Экология саласының құрылғанына 30 жыл толуына орай облыстық экология департаментінің ұйымдастыруымен Тіл сарайында «Табиғатты қорғау – болашақты ойлау» атты конференция өтті. Оған танымал экологтар, табиғат жанашырлары және осы салада еңбек етіп жүрген мамандар қатысты. Сондай-ақ, жиналыста өңіріміздің экологиялық жағдайын зерделеген бейнебаянның тұсауы кесіліп, алыс-жақыннан келген қонақтар ой-пікірімен бөлісті.
Расында, қазіргі уақытта экологиялық жағдай кез келген мемлекеттің күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Технология ілгері дамыған сайын жасыл орта бүлініп барады. Соңғы 100-150 жылда адамның өндірістік тұрмыс-тіршілігінен туындаған жағымсыз экологиялық ахуал адамның өзіне, денсаулығы мен өміріне зиянын тигізуде. Жаз ортасы болса да күн жылынбай, айлап жаңбыр жаумай, дүлей дауыл түрлі экономикалық шығынды туындатуда. Өңіріміздің экология саласында атқарылған жұмыс та көп, шешімін күткен мәселелер де баршылық. Бұл туралы кездесуде облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов сөз етті.
– Еліміздің экологиялық қауіпсіздігі әр аймақтың табиғат жағдайына байланысты. Десе де, Жетісу өңірі жер жаннаты деген атпен танымал. Сондықтан оның экологиялық жағдайы заң талаптарына сай бақылануда. Осыған орай, жыл сайын өңірімізде облыстық әкімдіктің ұсынысы, облыстық мәслихаттың шешімімен табиғатты қорғау шараларының жоспары бекітіліп, тиісті қаржы бөлінеді. Десе де, экологиялық ортаға залал келтіріп отырған жағдайлар да жоқ емес. Айталық, облыстағы энергетика саласының 87 пайызы қара көмірді пайдаланатындықтан, оның табиғатқа тигізіп отырған залалы тіпті көп. Жердің тозуы, күннің жылынуы, мұздықтардың еруі де климаттың өзгерісіне ықпал етіп жатыр. Сондай-ақ, өңіріміздегі тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі өзекті бола түсуде. Бүгінде облыстағы жинақталған қалдық көлемі 9 млн. тоннаға жетті. Сондықтан облысымыздағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қажетке жарату ісі бүгінгі күннің талабынан шығып отыр деп айта алмаймыз. Әрине, дамыған мемлекеттер сияқты қоқысты керекке жаратып, одан өміріміз бен тіршілігімізге тиімді заттарды өндіретін уақыт та келер. Ондай мүмкіндікке жету үшін жұрт болып жұмылған жөн, – деді ол.
Жиында «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов сөз алып, қоршаған ортаның бүліну себептеріне тоқталды. Оның айтуынша, өңірімізде ауаның ластануымен қоса, орман ағаштарын кесу қарқыны үдей түскен. Мамандардың ақпараты бойынша, жыл сайын жер бетінен 13 миллион гектар орман жойылады. Соның кесірінен құстардың әрбір төртінші түрі және қосмекенділердің әрбір үшінші түрі жойылуда. Жануарларды қырып-жою кез келген қоғам үшін орны толмас олқылық. Адамның қоршаған ортаға келтірген зияны жер шарының жануарлар әлеміне де зардабын тигізіп отыр. «Ұрпағымыз тіршіліксіз, сөніп бара жатқан ғаламшарға ие болып қалсын демесек, өзіміз мекендейтін биосфераны аман алып қалу үшін нақты әрекеттерге баратын кез жетті», – деген экологтың дәйекті сөзі көпшілікті ойландырып тастады.
Ал су шаруашылығы бойынша сарапшы Анар Тілеулесова ауызсу қорының азаюы да адамзат үшін ең өзекті мәселелердің бірі екендігіне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, ауызсу тапшылығы болашақта үлкен экологиялық мәселеге айналмақ. Қазіргі таңда Гренландия аралындағы мұздықтардың өзінде еру құбылысы байқалуда. Тянь-Шань тауындағы мұздықтардың еруінен еліміздегі су тапшылығы 20 пайызға дейін өсіп отыр. Аңның бірнеше түрі жер жүзінен жоғалып кетуге шақ тұр, кейбірі соңғы 50-70 жылдың ішінде жойылып та кетті. Анар Иманғазықызының сөзіне қарағанда, су пайдаланушылардың міндетіне бұрындары мониторинг кірген. Ал бүгінде бұл міндет жоқ. Яғни, тек мемлекеттік мониторинг бар. «Ал бізде мемлекеттік мониторингті «Қазгидромет» жүргізеді, онда еліміз бойынша 307 бекет қамтылған. Осы орайда бізде қаншама су нысандары бар?! Олар мониторинг жүргізуге қауқарсыз», – дейді сарапшы.
Қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлығын аялауда ұлтымыздың өзгеше тәжірибесі бар. Тіпті, кездесу барысында Анар Тілеулесова бабаларымыздың сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында суды қорғауға қатысты ереже шығарып, тәртіп бекіткенін мәлімдеді. Тарихқа үңілсек, табиғатқа деген жанашырлығымыз қанымызға сіңіп, жадымызда жатталып қалғаны анық. Бұл туралы бірінші рет табысталған «Экология саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Әміре Әрін айтып берді.
– Менің пайымымша, экология мен рухани экология егіз ұғым. Себебі, рухани жаңғырмаған, рухы бай болмаған адам туған Отанын, қасиетті мекенін, кешегі қастерлі тарихын, ардақты ата-анасын ардақтай алмайды, туған табиғатын қорғамайды. Сондықтан экологиялық апаттың алдын алу үшін ең алдымен рухани апаттың алдын алу керек. Жастардың бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілікті тереңдеткен жөн. Егер тарихқа бойласақ, түркі халқы Шыңғысханға дейін де, кейін де табиғатты көздің қарашығындай қорғауды ұрпағына үлгі етіп келді. Қыс қыстауда, жаз жайлауда, көктеу, күзеуде көшіп жүріп, қоршаған ортаны қорғаудың ғажайып үлгісін көрсетті. Жұрт көшкенде басқаға әсері тимеуі үшін керме ағашты кесіп, ошақтың шұқырын жауып кетіп отырған. Шыңғысханның «Жосық» заңының екінші пунктінде: «Суды көздің қарашығындай сақтау керек. Суға кім кір жуады, сол өлім жазасына кесілсін», – делінген. Бұдан өткен ғаламат жоқ шығар?! Осы үлгіні үкілеп, бүгінгі өнегелі істерге жол ашқан экологтардың істері өркенді болсын, – деді ол өз сөзінде. Шара аясында бір топ азамат елімізде бірінші рет табысталған «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Мұндай марапатқа Мэлс Елеусізов, Анар Тілеулесова сияқты экология саласының майталмандары және осы салада ұзақ жыл еңбек еткен ардагер экологтар ие болды. «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әріннің де осы қатардан табылуы журналистер қауымына жасалған үлкен сый деп қабылдадық. Сондай-ақ, экология саласының 30 жылдығына орай республика бойынша жас экологтар арасында сурет байқауы өтіп, 14 облыс пен 2 қаладан іріктеліп шыққан 16 жас суретші Астана төрінде бағы мен бабын сынға салды. Нәтижесінде, «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі Ольга Веснина бірінші орынды жеңіп алып, олжалы қайтты. Салтанатты шара аясында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың қолы қойылған Құрмет грамотасы жас суретшіге табысталып, мерейін өсірді.
Ардагер экологтардың тың ойлары айтылып, жастарды қанаттандырған әсерлі кездесу ақынжанды азаматтарды шабаттандырды. Әсіресе, өңір экологтары «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділовтың басшылығымен атқарылған жұмыстарға шынайы ризашылығын білдірді. Осы тұста ардагер эколог Сейдалы Сариев өз тілегін:
Үздігі болып саланың,
Үлкенін алып бағаның.
Құтты болсын медалің,
Айтары сізге ағаның.
Өмірде көп көргенің,
Еңбегіңмен өрледің.
Елбасынан алғайсың,
Келесі Құрмет орденін, – деп өлеңдетіп жеткізді.
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батырым дейді» деген ата-баба дәстүрін үлгі еткен салтанатты шара осындай жылы жүздесу, жайдары әңгіме, жалынды жырмен аяқталды.
Қажет АНДАС





