Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен үш күндік «Шеберлер шеруі» ұлттық қолөнер фестивалі өз мәресіне жетті. Жетісулық қолөнершілер киіз басуға, жүн түтіп, мүсін жасап, жүннен сурет салуға, ши тоқуға, ұлттық қуыршақ жасауға үйрету үшін тегін шеберлік сағаттарына қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қатысушыларға облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың атынан жылы лебізін жеткізе отырып, «Шеберлер шеруі» фестивалі сәндік-қолданбалы өнер және ұлттық киім дизайны арқылы мәдениетті дамытуға және ұлттық дәстүрді жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті. Бұл іс-шара дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетінін жеткізді. «Бақытты отбасы» республикалық орталығының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері және «Алтын сапа» Президенттік сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзадаға ерекше алғыс білдірді.
Ырза Тұрсынзада өз кезегінде «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің сертификаты мен Астанадан арнайы алып келген қымбат маталарын тарту етті.
– Шеберлер шеруінен алған әсер мүлде басқа. Аймақ басшысының қолдауынан ұлттық салт-дәстүрге, тілге және мәдениетке деген құрметін байқадық. Осындай қолдау еліміздің барлық өңірінде болса деген арманымыз бар. Ер-азаматтар ғаламдық тұрғыдан ойлап, жағдай жасайды, ал қалған дүниенің бәрі әйелдердің қолында. Қолөнерді қастерлеген біздер ата-бабамыздың мұрасын сақтап, ұрпаққа жеткізу мақсатында тынбай еңбек етеміз. Мен жетісулық талантты шеберлермен кездесіп, халықаралық көрмелерге лайықты көптеген әдемі бұйымды көрдім. Олардың әрқайсысында шебердің жаны, энергиясы, махаббаты байқалып тұр. Біз қазір Парламент Мәжілісінде қолөнершілердің еңбегін заңнамалық деңгейге көтеру керегі туралы айтып отырмыз. Болашақта сол межеге жететінімізге сенімдімін, – деді Ырза Тұрсынзада.
87 жастағы ақсулық көпбалалы ана Тұмарбала Айтмұхаметқызы қолөнершілердің шеруіне бесінші мәрте қатысып отыр. Ұлттық мұраны ұлықтаған ардақты жан өз білгенін өзгеге үйрету үшін жармалы әдіспен тігілген көрпелерін алып келген.
– Құрақ көрпе жылуды, жайлылықты, молшылықты, татулықты және отбасылық амандықты білдіреді. Қолымнан шыққан дүниені сатқан емеспін. Жақындарыма, туған-туыстарыма таратамын. Жыл өткен сайын өз тамырлары мен дәстүрлерін қайта жаңғырту керегін түсінетін шеберлер көбейіп келе жатқаны қуантады. Ұлттық өнерге деген құрмет ешқашан төмендемеуі керек, – дейді шебер.
Облыс әкімінің орынбасары бірқатар қатысушыға облыс әкімінің атынан Алғыс хат пен 30 тігін машинасын сыйға тартты.
Еңлік Кенебай





