Әр адамды күнделікті ауа райы қызықтырады. Сондықтан ежелден адамдар табиғи құбылысты білу үшін алдын ала болжаған. Талдықорған қаласының қызмет саласында құрамына 13 метеорологиялық, 8 автоматты метеорологиялық стансы, 26 гидрологиялық, 3 қар өлшеу бағыты, бір метеорологиялық және агрометеорологиялық бекет енетін «Қазгидромет» РМК Алматы облысы бойынша филиалы орналасқан. Атмосфералық ауаның экологиялық мониторингі бойынша бір станционарлы ластануды бақылау бекеті және бір автоматты «СКАТ» бекеті бар.
Мемлекеттік тапсырысқа сәйкес, барлық метеостансыларда тәулік бойы метеорология бойынша бақылау жүргізіледі. Ауаның температурасы мен ылғалдығы, топырақтың беткі қабатының күйі, бұлттың саны, пішіні және биіктігі, желдің бағыты мен жылдамдығы, жазықтықтың көрінімділігі, оны нашарлататын құбылысы, жауын-шашынның мөлшерін өлшейді. Сонымен қатар, қар жамылғысының биіктігін, қардағы су қорын есептейді. Осы стансыларда бақыланатын ауа райы әлемдік мәлімет орталықтарына жіберіледі.
Судың деңгейі мен температурасы бойынша гидрологиялық бекеттерде бақылау тәулігіне екі рет жүргізіледі, ал онкүндікте бір рет су шығымы өлшенеді. Қар өлшеу бағыттарында қар жамылғысының биіктігін, тауларда түскен жауын-шашын мөлшерін және қар көшкінінің жүруін өлшеуі жүргізіледі.
Талдықорған қаласы бойынша тәулік бойы атмосфера ауасының жай-күйі бойынша мониторинг жүргізіледі. Кез келген ауа райына қарамастан күні-түні далаға шығып бақылау жүргізетін қызметкерлердің зор еңбегі туралы біле бермейміз. Ал түпкі нәтиже – маусымдық, айлық, апталық және күнделікті ауа райы болжамы. Сондай-ақ, филиал тәулік бойы мониторинг жүргізеді, яғни бақылайды, сараптайды, болжайды және нақты ауадағы, судағы, топырақтағы, түрлі ортадағы ауа райының өзгеруі жөнінде ескертеді. Сұраныс бойынша агрометеорологиялық, гидрологиялық және қоршаған ортаның экологиялық жай-күйі жөнінде ақпаратпен қамтамасыз етеді және бекітілген баға ұсынысына сәйкес жеке жұмыс түрлерін жүргізеді. «Қазгидромет» РМК – біздің мемлекетіміздің аумағындағы қауіпті табиғат құбылыстарының пайда болуы жөнінде дауылды ескертулермен кез келген ұйымдарды ресми ақпараттандырумен қамтамасыз ету құқығы бар жалғыз заңды өкілетті мекеме.
23 наурыз – Дүниежүзілік метеорология күні. Осыған орай «Қазгидромет» РМК Алматы облысы бойынша филиалының басшылығы барлық әріптестерді, сонымен қатар, зейнеткерлік демалысқа шыққан қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтайды. Жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық, саулық тілейді.
М. НАЗАРОВА,
«Қазгидромет» РМК Алматы облысы бойынша
филиалының жетекші инженер-метеорологі




