндай сәтті, газет беделін көтерген жайлар да болып тұратыны әріптестеріме ақиқат.
Алғашқы редакторым Ә. Қарағұлов он төрт жыл бойы астаналық облыс газетінің басшысы болып, мен келген соң бір жылдан кейін, яғни 1973 жылы зейнеткерлікке шықты. Оның орнына сол жылдың шілде айында Пернебек Бейсенов келді. Республикалық “Социалистік Қазақстан”газетінде жиырма жылдан аса бөлім меңгерушісі болып еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған жаңа редактор “Жетісуда” он екі жарым жыл басшылық етті. Ол өзінің кәсіби шеберлігі мен күш-жігерін газеттің бұрынғы атақ-абыройын түсірмей, мазмұнды да ажарлы болып шыға беруіне жұмсағанын айтқан жөн.
Редакцияға қызметке келгеннен кейінгі төртінші, яғни 1976 жылы газеттің жауапты хатшысы болып тағайындалдым. Газеттегі өмірімнің жартысына жуығы әскерилерше айтқанда “штаб”деп аталатын секретариатта өткендіктен, мұндағы жұмысқа сәл толығырақ тоқталғаным жөн болар. Ол кезде баспаханаға жіберілген материалдар линотипте теріліп, қорғасынға құйылып, газет беттері қолмен жасалатын. Осыған орай беттерді оқып, қателерін түзету де ұзаққа созылатын. Баспаханалардың озық технологиялармен жарақтанбауы, қазіргідей жаңа жабдықтардың жоқ болуы газет шығару ісіне көп қиындық келтіретін еді. Сол кезеңнің машақатын аға буын қаламгерлер жақсы біледі. Қазіргі компьютер заманымен, әрине, салыстыруға келмейді.
Секретариаттың міндеті – материалдарды қабылдап алып, тергізіп, оны газет бетіне шығару ғана емес, сонымен бірге газеттің жақсы безендіріліп, көз тартарлықтай болуын қамтамасыз ету. Жаңалығы мол, мақаласы қызықты, безендірілуі әдемі басылымның оқырмандар тарапынан бағасы артық, құны жоғары. Сол үшін макеттерді түрлендіріп, өрнекті сызықтарды, әшекейлі әріптерді жиі пайдалануға тырысатынбыз. Ойлы очерктер мен әсерлі әңгімелердің тақырыптарын суретшілеріміз қолдан жазатын. Ал мерекелік нөмірлерге арнайы плакат пен коллаж жасатушы едік. Қос бетке өлеңдетіп жазылған тақырыптар да әдемі көрінуші еді. Мұның бәрі де мерекелік рух беріп, газет беттерін ажарландырып жіберетін. Мұндай нөмірлерді қолына алып оқыған оқырмандар да, өзге басылымдардағы әріптестеріміз де өз пікірлерін сүйсіне айтып жататын.
Сол кезде секретариатта алғашқыда Рақымжан Өтегенов, Марат Тоқашбаев істейтін. Бұрыннан тәжірибе жинақтап, бұл істің қыр-сырын меңгеріп алған жігіттер екен. Сызған макеттеріне басшылық тарапынан ескертпелер көп айтыла бермейтін. Бұдан кейін олардың орнын Рысбек Сәрсенбаев, Сейдолла Садықов, Көлбай Адырбеков, Бәкеш Әбдіханұлы, Жүніс Омаров басты. Бұлардың көпшілігі университетті жаңадан бітіріп келген жастар еді. Басында тәжірибелері жетпегенмен, кейіннен секретариаттың жұмысын “бұрқыратып” алып кетті. Секретариат жас журналистерді сынау алаңы сияқты еді, бірі келіп, бірі кетіп жататын. Бірақ бәрі де газет шығарудың жай-жапсарын үйреніп, жазу шеберлігін шыңдап, содан соң ғана бөлімдерге ауыстырылатын. Шынында да секретариат жас журналистерді үйрету мен шыңдаудың нағыз щеберханасы мен мектебі болды.
Жауапты хатшылығымның кейінгі жылдарында секретариатта Сырым Құлажанов, Шолпан Нұржауова, Шаяхмет Алжанбаев, Ерғазы Әсембеков істеді. Алғашқы үшеуі жоғары оқу орнын жаңадан бітірсе, Ерғазы аудандық газеттерде жұмыс істеп, ысылып келген болатын. Секретариаттың жұмысын бірден алып кетті. Кейіннен үлкен беделге ие болып, газеттің жауапты хатшысы болып қызмет етті.
Газетті безендіріп, айшықты етіп шығаруда фототілшілер мен ретушер-суретшілердің еңбегі зор. Олар макет сызушылармен бірлесе жұмыс істеп, газеттің сапалы әрі көркем болып шығуына көп үлес қосады. Мәселен, сол кезде осы газеттің фототілшілері болып жұмыс істеген Әскер Исақов, Нұрманбет Қизатов, ретушер-суретшілер Рүстем Жұмекенов, Кенжебек Барманбеков, Таужан Есбергенова, телетайпшы Мәстура Үсенова көп жылдар бойы осы ұжымда басылымның абыройын асыруға өздерінің лайықты үлестерін қосқаны аян.
Секретариатта пісіп-жетіліп, шыңдалған, одан соң бөлімдерде жазып-сызып, қаламы төселген көптеген жігіттер жылдар өте келе, еліміздің мықты делінген газет-журналдарының басшылары болғанын, қарымды қаламгер атанғанын риза көңілмен, сүйіспеншілікпен атап өткім келеді. Солардың қатарында Марат Тоқашбаев «Заң» газетінің, одан соң «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Рысбек Сәрсенбаев «Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғамының вице-президенті болса, кейін «Жас Алаш» газетінің бас редакторы болды. Сондай-ақ, Сейдолла Садықов ҚазҰУ-дің оқытушысы болған, бұл күнде Түркістандағы қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі , профессор. Көлбай Адырбеков «Түркістан» газетінің жауапты хатшысы, Талғат Сүйінбай “Егемен Қазақстан” газетінің Алматыдағы бөлімшесінің жетекшісі болды. Міне, осылай кете береді. Бәрін атап өту, әрине, мүмкін емес.
Осы орайда газеттің сапалы да мазмұнды шығуына атсалысқан сол кездегі машбюро мен корректорлар тобына бір ауыз жылы сөзімді айта кетсем артық болмас. Әр жылдары мәшіңкеде материалдарды қатесіз, сапалы етіп басатын Нұрбүбі Қыдырова, Сәуле Байғожаева, Әсем Тасыбекова, Гүлзағира Дәуренбекова, Гүлжамал Әбуғалиева және басқа да қыздар жұмыс істеді. Ал корректорлар тобында жоғары оқу орындарын бітіріп келген, қателерге қырғидай тиетін қырағы көз қыздар Баян Нұрғалиева, Күлтай Әділбекова, Ажар Әлиясқарова, Ұлбала Әлішева, Гүлім Жантемірова, Әлия Сейілханова, Қарлығаш Райымқұлова және басқалар болды. Соңғы уақытта жұмыс процесінің компьютерленуіне байланысты осы кәсіптің шеберлері атанған Роза Жексенбекова, Сақып Төкеева, Гаухар Дүйсенбаева, Жанат Тоқанова және өзге де қыздар компьютердің құлағында ойнайтын еді. Осылардың бәрі де газет шығару ісінде аянбай еңбек етіп, ұжымның сый-құрметіне ие болған жандар.
Газетте 14 жыл жауапты хатшы болып жұмыс істедім. Басылым тарихында сол кезге дейін осы қызығынан қиындығы мол ауыр жұмыста осыншалық ұзақ уақыт істеген адам менен бұрын болмаған секілді. Хатшылықтың оңай жұмыс емес, от пен судың ортасы екенін, соған орай жауапкершілігі де аса көп болатынын осы жылдар ішінде басымнан өткіздім. Басты міндет – газетті сапалы әрі мазмұнды етіп, безендіріп, уақытылы шығару болса, оған жету үшін көптеген ұйымдастыру, басшылық жасау, қадағалау жұмыстары қажет екен. Оған адамдармен жұмыс, тапсырма беру мен оның орындалуын бақылау сияқты толып жатқан күнделікті шаруалар тыным таптырмайды. Ақырында сонда ғана ісің ілгері басып, нәтижелі болмақ. Бұл – хатшылықтың бұлжымас қағидасы. Өз басым мойныма жүктелген осы ауыр жұмысты ойдағыдай атқара алдым ғой деп ойлаймын.
Сексенінші жылдардың ортасында редактордың орынбасары болып бекітілдім. Бұл қызметті сегіз жылдай атқардым. Оның да өз ауыртпалығы мен жауапкершілігі бар. Оны да біртіндеп игеріп, өзіме қарасты бөлімдердің жұмысына басшылық пен бақылау, тапсырма беру, қызметкерлердің дайындаған материалдарын оқу және редакциядағы өзге де қат-қабат істерге араласуға тура келді. Бұған қоса облыстық комиссиялардың жұмысына қатысып, олардың тапсырмаларын орындау және ол жайында газетке жариялап отыру міндеті бар еді.
1985 жылы газет редакторы ауысты. П. Бейсеновтың орнына Мамадияр Жақыпов келді. Ол да «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Мәкең жауапты іске белсене кірісіп, бұрынғы редактордың көптеген игі істерін ойдағыдай жалғастыра білді. Өкінішке орай, ҚазТАГ жіберген бір суреттің кесірінен жазықсыз жазаланып, қызметінен босатылды. Ал 1987 жылдың басында облыстық партия комитетінде қызмет істеп жүрген, басылымның өз адамы Баймолда Мұса газетке қайта оралды.
Тоқсаныншы жылдардың басындағы нарықтық экономика орнаған кездегі ауыртпалық, басқа да басылымдар сияқты, «Жетісу» газетіне де көп қиындықтар әкелді. Солай болса да газет халықпен байланысын үзген жоқ. Басылым әдеттегідей оқырманның сырласы, жанашыры әрі ақылшысы бола білді. Өліара шақтың уақытша екенін, білек сыбанып, еңбек ету керектігін, кәсіпкерліктің нәсіп әкелетінін ұдайы түсіндірумен болды. Жылт еткен жақсы жаңалықты оқырманға жеткізуге тырыстық. Жасыратыны жоқ, сол бір ауыр кезеңде газет шығаруға қаражат таба алмай қиналған шақтарымыз да әлі есімізде. Журналистер де айлап айлықтарын ала алмаған. Отырған орнымызға да, шығарған газетімізге де ақы төлей алмай, қарызға батқанбыз. Кейбір қызметкерлеріміздің жалақысы молырақ екен деп, жаңадан ашылған басылымдарға, өзге жұмыстарға ауысып кеткендері де болды. Бірақ солардың барған жерлерінен береке таппай, қайта оралғандары да аз болған жоқ. Әрине, оның бәрін айтып тауыса алмаспыз.
Газеттің 80 жылдығы қарсаңында он жылдан аса басшылық еткен Б. Мұсаның орнына облыс әкімі Жақыпжан Нұрғожаевты редактор етіп отырғызды. Көп ұзамай газет редакциясы облыс орталығы болған Талдықорғанға көшті. Редактор мені газеттің Алматы бөлімшесінің жетекшісі етіп қалдырды. Екі жылдан соң жастарымыз қарайлас мен және Орысбай Әбділдаұлы, Ерғали Ахметов зейнеткерлік демалысқа шықтық. Қысқасы, басылымда 32 жыл бойы табан аудармай еңбек еттім. Оның 10 жылында бөлім меңгерушісі, 14 жыл жауапты хатшы, 8 жыл редактордың орынбасары болдым. Осы жылдар ішінде бес редактормен қызметтес болудың сәті түсті. Олардың әрқайсысының талап-талғамы өзгеше, орны бөлек еді. Бірақ қайсысы болса да өздеріне сеніп тапсырылған зор және жауапты міндетті абыроймен атқара білді. Көптеген жайсаң жандармен иық тірестіре бірге еңбек ету бақытына ие болдым.
Өмірімнің ең бір қымбатты, қызықты және естен кетпес қуанышты сәттерін өткізген газетіммен байланысты үзген жоқпын. Қазір басылым тізгіні қаламы қарымды қайраткер ініміз Әміре Әріннің қолында. Кейінгі қаламдас жауқазындай жайнаған жалынды жастарға «Жетісудың» қасиетті байрағын нық ұстап, жаңа биіктерге жете беріңдер деген ақ тілегімді айтқым келеді.
Ата басылымның ғасырлық тойы құтты болсын, ағайын!
Жұмаш АРҒЫМБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты





