Алаяқтық. Айналаға көз салсаңыз, алданғандардың қарасы қалың екенін байқайсыз. Тіпті, таяқ тастам жерден табыла кетеді. Арасында ет жақындарыңыз болса, кеудеңіздің сол жағы сыздап қоя береді. Ақтарылып көмек бергіңіз келсе де, қол қысқа. «Абайламайсың ба?» деуден басқа ауызға сөз түспей, жұбатарға амал таппай қаламыз. Қазіргі заманның бір кейпі осы.
Бәрі деуден аулақпыз, әрине. Дей тұрғанмен күн көрістің қамынмен табан тоздырып, маңдай терін төгіп жүргендер аз емес. Күйбең тірліктің қамыты мойнын қажап, басқа нәрсеге бас бұрғызбай кетеді. Жалдамалы пәтерді қоныс қылып, табысы азық-түлік пен дәрі-дәрмектен артылмай жатқанда, бір сәтте байып кету амалы алдынан шыға келеді. Қалтасындағы соңғы тиынына дейін санап беріп, сорақысы сол – несие рәсімдеуге дейін барады. Ақыр соңында соқыр тиын да көрсетпей, зым-зия тайып тұратын алаяқтардың арбауына түскенін байқамайды. Солардың қатарында өзім де бармын. Сондықтан осы тақырыпты арқау етіп, оқырмынға аз да болса пайдалы дүние жазу керек болды. Олай болса, қаржылық сауатымызды бірге арттырайық.
Қаржылық сауаттылық мәселесі қазіргі таңда ерекше маңызға ие. Неге десеңіз, адамдар қаражат табуды үйренгенімен, оны сақтауды, инфляциядан қорғауды және сауатты түрде инвестициялауды толық меңгермеген. Осындай білімнің жетіспеушілігінен көп қатарласымыз күмәнді схемаларға алданып, үлкен шығынға ұшырап жатыр. Қарапайым оқырман үшін ақшаны басқару тек экономикалық терминдерді жаттау емес, күнделікті шығын мен кірісті жоспарлау, болашаққа сенімді қадам жасау құралы саналады.
Байқасаңыз, қазіргі уақытта тез байып кетуді уәде ететін жалған брокерлер мен шетелдік инвестициялық қорлардың саны күрт артты. Алаяқтар көбінесе Қазақстанның қаржы нарығын реттеу мекемелерінде тіркелмеген, офшорлық аймақтарда (мәселен, Сент-Винсент және Гренадиндер) ашылған компаниялардың атын жамылады. Олар агрессивті жарнама арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, қаражат жинайды да, кейін өздерін заңды түрде банкрот жариялап, ізін суытады. Құқықтық тұрғыдан алғанда, шетелдік лицензиясы бар ұйымдарға ақша салу өте қауіпті, себебі олар Қазақстан заңнамасына бағынбайды, тиісінше инвесторлардың құқығы ешқайда қорғалмайды.
Осы орайда маман пікіріне құлақ түрейік. TSARKA (Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы) жүйелік инженері Мәди Қапизов қазіргі алаяқтар бағдарламалық жүйелерді бұзудың орнына, тікелей адамның психологиясына әсер ететін «әлеуметтік инженерия» әдістерін қолданатынын айтады. Қаскөйлер Telegram немесе Instagram желілерінде танысыңыздың аккаунтын бұзып, қарыз сұрайды немесе 20-30 пайыз табыс әкелетін жалған платформаларға тартады. Олар көбіне қаржыны заңды компанияның шотына емес, тікелей бейтаныс жеке тұлғаның картасына (дропперлерге) аударуды талап етеді. Сонымен қатар полиция қызметкері ретінде хабарласып, қорқыту арқылы несие алдырып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға мәжбүрлейтін жағдайлар да жиілеген.
«Психоаналитикалық қауымдастық» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлжан Амангелдинова қаскөйлердің негізгі қаруы эмоция екенін ескертеді. Олар адамға ойлануға уақыт бермей, жасанды күйзеліс жағдайын тудырады. Мұндай психологиялық қысымға тек қарттар ғана емес, жоғары білімі бар, орта жастағы сауатты азаматтар да ілігіп жатады. Экрандағы банк логотипіне немесе ресми көрінетін телефон нөміріне соқыр сенім арту орны толмас өкінішке әкеп соқтырады. Енді аздап сандар да сөйлесін.
Былтырғы жылдың сегіз айында Ұлттық банктің мәліметтері бойынша қазақстандықтар алаяқтарға 16,8 миллиард теңге аударып жіберген. Осы уақыт аралығында 92 мыңнан астам оқыс оқиға (инцидент) тіркеліп, оның 8,4 мыңы нақты алаяқтық жағдайы ретінде расталған. Банктер 2,6 миллиард теңгені бұғаттап, клиенттерге бар-жоғы 339 миллион теңгені ғана қайтара алған. Құқық қорғау органдары осы істерге қатысы бар 14 761 күдіктіні анықтаған. Еліміздегі алаяқтық жағдайларының жартысына жуығы тікелей картадан картаға ақша аударумен байланысты.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтері. Ресми тізімге заңсыз қызмет белгілері бар 121 ұйым енгізілген. Оның ішінде 56 ұйымда қаржы пирамидасының белгілері анықталса, 65 ұйым лицензиясыз инвестициялық делдалдар қатарына жатады. Оның тізімін осы жерден көре аласыз.

Қаражыны қайда сақтаған дұрыс?
Қаржыны қорғаудың ең танымал әрі қолжетімді жолы – банк депозиттері. Бірақ R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов теңгелік салымдарды табыс табу құралы емес, инфляциядан сақтану тәсілі ретінде қабылдауға кеңес береді. Мәселен, егер депозитіңіз 15 пайыздық мөлшерлемемен өссе, ал инфляция деңгейі одан жоғары болса, ақшаңыздың сатып алу қабілеті төмендейді. Алайда ұлттық валютадағы 20 миллион теңгеге дейінгі салымдар мемлекет тарапынан толық сақтандырылған, сондықтан олар қауіпсіздік жастығын жасауға таптырмас амал саналады. Долларға келсек, сарапшы барлық жинақты шетел валютасында ұстау тиімсіз екенін алға тартады, өйткені АҚШ-тағы инфляция да доллардың құнын түсіреді. Ақшаны үнемі әртараптандырып, бөліп сақтау қажет.
FINANCE.kz негізін қалаушы, инвестициялық талдаушы Андрей Чеботарев инвестиция мен трейдингті шатастырмау керектігін айтады.
– Қор биржасындағы инвестиция математикалық есеп пен ұзақ мерзімді жоспарлауға негізделеді. Ол қауіп-қатері аз құрал ретінде Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын (МЕКАМ) атайды. Олардың табыстылығы шамамен 16-17 пайыз деңгейінде сақталып тұр, әрі кез келген уақытта биржада доғаруға толық мүмкіндік бар, – дейді ол.
Криптовалютадағы мүмкіндіктер мен шектеулер
Криптовалюта тақырыбы бүгінде аса танымал әрі өте қауіпті бағыттардың бірі. Елде цифрлық активтермен операцияларды толық заңдастыратын ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Цифрлық валютаны тек «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алаңында тіркелген ресми криптоайырбастау орындарында ғана қауіпсіз сатып алуға рұқсат берілген. Алдағы уақытта CryptoCity жобасы, Evo стейблкоині және банктер ұсынатын арнайы криптокарталар іске қосылмақ. Мысалы, ЦентрКредит Банкі мен CryptoPay бірлесіп, цифрлық активтерді тікелей қолданба арқылы фиат валютасына (теңге, доллар) айналдыруға мүмкіндік беретін инновациялық төлем картасын ұсынып отыр.
Дегенмен, инвестор Мадина Искакова мен сарапшы А. Чеботарев криптовалюта өте құбылмалы актив болғандықтан, оған инвестициялық қоржынның 0-5 пайызынан артық қаржы бөлмеуді қатаң ескертеді. Нарықтағы бағам бір айдың ішінде екі есе өсіп, дәл солай тез құлдырауы әбден мүмкін. Сонымен қатар жалған крипто-пирамидаларға ұрынып қалмау үшін мұқият тексеріс қажет.
Баспана нарығындағы сақтық шаралары
Жақында қана белгілі журналист, профессор Кәкен Хамзин алаяқтардың құрбаны болды. 32 млн теңгені жымқырған алаяқтарлдың әрекетінен соң ұлағатты ұстаз үйінен айырылды. Сондықтан үй алу, сату немесе құрылысқа инвестиция құю аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қаржыгерлер қауымдастығының жетекші талдаушысы Алмат Орақбай жылжымайтын мүлік нарығына тек ұзақ мерзімді жоспары, қомақты капиталы бар адамдарға ғана кіруге кеңес береді. Құрылысы аяқталмаған нысандарға қаржы салғанда өте мұқият болу шарт. Заңнамаға сәйкес құрылыс компаниялары пәтерлерді тек Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚТК) кепілдігімен немесе ресми үлестік қатысу шарты (ДДУ) арқылы ғана сатуға құқылы. Түрлі алдын ала броньдау шарттары немесе рұқсатсыз жасалған келісімдер инвесторды құқықтық қорғаусыз қалдырады.
– Осындай қарапайым ережені білмеу салдарынан жүздеген отбасылар пәтерсіз де, ақшасыз да қалып жатыр. Тек электронды тізілімде тіркелген, заңды жолмен ресімделген келісімшарттар ғана қаржыңызға толық кепілдік береді. Сонымен қатар пәтерді сатып алып, жөндеп, қайта сату (флиппинг) барысында салық пен жөндеу шығындарын қате есептеу табысты толық жойып жіберуі мүмкін, – дейді қаржы сарапшысы.
Қаржылық алаяқтық мәселесі АҚШ, Ұлыбритания, Канада сияқты дамыған мемлекеттерде де өзекті. Дегенмен, олар технологиялық және құқықтық қорғаныс шараларын әлдеқайда ерте бастаған. Мәселен, АҚШ үкіметі ұялы байланыс операторларына спам-хабарламаларды бұғаттауды міндеттеді, ал қаржы ұйымдары қауіпсіздік үшін көпфакторлы аутентификацияны (МФА) қатаң талап етеді. Ұлыбританияда полиция мен жеке сектор бірлесіп жұмыс істейтін арнайы стратегиялар қабылданған, ал халықты жаппай ақпараттандыру мақсатында үнемі іс-шаралар ұйымдастырылады. Канадада қаржылық қылмыстарды тергейтін арнайы мемлекеттік бөлімшелер құрылған. Аталған елдердің басты қағидасы – зардап шеккендермен жұмыс істеумен қатар, халықты цифрлық гигиенаға жаппай оқыту және жасанды интеллект көмегімен күмәнді транзакцияларды лезде бұғаттау жүйелерін енгізу. Бұдан не түсінеміз? Тек біздің елде ғана емес басқа да мемлекеттерде осы олқылықпен күрес үздіксіз жүруде. Тек сабақ алып, қаржылай сауатты артыруға тиіспіз.

Енді сіздерге маңызды ұсыныстар әзірледік. Қаражатыңызды сақтап, қауіпсіз көбейту үшін біз мысал еткен нақты қағидаларды күнделікті әдетке айналдыру керек. Алдымен лицензияны мұқият тексеріңіз. Кез келген қаржы ұйымына немесе брокерге ақша салмас бұрын, оның ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) ресми реестрінде бар-жоғын міндетті түрде анықтаңыз. Шетелдік «халықаралық лицензиялар» Қазақстан аумағында ешқандай заңды күшке ие емес. Одан кейін алаяқтар тізіміне көз жүгіртіңіз. Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) сайтында қаржылық пирамида белгілері бар компаниялардың тізімі үнемі жаңартылып отырады (қазір тізімде 121 ұйым бар). Сондай-ақ «Baiqa, piramida» Telegram-боты арқылы кез келген ұйымды лезде тексеруге болады.
Жеке тұлғаларға (дропперлерге) ақша аудармаңыз. Нағыз инвестициялық компаниялар қаражатты жеке адамдардың картасына аударуды ешқашан сұрамайды. Төлемдер тек заңды тұлғаның ресми шотына жасалуы тиіс. Егер менеджер аударымды жеке нөмірге жіберуді сұраса, бірден бас тартыңыз. Тез байю уәделеріне сенбеңіз. Заң бойынша бағалы қағаздар нарығында табысқа кепілдік беруге қатаң тыйым салынған. Егер сізге қысқа уақытта 20-30 пайыздық кепілдендірілген кіріс уәде етсе, ол анық алаяқтық немесе қаржы пирамидасы.
Қаржылық қауіпсіздік жастықшасын жасаңыз. Түрлі активтерге (депозит, облигация, криптовалюта) ақша салмас бұрын, кемінде 3-6 айлық шығындарыңызды толық жабатын қолма-қол қор жинап алыңыз. Жинақты бір ғана құралға байлап қою өте қауіпті. Тұрақты кіріс пен шығын есебін жүргізуді әдетке айналдырыңыз. Эмоцияға берілмеңіз. Егер телефон арқылы өзін банк қызметкері немесе полиция өкілімін деп таныстырған адам хабарласып, шұғыл түрде код айтуды немесе «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды талап етсе, дереу тұтқаны қойып, банктің ресми нөміріне өзіңіз қоңырау шалыңыз. Банк менеджерлері ешқашан сізден құпия кодтарды сұрамайды.
Егер алаяқтарға төлемді банк картасы арқылы жасаған болсаңыз, халықаралық төлем жүйелері (Visa/Mastercard) арқылы қаражатты қайтару (чарджбэк) мүмкіндігі бар. Бұл үшін дереу банкке өтініш жазу қажет.
Қаржылық тәуелсіздікке жету – үздіксіз білім алуды, сабырды және қатаң тәртіпті қажет ететін ұзақ жол. Нарықтағы әрбір ұсынысты сыни тұрғыдан бағалап, тек тексерілген, ресми құралдарға ғана сенім арту арқылы сіз өз капиталыңызды қорғап қана қоймай, оны тұрақты түрде еселей аласыз. Ақшаны табу қаншалықты қиын болса, оны сақтау одан да үлкен сауаттылықты талап етеді. Ең бастысы – алтын уақытыңыз бен маңдай термен тапқан қаражатыңызды күмәнді жобаларға сарп етпеңіз. Осы қарапайым қағидаларды ұстана отырып, сіз кез келген қаржылық дағдарыс пен алаяқтардың құрығынан аман өтесіз.
Тас лақтырсаң, алақтарға тиетін кездеміз. Тек әлеуметтік желілер ғана емес, көлік (kolesa.kz), заттар (olx) саудалайтын сайттарда да өріп жүр. Поштаның атын жамылып, сәлемдеме келгенін хабарлайтындар да көп. Мақаланың түйінін «Мошенники» сериалымен аяқтауды жөн көрдік. Осы туындыны көру арқылы нақты өмірдегі алаяқтық схемалар, қылмыскерлердің психологиялық айла-тәсілдері меңгересіз. Сонымен қатар, қауіпті жағдайларды алдын ала сезіп, өз қаражатын сауатты қорғауды да үйренесіз.
Мәулен Әнербай





