Биыл Ескелді ауданы және оған қарасты ауылдардың көшелерін жөндеуге 1 млрд. 487 мың теңгеден астам қаражат бөлінді. Жол жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда. Жаз айынан басталған жол құрылысының бірқатары пайдалануға да берілді.
Қарабұлақ ауылының Алдабергенов көшесіне (аудан орталығынан қалаға қарай бағытталатын жол) күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінде оның бір бөлігі аяқталса, екінші бөлігінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Айта кетерлігі, бұл жердегі жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі бірнеше метрге ұзартылып, көлікке арналған бөлігінің қысқартылғаны автокөлік жүргізушілеріне біршама қиындық тудырған еді. Осыған орай алдағы уақытта автомобиль жүретін бөлігіне қайтадан 2 метр қосылып, бұрынғы қалпына келтірілетін болды. Осылай жаяу жүргіншіге де, көліктің жүруіне де ыңғайлы болатын жоба қайта қаралып жатыр.
Бұдан басқа Алдабергенов, Байысов, Өтенай, Екпінді, Жетісу, Шымыр, Жалғызағаш, Абай, Бақтыбай, Қарабұлақ, Елтай ауылдарындағы жолдарды орташа жөндеу жұмысы аяқталса, Алдабергенов, Қарабұлақ, Тамбала, Жалғызағаш, Сырымбет ауылдарындағы жолдарға қиыршықтас төселді. Орташа жөндеу жұмысы 17 шақырымды қамтыса, 72 392 шақырым жолға қиыршық тас төсеу жұмысы жүргізілген.
Жол жөндеу жұмысы «Талдықорған Архитектура», «КазИнвестStory», «Жетісу жол құрылысы» және басқа да мердігер компанияларға жүктелген. Айта кетерлігі, араларында бөлінген қаржыны үнемдеп, жұмысты өз деңгейінде атқарған компаниялар да кездесті.
Жалпы, ескелділіктер жол құрылысының қауырт қолға алынғанына дән риза. Десе де, жетіспей жатқан кейбір тұстарын да ақылмен шешіп, жұмыстың ары қарай жалғасуына қолдау көрсетуде.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА
Ескелді ауданы





