Әлемде қанша ұлт болса, оның бәрі де өзінің құндылығымен ерекшеленіп жатады. Осы тұрғыдан келгенде тал бесіктен жер бесікке енгенше өмірі өлеңмен өрілетін халқымыздың өне бойы өнерге бейім тұрады. Бұл – біздің қанымызда бар дара қасиет.
Осы ұлылық халық жырларынан, эпостарынан, әні мен күйінен бастау алады. Сондықтан, бүгінгі ұрпақты шынайы қазақы болмысқа ие, ұлтжанды, отансүйгіш етіп қалыптастырамыз десек, оларды сәби шағынан өнерге жақын, инабатты етіп өсіруге ден қойған дұрыс.
Бала тәрбиесінде мұғалім ата-аналармен тығыз байланыста болып, олар туралы әңгіме жүргізіп отыруы керек. Себебі, бала барлық жақсы қасиетті ең алдымен отбасынан алады. Әке-шешесіне еліктейді. Солардың бойындағы мінезді қайталағысы келеді.
«Білім мен тәрбие – егіз ұғым». Түптеп келгенде, білім мен тәрбиені ұштастыру балаларды имандылыққа, инабаттылыққа баулудың алғышарты болып саналады. Ата- ананың тәрбиесін алған бала қашанда адал ниетті, таза мінез-құлықты болып келеді. Мұндай балалар хакім Абай атамыз армандағандай, «атаның баласы емес, адамның баласы» болып ержетеді.
«Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақ бекер айтпаған. Қоғам тарихына көз салсақ, қай халықтың болсын қолбасылары, ойшылдары, ғалымдары ойға шебер, тілге шешен болған. Қазіргі кезде тіл мәдениетін сақтау үшін шешендік тіл өнерін қайта жаңғырту керек. Халқымыздың шешендік өнері сонау Майқы би, Асанқайғы, Аяз би, Жиренше шешендерден бастау алады. Бұл мұраны қазіргі ұрпаққа жақын таныстырып, шешендік тіл өнерін жаңғырту керек.
Ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді сыйлау, құрметтеу сияқты қасиеттер отбасында қалыптасқаны жөн. Мұны халқымыз: «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», – деп түйіндеген. Ал ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабише айтқанда, балаға білім беру үшін, ең алдымен, оны тәрбиелеген жөн. Тәрбиесіз берілген білім ертең бір апатқа әкеліп соғады.
Тұрсынай ҒҰМАРОВА,
Талдықорған агро- өнеркәсіптік индустрия және
жаңа технологиялар колледжінің
тәрбиешісі





