Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында маңызды қадам жасалды. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» (ҰАҒБО) 2025 жылдың қорытындысы бойынша 60 мың тоннадан астам жоғары санатты тұқым өндіріп, отандық селекцияның әлеуетін дәлелдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жуырда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің қатысуымен өткен стратегиялық сессияда Орталықтың даму басымдықтары мен нақты қадамдары нақтыланды. Бұл жиын тек есеп беру емес, отандық аграрлық ғылымды 2030 жылға дейін жаңғыртудың жаңа жоспарын құру алаңына айналды. Бүгінде еліміздің алдында технологиялық жаңғырту, өнімділікті арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер тұр. Бұл мақсаттарға жету тікелей кадрлар даярлау деңгейіне, қолданбалы ғылымның дамуына және заманауи агротехнологияларды нақты өндіріске енгізуге байланысты.
Ғылым мен өндірістің алтын көпірі
ҰАҒБО жай ғана мекеме емес, бұл – білім, ғылым және өндірісті тоғыстырған ірі экожүйе. Оның құрылымында 33 еншілес ұйым, соның ішінде 3 аграрлық жоғары оқу орны, 12 ғылыми-зерттеу институты және 16 ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы жұмыс істейді. Мұндай кең желі селекция мен ғылыми зерттеулерден бастап, тұқым материалын ауқымды көлемде өндіруге дейінгі толық циклді қамтуға мүмкіндік береді. Орталықтың жаңа ұстанымы «саланың сұранысы – ғылыми зерттеулер – кадрлар – енгізу» атты тұтас тізбекті қалыптастыруға, дуальды оқытуды күшейтуге және технологиялар трансфертінің тиімділігін арттыруға негізделген.
2025 жылдың нәтижелері: Сандар сөйлейді
Өткен жылы ҰАҒБО жүйесі бойынша жалпы көлемі шамамен 106 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның құрылымы мынадай:
-
Дәнді және бұршақ дақылдары – шамамен 70 мың гектар;
-
Майлы дақылдар – 20 мың гектар;
-
Мал азықтық дақылдар – 17 мың гектар.
Ғылыми егістік алқаптар айтарлықтай кеңейтіліп, отандық тұқым материалын өндіруге ерекше назар аударылды. Нәтижесінде қазақстандық селекция сорттарының егіс алқаптары 11 мың гектардан астамға ұлғайып, жалпы өнім көлемі 9 мың тоннаға артты.
Консорциум жетістігі және сапалы тұқым
Негізгі жетістіктердің бірі – ҰАҒБО жүйесінде құрылған «Қазақ Тұқым» және «Оңтүстік» консорциумдарының жұмысы. 2025 жылы аталған құрылымдар 60 мың тоннадан астам суперэлиталық, элиталық және жоғары репродукциялы тұқым өндірді.
Бүгінде еншілес ұйымдар еліміздің әртүрлі топырақ-климаттық аймақтарына бейімделген отандық селекцияның 236 бәсекеге қабілетті сортының тұқымын ұсынуда. Сарапшылардың пікірінше, тұқым шаруашылығын дамыту – азық-түлік тәуелсіздігінің берік негізі. Сапалы суперэлиталық және элиталық тұқымдар өнімнің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өнімділікті арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Агротехнологиялық хабқа трансформациялану
Саланың сын-қатерлеріне жауап беру мақсатында ҰАҒБО кезең-кезеңімен агротехнологиялық хабқа трансформациялануда. Жаңа формат ғылымды, білім беруді, өндіріс пен бизнесті бір алаңда тоғыстыра отырып, жаңа буын кадрларын даярлау, қолданбалы әзірлемелер жасау және озық агротехнологияларды енгізу орталығына айналуы тиіс.
Стратегиялық сессия қорытындысы бойынша вице-министр ҰАҒБО-ның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын өзектендіруді және трансформациялау жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл шаралар отандық аграрлық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруға септігін тигізеді.





