…деген екен!
Бұл осыдан бір мүшел уақыт бұрын болған. Жұматай Оспанұлының театр сахнасын тастап, қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистика әлеміне алғаш қадам басқан кезі. Қаламының қарымын көрсеткісі келген Жұматай оншақты беттен тұратын көлемді мақаласын алып, сол кездегі жауапты хатшы Нүсіпбай Әбдірахымға әкеліп: «Аға, мына мақаланы осы сенбіге жоспарлаңызшы», – дейді. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын Нүсіпбай ағасы да мақаланың тақырыбы мен айдарына қарап-ақ: «Болды. Мұндай мақаланы бірден саламыз», – деп елп ете қалады. Бұл аптаның ортасы болатын. Газет сенбі күні шығады. Ортада жексенбі бар. Дүйсенбіні асыға күтіп, әрең жеткен Жұматай аптаның бірінші күні жұмысқа елден бұрын келіп, газетті қолына алып, алғашқы ресми хабарлар мен саяси жиындарға арналған үш бетті сыдырта өтіп, төртінші беттен бастап өзінің мақаласын іздей бастайды. Алғашқы мақаласын оқитындықтан ба, көңілі толқып, жүрегі тулап, парақтаған күйде он екінші бетке барып бір-ақ тоқтайды. Көзі көріп тұрса да, көңілі сенбей қайта ақтарып шығады. Жоқ. Өрекпіген көңілі басылып жауапты хатшының бөлмесіне келіп: «Нүсіп аға, менің мақаламды салмапсыз ғой», – дейді. Ондайдың талайын көрген Нүсіп ағасы түк болмағандай: «Сенікі өлмейтұғын мақала ғой, Жұматай. Газет жұмысында мұндай жағдайлар болып тұрады. Осы сенбіге салып беремін», – деп алаңсыз ары қарай жұмысына кірісіп кете береді. Бір апта өтсеші. Әйтеуір, келесі дүйсенбінің де таңы атады. Жұматайдың көңілі де, әрекеті де алғашқы аптадағыдай. Сенбілік қалың нөмірді асыға парақтаған ол тағы да он екінші бетке келіп тоқтайды. Тағы жоқ. Бұл жолы кішкене көңілі түсіп, қабағы салыңқы қалпы: «Нүсіп аға, бұл аптада да жоқ қой», – дейді. Бұл жолы басын көтеріп, Жұматайға газеттің жұмысын түсіндіре келе: «Айттым ғой, сенікі «өлмейтұғын мақала» деп. Бұл қоғамдық-саяси газет болғандықтан шұғыл шығатын материалдар келгенде амалсыздан өлмейтұғын мақалаларды алып тастаймыз. Сен ренжіме. Міне, осы аптада шығады», – деп шығарып салады. Үшінші апта да өтеді. Дүйсенбінің таңы. Он екінші бетті жапқан Жұматай бұл жолы өкпесі бетіне шығып, жауапты хатшының бөлмесіне кіріп: «Нүсіп аға, бір ай болды ғой, бір мақаламды шығара алмағаныма», – дейді. Қорғасындай салмақты Нүсіп ағасы сол баяғы әуенімен: «Жұматай, саған айттым ғой, сенікі өлмейтұғын мақала. Түсінсеңші», – дегенді естігенде үндемей шығып кеткен Жұматай бес минуттан кейін қолындағы бір жапырақ қағазын Нүсіп ағасының алдына қоя салады. Оны оқыған Нүсіп ағасы орнынан атып тұрып: «Ой, айналайын, сен ренжімеші. Жаңадан келді деп елемей тұрған жоқпын. Жағдай солай болып қалып жатыр. Осы сенбі міндетті түрде шығады», – деп арқасынан қағыпты. Сондағы жапырақтай қағаздағы бір шумақ өлеңде Жұматай:
Газетте бәріңіздің орныңыз бар,
Мен емес, жөнді білмей жолды бұзар.
«Сенікі өлмейтұғын мақала», деп,
Өзімді өлтіретін болдыңыздар, – деген екен.
Қашаннан сөз қадірін білетін Нүсіп ағасы осы шумақтан кейін алғашқы мақаласын сол сенбіден қалдырмай шығарып беріпті. Қазіргі таңда әзілі де, әңгімесі де жарасқан аға мен іні «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әріннің қос орынбасары.





