Әлемде дамыған елдердің арасындағы басты бәсекелестік – білім, ғылым және жаңа технологияда. Сондықтан болар дүниежүзінде жыл сайын робототехника саласы қарыштап дамып, өнертапқыштар саны артып келеді. Облысымызда да талабына нұр жауған, бағындырған жетістіктері толайым жастар жетіп артылады. Қатарынан озып туған, сегіз қырлы, бір сырлы жандардың бірі – Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Виктор Кахно.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін ізденімпаз жас, жоқтан бар жасауды мақсат еткен өнертапқыш 2005 жылы 30 маусымда Талдықорған қаласында дүниеге келеген. Асқар тау әкесі мен ардақты анасының жалғыз баласы болғандықтан ба Виктордың зейінін ашу үшін ата-анасы ерте жастан көңіл бөледі. Кішкентайынан оқуға зерек болған бала небәрі бір жарым жасында әріп танып, екі жасында оқи бастаған. Жас өнертапқыштың әкесі электротехник, анасы Назарбаев зияткерлік мектебінде физика пәнінің мұғалімі. «Әкеге қарап ұл өсер», – деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Әкесінің жұмысын көріп өскен бала жастайынан бұзылған заттарды құрастыруға құштар болады. Балдырған шағынан-ақ электронды заттарды, ойыншықтарды шашып қайта жинағанды жақсы көріпті. Тіпті, бұзылып қалған ұялы телефондарды жасап көруге талпыныпты. Бала түгілі, үлкен адамдар ұға қоймайтын ғылыми дүниелер жасауға тырысып жүрген ұлының алғырлығын байқаған ата-анасы оны үшінші сыныбынан Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға бермек болады. Бірақ ойын баласы тестке кіргенде ұстаздардың «оқуға түсу үшін кемінде 17 балл жинау керек» деген сөзін дұрыс түсінбей 17 сұраққа жылдам жауап беріп, шығып кетеді. Сөйтіп, оқуға түспей қалады. Есесіне Талдықорған қаласындағы №4 мектептің табалдырығын аттап, 6-сыныбына дейін үздік оқиды.
6-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебіне барып қайта тест тапсырып оқуға түседі. Ойы ұшқыр дарынды талапкердің таудай талабын ұстаздар одан әрі дамытады. Десек те, бала тәрбиесіне тек мұғалімдер емес, ата-ананың да қосатын үлесі зор. Осындай екі жақты қолдаудың арқасында жас өнерпаздың талабына нұр жауады. Ақ арманға қанат қағады.
Виктор Назарбаев зияткерлік мектебінің табалдырығын аттаған күннен бастап білімге деген талпынысымен, еңбекқорлығымен ерекше көзге түседі. Алғашқы жылдары дара дарын математика мен ағылшын тілін тереңдетіп оқиды. Өйткені мұнда мектептегідей емес, шет тілін 1-сыныптан үйретеді. Тілі басқа болса да жүрегі бір Виктор қазақ тілін тереңдетіп оқуда. Өйткені озат оқушы ата-анасының үмітін ақтап, елге қызмет етуді алдына мақсат етіп қойған. Алғыр бала барлық пәнді аса ыждағаттылықпен оқиды. Әсіресе, информатика мен физика пәні ол үшін өте қызық. Себебі, дара дарын мектепке түскен жылдан бастап робототехника үйірмесіне қатысады.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы». Жаңашыл жобаларға жаны құмар өрен қазірдің өзінде бірнеше робот құрастырып, ұстазымен бірге көптеген жетістікке жеткен. Робот ойлап шығару оңай шаруа емес. Тыңнан түрен салған талант үшін төзімділік қажет. Өйткені, бір роботты құрастыру барысында миллиондаған майда лего құрастырғыштармен жұмыс істеу қажет. Десе де жас ғалым қиындықтардың бәрін жеңіп шықты. Өйткені үздік білім ордасы баланың шығармашылығын одан әрі дамытып, талабын шыңдап, робот жасау үшін барлық жағдайды жасайды.
Жас өнертапқыш 2019 жылы бастауыш сыныптың білімгерлеріне арнап алғашқы роботын жасап шығады. Яғни, құлтемір бақтарды аралап жүріп, барлық өсімдік, жеміс-жидектердің аттарын, олар жеуге жарамды, жарамсыз деген сияқты ақпараттарға қанығып, оны балаларға үйретеді. Тума таланттың бұл жұмысы «World Robot Olympiad 2019» атты облыстық жарыста 1- орынды жеңіп алса, республикалық додада үздік бестікке енеді. Алғашқы жеңіс Викторға жігер сыйлайды. Тырнақалды туындысы облыстық жарыста топ жарған соң жас дарын жан-жақты ізденіп, робот ойлап шығару үшін күні-түні еңбектенеді. Мехнатты еңбек көп ұзамай өз жемісін беріп, 2020 жылы қаршадай бала «Паук» есімді 6 аяқты робот ойлап табады. Құлтемір орманнан шырша бүршігін жинап, оны қайта өңдеп жылыжайға алып келеді. Одан шырша ағашы өсіп шығады. Кейін жас дарын жобасын өзгертіп, қоқыс жинайтын робот жасайды. Бұл жұмысы XVI халықаралық «Открываем мир науки» додасында жүлдегер атанады. Сонымен қатар Kirc.kz жобасында Гран-при иегері атанады. Канадада өткен «World Robot Olympiad 2020» сайысында үздік 7 туындының қатарына енеді. Байрақты бәсекелерде жеңістің желкенін көтерген сайын жас дарынның робототехникаға деген құлшынысы одан әрі арта түседі.
Оқу ордасында білімділігімен, қиялының жүйріктігімен, ойының ұшқырлығымен танылған жас талант былтыр бірнеше робот ойлап тауып, толайым табысқа жетті. Жаңашылдыққа жаны құмар зияткер әуелі пластикалық бөтелкелерді жинап, үйсіз жануарларға тамақ беретін тағы бір робот құрастырып шығарды. Бұл роботымен Назарбаев зияткерлік мектептері арасындағы байқауға қатысып, 1-орынды жеңіп алды. Осыдан кейін жас талант өзінің командасымен «Марсаход» есімді робот ойлап табады. Құлтемір марсқа ұшып, су бар жерлерді анықтайды. Су тапса адамдарға белгі береді. Бұл жоба дарын байқауында жүлдегер атанады. Тың туындыларымен айналасын таңғалдырып жүрген алғыр оқушы мұнымен шектеліп қалмайды. Талабына нұр жауған дарын иесі көз жанары көрмейтін жандарға арналған баскиім ойлап табады. Баскиімнің алдында бейнекамера орналасады. Ол мүмкіндігі шектеулі жанға алдында қандай кедергі тұрғанын, қалай жүру керектігін айтып отырады. Зияткердің аталмыш жобасы «World Robot Olympiad 2020» облыстық байқауда 1- орынды, республикалық жарыста 2- орынды қанжығалайды. Сонымен қатар, республикалық «Solve for Tomorrow 2021» байқауында үздік ондыққа енеді. Жақсылық жасауға жаны құмар оқушы зағип жандарға арналған баскиімді алдағы уақытта тағы дамытып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жақсы дүние жасап шықсам дейді. Иә, алғыр оқушының бұл ісі көпке үлгі.
Дария дарын жуырда жедел қоңырау жүйелерін толықтыру мақсатында ұялы телефонға арналған арнайы бағдарлама ойлап тауыпты. Мәселен біз жедел-жәрдем, өрт сөндіру жасақтарына немесе полиция қызметкерлеріне хабарлассақ әуелі аты-жөнімізді, жасымызды, тұрғылықты мекен- жайымызды айтуымызға тура келеді. Ал жас өнертапқыш жасаған қолданбада керек ақпараттың барлығы тұрады. Яғни, біз қоңырау шалып тек қана болған жайды ғана айтамыз. Қалған ақпараттар мен фотолар сол құрылғыда жүктеліп, қоңырау қабылдаған адамға көрініп тұрады. Қолданбада тіпті аудио, видео, фото жіберуге де болады. Бұл жобасын өнертапқыш астанадағы университтерге Грантқа түсу үшін өткізіп қойыпты.
Қатарынан озып туған жас талант сәуір айының 30-жұлдызында тағы бір ірі жарысқа қатыспақшы. Оған зияткер агроөнеркәсіп саласына пайдасы тиетін, өсімдік өсіріп, оны суаратын робот жасаймын дейді.
Мақаламызға арқау болған кейіпкеріміздің алдағы арманы университетке оқуға түсу. Кейін елімізде жаңа жоба ашып, белгілі компанияларда инженер болғысы келеді.
Талант қашан да тасты жарады. Жасындай жарқылдаған талапты жан ғылымды дамыту мақсатында аянбай тер төкпек. Олай болса ел ертеңін өрге сүйрейтін тума таланттың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, осындай білімді, ақылды жастарымыз көп болғай демекпіз.
Айдар ҚАЛИЕВ





