Өткенде Алматы қалалық экология департаментінің басшысы Қонысбек Баяділовтың ұйымдастырумен ЗУМ алаңы арқылы онлайн форматта жиналыс өтті. Онда Алматы қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөнінде қабылданған Жол қартасының орындалуы жайлы сөз болды.
Әрине, Алматы қаласы мен облысының экологиялық мәселелерді шешуде ортақ тұстары өте көп. Өйткені қаладан шығатын қоқыстардың дені облыс аумағындағы полигондарға төгіледі. Оның сыртында су ресурстарын қорғау, орман байлығын аялау, тағы да басқа жақтан көптеген қарым-қатынаста екендігі белгілі. Сондықтан Алматы қаласындағы экологиялық мәселелердің тиімді шешілуі облыс үшін де маңызды.
Аталған шара аясында Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту үшін орындауға тиісті 16 іс-шара таныстырылды. Сол қатарда қаладағы №2 және №3 жылу электр орталықтарын жаңғыртып, газға көшіру арқылы олардың қоршаған ортаға әсерін азайту, Алматы қаласындағы және қалаға жақын орналасқан Алматы облысына қарасты Талғар, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарындағы тұрғын үйлер мен өндіріс ошақтарын газға көшіру, жел қозғалысы режимін зерттеу, Алматы қаласының сәулеттік келбетін реттейтін ережесіне, сонымен қатар, Алматы қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу, ағаштарды заңсыз кесуге тыйым салу, жауапкершілікті күшейту, жасыл желек алаңдарын көбейту, ауа сапасын жақсарту, көліктер қозғалысын реттеу, оларды газға, электр тоғына және баламалы электр көздеріне көшіру қатарлы салмақты жобалар бар.
Егер осы жобалар толығымен орындалса ауаға шығатын ластаушы заттар шығарындыларының көлемі 144 мың тоннадан 80 мың тоннаға дейін немесе 44 пайызға қысқарады. Бұл өз ретінде облыстың да экологиялық ахуалын реттеуге зор септігін тигізетін болады. Соңында комиссия мүшелері әр тоқсанда бір кездесіп, атқарылған жұмысты талқылап отыратын болды.
Қайрат НҰРХАНОВ,
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы
«Адалдық алаңы» жобалық офисінің облыстық экология департаменті
жанынан құрылған филиалы басшысы
Сурет ғаламтордан алынды





