Бағзыдан жеткен аңызға зер салсақ, Жетісу – жатып қалған тоқтысы, жайылып жүріп мың болған, қадаған бір тал шыбығы тамырын жайып ну болған жерұйық мекен. Өзендер өрнектеген өлкенің бүгінгі тынысы да сол үрдісінен жаңылған жоқ. Алқабында егісі, бау-бағында жемісі жайқалып, өрісі төрт түлікке толы екенін дәлелдеп келеді. Осындай табиғи жағдайының қолайлылығы мен жер ресурстарының молдығы аймақты еліміздің ең маңызды аграрлық аймақтарының бірі етуде.
Жетісу облысы болып құрылғалы бергі үш жылда экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы үштіктен түспей келеміз. Облыстағы ауыл шаруашылығының негізгі бағыттары биыл да оң нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шараларының кеңеюі, инвестициялық жобалардың іске асырылуы және жаңа технологиялардың енгізілуі сала тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған қаржы көлемі де жыл сайын артып, саланы жандандыруда. Екінші жыл қатарынан Мемлекет басшысының қатысуымен республика көлемінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Агрофорумы ұйымдастырылып келеді. Бұл – аграрлық саланың ел экономикасындағы рөлінің күшейіп, стратегиялық маңызға ие болғанының айқын дәлелі. Форум барысында Президент фермерлерді қолдау шараларын кеңейту, су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу, заңсыз иеленген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, терең өңделген өнім өндірісін жолға қою, экспорттық әлеуетті арттыру, сондай-ақ мал шаруашылығы мен ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттілігін атап өткен. Агросубъектілерді қолдауға биыл мемлекет тарапынан 64 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде субсидия – 24 млрд. теңге, жеңілдетілген несие – 28 млрд. теңге, лизинг – 12 млрд. теңге. Айтылған міндеттер аясында аймақта жүйелі жұмыстар қолға алынып, бірнеше бағыт бойынша нақты нәтижелер көрсетілуде. «Кең Дала» бағдарламасы шеңберінде облысқа 10 млрд. теңге бөлініп, көктемгі егіс жұмыстарына фермерлерден өтінім қабылдау басталды. Жеңілдетілген несие қолжетімділігі шаруалардың шығындарын азайтып, агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына серпін беруде.

Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 500,0 мың гектар болды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 276,3 мың га, соның ішінде бидай – 87,6 мың га, арпа – 142,4 мың га, сұлы мен тары – 1,4 мың га, күріш – 0,95 мың га, жүгері – 42,2 мың га, басқа дақылдар – 1,75 мың гектарды құрайды. Егін шаруашылығында қант қызылшасынан басқа дақылдар толық жиналды. 279,9 мың гектарға себілген дәнді дақылдың орташа өнімділігі гектарына 27,3 центнерден айналып, 763,8 мың тонна астық бастырылды.
Барлығы 106,5 мың гектар жерге егілген майлы дақылдардан 208,4 мың тонна өнім алынып, орта есеппен әр гектары 19,6 центнерден айналды. Сонымен бірге 15,2 мың гектар жерге көкөніс, бақша және картоп дақылдары өсірілді, оның 6,6 мың гектарына картоп отырғызылып, 139,6 мың тонна, 8,6 мың гектарына бақшалық дақылдар мен көкөніс түрлері өсіріліп, 263,6 мың тонна, барлығы 403,2 мың тонна өнім жиналыпты. Қант қызылшасын өсіру аймақ үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі саналады. Облыстың климаттық ерекшеліктері, су ресурстарының жеткіліктілігі және құнарлы топырағы бағалы дақылды өсіруге ерекше мүмкіндік береді.

Қант қызылшасы биыл 12,2 мың гектар жерге себіліп, оның 91,1%-ы жиналған. Сөйтіп, әр гектарынан орташа 391,2 центнер балтамырдан 433,3 мың тонна өнім алынған. Облыста қант қызылшасы өндірісіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Бағалы дақылды өңдеумен айналысатын қант зауыттары да аймақ экономикасына үлкен серпін беруде. Соның нәтижесінде қант өнеркәсібінің ішкі нарықты қамту үлесі біртіндеп өсу үстінде. Күрделі жөндеу жүргізілген Ақсу қант зауыты толық қуатын көрсетіп, 450 мың тонна шикізат өңдеу мүмкіндігіне жетті. Ал Көксу қант зауытын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылға қарай зауыттың өндірістік қуаттылығы 250 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін артып, 29 млрд. теңге көлемінде жеке инвестиция тартылмақ. Қазірдің өзінде кәсіпорын тәулігіне 1,7 мың тоннадан 2,2 мың тоннаға дейін шикізат өңдеуге мүмкіндік алып отыр.
2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар картасы бойынша жалпы құны 94,4 млрд. теңгені құрайтын 23 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде биыл 5,6 млрд. теңгенің 6 жобасы іске асуда. Бұл жобалар су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа алқаптарды игеру және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. 9 айдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестиция көлемі 20,2 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артқан.

Аграрлық сектордағы техникалық жарақтандыру да жүйелі жүргізілуде. Жеңілдетілген лизинг бағдарламалары арқылы облыс шаруашылықтары жыл сайын мыңға жуық жаңа техника мен жабдық сатып алып, жаңару деңгейі 6,4%-ға дейін көтерілген. Аймақтағы қайта өңдеу саласы да қарқын алып, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу үлесі 68%-ға жеткен. Оның ішінде қант қызылшасы – 100%, жүгері – 45,4%, сүт – 47%, майлы дақылдар – 33%, дәнді дақылдар – 22,8% көлемінде өңделіп отыр.
2025 жылға ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 478,2 млрд. теңге, нақты көлем индексін 103% деңгейінде жоспарлау көзделіп отыр.
Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту – аймақ агросекторы үшін маңызды бағыттардың бірі. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында жалпы құны 35,6 млрд. теңге болатын 11 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда олардың 5-уі пайдалануға беріліп, қалғаны 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен аяқталмақ. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 5,3 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға қосылып, 36 мың гектар алқап қалпына келтірілетін болады.

Мал шаруашылығының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру үшін ветеринариялық жүйені нығайту жалғасуда. Соңғы 3 жылда облыста 49 ветеринариялық пункт пен бір стансы салынған. Биыл қосымша 17 блокты-модульдік пункт орнатылып, қызмет көрсету сапасы жақсартылыпты. Сонымен бірге 377,4 млн. теңгеге 33 бірлік арнайы техника сатып алынған. Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де бақылауда. Соңғы 3 жылда пайдаланылмай жатқан 598,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 422,1 мың гектары жаңа пайдаланушыларға қайта бөлінді. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы айналымын кеңейтіп, өнім өндіру әлеуетін арттыруға мүмкіндік беруде.
Бір сөзбен айтқанда, аграрлық салада жүзеге асырылып жатқан кешенді жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары аймақтың ауыл шаруашылығы экономикасын жаңа деңгейге шығарып, фермерлердің мүмкіндігін кеңейтуде. Облыс агроөнеркәсіп кешені алдағы жылдары да тұрақты өсім көрсетіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлесін арттыра бермек.
Айгүл Байбосынова





