Алатау сілемінің батысына қарай созылып, көкорай шалғын Көктөбе тауына иық тіреп жатқан, көне кезде тастан қора соғылып, ауыл аңызына айналған Аспан қораның еңістігіндегі алтын алқадай азғана үйдің қысы-жазы бітпейтін алапат жұмысының ортасында жүрген менің «Жетісу» редакциясына тосыннан келіп топ ете түспегенім белгілі, әрине. Хат танығаны болмаса, ауылдағы қара жаяу колхозшының қолына облыстық партия комитетінің үнжариясы саналатын газеттің бір тізгінін ұстата қою менің бойыма шақ емес екені тағы да аян. Осынау ұлан-ғайыр ұлы жолға қандай ұстаздың ұстаханасынан шыққанымды айту – парасат-парызым емес пе?!
Иә, мен 1965 жылдың рең жүзі күрең күзге айналған, бір жылы кем «Ойхой, жиырма бесімде», әлі есімде «Главтабак» деп аталатын көшедегі «Екпінді еңбек» газетінің редакциясына айтатын арызым, алатын қарызым жоқ, жолым түсіп барып қалған едім. Іштегі әңгіме барысында иығыма іле барған әкемнің бес қойдың жүніне айтқызбай-ақ сатып әперген «ФЭД» фотоаппаратын көріп қалып:
– Әй, бала, сен бізге суретші болып келсең қайтеді?! – деді өзін «редактормын» деп таныстырған егделеу жігіт ағасы.
Байқағаным, мінез мәртебесін биік мінберден көрсетіп немесе кең креслоны толтырып отырып толғана сөйлейтін, саясаттың сауытын жамылғандай салқын қабақ танытатын адамдардан емес, реңі жылы, қарапайым, қатар отырып шай ішіп, бірге жүрген ауылдағы ағамыздың бірі сияқты. Қайсыбір ат үстіндегі ағаларымыз өздерін елден екі елі жоғары ұстап, жердегі жаяу-жалпыға жалаң ұранын жалаулатып, қолындағы кішкентай билігімен елдің үлкен игілігін жасап жүргендей жүз танытатын әдепсіз қылықтары әдетке айналып бара жатқаны, қоғамның қолтығын кенедей кеулеп, сүліктей сора бастағаны да жасырын емес.
Аудандық партия комитетінің саяси сара жолы – идеологияның басты бағытын уысында ұстап отырған, әдеби-мәдени майданның алғы шебін басқарып, яғни, насихат негізін қалыптастырып отырған үлкен мәртебе иесі – редактордың мұндай мамандықпен он қайнаса сорпасы қосылмайтын мен сияқты жалаң-жаяу адамға алаңсыз сенім артқанына таңғалғаным соншалық, тілімді жұтып қойғандай қапелімде ештеңе айта алмай қалған едім. Алдымда тұрған орта бойынан салмақты ойы байқалатын Үсенбай Тастанбеков ағаның қас-қағым сәттегі бір ауыз сөзінен тұтанған сол бір сәуле көктегі күннің нұрына, жердегі тірлік жырына айналып, өмірім өзгеше бір бағыт алатынын сезіне қоятындай ол кезде қанаты қатайып, қыранын самғата қоймаған балапан бүркіт кезім еді.
Ұядай ауылынан ұзап көп ештеңе көрмей өскен қырдың қарапайым адамдары ауданнан немесе өлкеден келген өкілдердің айтқанын аузын аша, аңқайып тыңдайтыны сияқты, жауабын күтіп тұрған редактордың риясыз сөзіне мен де колхоздағы қамбаның анда-санда ашылатын есігіндей аузымды ашып қалыппын. Сонда да болса, бірдеңе айту керек екенін сезіп, мұндай мүмкіндіктің қайталануы екіталай екенін біле тұра: «Әкеммен ақылдасып келейін!» – деп жауабымның ұшын келесі күнге жалғап, қысылғандай қысқаша тіл қаттым.
Мен редакцияға келген өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қызметке ықпалды танысың болмаса, не тоқтықтан ықылық атқан табысың болмаса жұмысқа жолатпайтын жорықсыз кез емес еді. Әйтпесе, ауылдағы пошта тасушы Қизаттың Нұрманбеті мен таудағы аң-құсынан басқа малы жоқ ауылдың аңшысы Арғынбайдың Жұмашын аудандық газетке, одан әрі Алматыдағы Жоғары партия мектебіне тегін оқытып, облыстық «Жетісу» газетіне пәре бермей-ақ пәрменді бөліміне дейін жоғарылата қою кімге керек?! Сол 65-ші жылы аудандық газетте бірге істеген Жұмашпен араға біраз жыл салып, атап айтқанда 80-ші жылы сол кездегі бас редактор Пернебек Бейсенов ағаның шақыртуымен қайта қауышып, зейнетке шыққанша бірге қызмет жасадық.
Ақыл сұрай барған әкем жауабын өз пайымыма жүктеп, ертең ел алдында күлкіге ұшырап, ар-ұят деген асылымнан ажырап қалмауымды екі-ақ сөзбен ескерткен еді. Газет шығарып көрмесем де, поштамен келген газет-журналдарды әкеміз екеуіміз жарыса оқып, қаулы-қарарлар жайында пікір таластырып та қоятын едік. Маңызды мақала жазбасам да, журналистердің қолтаңбаларын жазбай танып, жастана оқып жүрген сауатыма сүйеніп, өмірдегі арыны қатты, ағыны асау өзенге тәуекел қайығын салуды жөн көрген едім.
Бір айлық сынақ мерзімімен қабылданып, ауданның біраз жерін аралап та үлгердім. Алайда, түсіріп әкелген пленкамды химиялық ерітіндіге салып айқындауда ағаттық жасап, «эмульсиясын» ағызып алып, суреті жоқ аппақ пленканы ұстап қалған кездерім де болды. Сынақ мерзімім осы жерден тоқтап, жұмыстан кететінімді ойлағанда әкем айтқан: «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» – деген сөз есіме түсе берді. Өкініп тұрған күйімді сезген, өмірі серпіп тастап, сермеп сөйлемейтін сергек көңіл редакторым періште пейілмен жұбату айтып, талпынып жүрген талабымды тани білді сірә. Қателігіме кешіріммен қарап, менің алдымдағы істеген суретшіге іс жүзіндегі тәжірибесін үйретіп, көмегін көрсетіп қоюды табыстады. Көп ізденістердің арқасында шеберлігімді шыңдап, басшының сеніміне, басқалардың серігіне айналған күндерге де жетіп, көңілдегі күдіктерімнен ажырап, серги бастадым. Жемісті еңбек етіп, жеңіс тұғырынан көрінуге көмектескен тағы бір нәрсе – мектеп қабырғасында жүргенімде режиссер немесе драматург болсам деген арманым жәрдемдесті, білем. Оқу бітіргеннен кейін жазған екі шағын скетчім аудандық газетке шығып, драматургия дертіне шалдығып, келесі тақырыпты жерден емес, аспандағы жұлдыздар арасынан іздеп, өзімше жер тарпып алқынған арғымақтай адасып жүргенімді неге жасырайын?!
Сөйтіп, 1980 жылы аудандағы орнығып қалған орнымды «ояздар» ортасына ауыстырып, ондағы зиялы қауымнан көрген жақсылығымды жеткізіп отырмын. Күнделікті қайнап жатқан жұмыстың тайқазанының құлағын ұстап, ошағына от тастап отырған секретариат бөліміндегі «жаухатшы» Жұмаш, көмекшілері Ерғазы мен Шолпандар жиенін тапқандай қуанышпен қарсы алды. Ілездеме кезінде редакторлар – Пернебек Бейсенов пен Баймолда Мусин ағайдың кісілік парасатын, ақиқат үшін айқасып таласатын, жанашырлық ақ көңілмен қарасатын Рысбек, Гүлсән, Әскер мен Талғаттай жанына кір шалдырмай өткен өнегесі өсиетке айналған жайсаң жандар бір бөлек еді-ау. Іссапарда бірге жүрген шай үстінде табан астында тапқырлық жасап, жыр шумағын төгіп жіберетін Қуатты, Болаттың болаттай берік мінезін қалайша сағынбайын.
Қасиетті қариялық жастың асқар шыңына шығып отырған «Жетісу» газетінің бүгінгі жетістіктері – өткен дәуірдің өнегелі іздерін өшіріп алмай, өршіте түскен бүгінгі буын өкілдерінің өркен жайған ізденісі деуге болады. Мереке құтты болсын, аяулы әріптестер!
Нұрманбет Қизатов,
фототілші




