ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік ЖҰМАНҒАРИН Жетісу облысына жұмыс сапары аясында мал, ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, шаруалардың жұмысымен танысты. Облыстың тыныс-тіршілігін, жеткен жетістіктерін облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ арнайы таныстырды.
Вице-премьер алдымен Көксу ауданындағы «Каримов» тауарлы-сүт фермасына барды. «Ірі жобалар» бағдарламасына қатысушы, кәсіп иесі Рахым Каримов жұмыс ретімен таныстырды. 2018 жылы құрылған серіктестік асыл тұқымды сүтті мал өсірумен айналысады. Балпық ауылындағы тауарлы-сүт фермасында 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Рахым Смағалиұлының айтуынша, жылына 5500 тонна сүт өндіреді. Ал тәулігіне 18 тонна сүт алуда.
– 2018 жылы «Жетісу» ауылшаруашылық өндірістік кәсіпорнымен бірлесіп «400 басқа арналған тауарлы-сүт ферма құру» инвестициялық жобасын жүзеге асырдық. Жобаның құны 1,3 миллиард теңгені құрады. Болашақта инновациялық технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз. Роботтандырылған сауу жүйесін пайдалану да жоспарда бар, – деді шаруашылық басшысы.
Аталған шаруашылық 2021 жылдан бастап 350 бас ірі қара малға кеңейтілген. Жобаның құны 900 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 862 бас ірі қара мал бар. Оның ішінде Дания елінен 136 бас сиыр және немістің «гольштейн» сиыр тұқымы да кездеседі.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин тауарлы-сүт ферманың жұмысымен танысып, алдағы жоспардың жүзеге асуына барынша қолдау болатынын айтты. Болашақта тұрғындар тарапынан арыз-шағым түспеу үшін жаңа технологияны пайдалану қажеттігін жеткізді.
Ескелді ауданында облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев облыстың аграрлық секторы бойынша жетістіктерді таныстырды. Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіші жоғары.
Жалпы өңірлік өнім 1923,7 миллиард теңгеге жеткен. Өнеркәсіпте 92,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ал ауылшаруашылығының жалпы өнімі 57,8 миллиард теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 есеге ұлғайып 40,3 миллиард теңгені құрады. Облыс аумағында 65,2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Биыл ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 7,0 мың гектарға ұлғайтылды. Егіс алқабын әртараптандыру аясында дәнді дақылдар 15,1 мың гектарға, картоп 0,9 мың гектарға қысқарып, қажетті дақылдардың егіс көлемі жалпы 22,9 мың гектарға ұлғайды. Қант өндіру саласын дамыту бағытында, яғни 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға арттыруды жоспарлап, 12,6 мың гектарға егілді.
Ары қарай жұмыс тобы мал және өсімдік шаруашылығымен айналысатын «Хильниченко и К» шаруашылығына барды. Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында 1998 жылы құрылған шаруашылық 11000 гектар жер көлемін тиімді игеруде. Қазіргі таңда мұнда 210 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаруашылық басшысы Александр Хильниченконың айтуынша, шаруашылық дәнді және бұршақ дақылдарын өсіруге, ұсақ мал және етті жылқы асырауға машықтанған. 1438 гектар егістік жер болса, оның ішінде 264 гектар суармалы және 9562 гектар жайылымды жердің барлығы да тиімді игерілуде. Сонымен қатар, 7196 бас «Этти меринос» қой тұқымы, 565 бас жылқы, 295 бас бие байлауда.
Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірілген өсімдіктерді қорғау құралдары, тұқымдар, стимуляторлар, микротыңайтқыштар, кәсіпкерлердің өнімдері, сондай-ақ, егіс алқабындағы ауылшаруашылық техникалары қойылған көрмемен танысты. Одан әрі ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен пікір алмасты. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин соңғы жылдары ауа райының әртүрлілігіне байланысты еліміздің ауылшаруашылығы саласында қиындықтар болғанын, көптеген өңір өнім алмағанын атап өтті. Бүгінде ел Президентінің тапсырмасы мен бақылауындағы жағдай өзгеріп, алдағы уақытта тек оң динамика байқалатынын айтты.
– Жетісу облысының әр саласында даму бар. Жетістік көңіл қуантады. Үлкен жұмыс атқарылғанын көріп отырмын. Біз сіздердің жетістіктеріңізге қуаныштымыз және сіздердің еңбектеріңізге ризамыз. Мемлекеттің алдағы жылдарға арналған ауылшаруашылығындағы мақсаты – ішкі нарық қажеттілігі толық жабылғанға дейін негізгі азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту, ал болашақта – экспортқа шығу. Өнім жақсы болуы үшін міндетті түрде техника да заман талабына сай болғаны жөн. «Кең дала» бағдарламасы туралы бәріңіз білесіздер, оған бөлінген қаржы 180 миллиард теңге болған. Биыл қосымша 400 миллиард теңге бөлінді. Мемлекет бірден 60 миллиард теңге субсидия бөлді, соның нәтижесінде Аграрлық несие корпорациясы 5 пайыздан аспайтын жеңілдетілген мөлшерлемемен несие береді. Бірақ корпорация жоғары талаптар қояды. Сондықтан несиелер бойынша қамтамасыз ету жағдайын жақсарту үшін «Даму» қоры арқылы несиелік келісім сомасының 85% мөлшерінде кепілдік тетігі қарастырылған. Бұл үлкен мәселе тудырды. Бірақ бірқатар өзгеріс енгіздік. Енді «Аграрлық несие корпорациясының» өтінімдері өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға жіберіліп, жергілікті әкімдік кепілгер болуға әрекет етуде. Бір сөзбен айтқанда, сіздердің барлық ұсыныстарыңызды ескеріп, тетігін пысықтадық. Ең бастысы, бюджет қаражаты шаруаларға жетеді. Біз отандық өнімді арттырып, шаруалар сұранысын қанағаттандыру үшін барлық жағдайды жасаймыз. Өзге өңірлермен салыстырғанда сіздерде ауа райы қолайлы. Тәжірибелі әкімдердің бірі басшылық етіп отырған облыс барлық көрсеткіштер бойынша бірінші орында келеді. Сондықтан сіздерге табыс пен мол өнім тілеймін! – деп тілегін білдірді жиын соңында Серік Жұманғарин.
Кездесу барысында шаруалар ауылшаруашылығы бағытында көрсетілетін мемлекеттік көмектер, субсидиялар, арнайы техникалар алу үшін қарастырылған жеңілдетілген несиелер және тағы да басқа қиындықтар тудыратын тақырыптарда сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді. Өз кезегінде Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин барлық сұраққа нақты жауап қатып, ұсыныстардың ескерілетінін жеткізді.
Жұмыс тобы «ЖетісуАгроКешені» ЖШС кәсіпорын жұмысымен танысты. «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ қоймасына 4600 тонна өнім сақтауға болады. Жалпы, пайдаланатын алаңы 3555 шаршы метр. Облыс шаруалары өнімдерін жаз мезгілінде әр шаршы метрге 200 теңгеден, ал қыста әр шаршы метрге 1000 теңгеден сақтауға мүмкіндіктері бар. Мұнда көбіне картоп, сәбіз және пияз сақталады. Қойма жұмысымен танысқан жұмыс тобы жетісулық шаруаларға
Еңлік КЕНЕБАЙ