Елімізде сатушы да, алыпсатар да, делдал да азық-түлік бағасын қалауына орай қоя алмайды. Әлеуметтік маңызы бар азықтық тауарлардың бекітілген шекті бағасы бар. Егер одан асырып құн қойған жағдайда Жетісу облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті қарап қалмайды. Қазір еліміздің қаржы мониторинг агенттігінің нұсқаулығына сәйкес Жетісу облысы экономикалық тергеп-тексеру департаментімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларға тұрақты түрде талдау жұмыстары жүргізуде. Кімде-кім шекті бағадан асырған болса, заң алдында жауап береді. Осы департамент басшысының орынбасары Артур Барамышевтің сөзіне сенсек, әлеуметтік азық-түліктің бағасын өсіргендер жазасыз қалмайды.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті өндірушіден бастап тұтынушыға жететін жолды бақылайды. Олар осы екі аралықтағы бағаның өспеуін, заңнамада белгіленген тәртіптің бұзылмауын жіті назарда ұстауда.
– Жосықсыз делдалдарды анықтау бойынша жұмыстың алгоритмі Сауда министрлігімен бекітілген. Алгоритмге сәйкес кірістер департаменті электронды шот-фактураларды жолдайды. Біздің тарапымыздан қосымша құн салығы есебінде тұрған және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сататын барлық кәсіп- орындарға талдау жасалады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 204-4 бабына сәйкес сауда үстемесі 15% асқан деректер анықталған жағдайда құзырлы органға жіберіледі, – деді департамент басшысының екінші орынбасары.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына 15% үстемеден асырғандарға тиісті шара қолдану үшін ақпарат Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданады. Биыл бағаны оңды-солды өсірген 10 делдал әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Департамент өкілдері қандай да бір экономикалық құқықбұзушылық анықталған жағдайда онлайн форматта хабарлауға болатынын жеткізді. Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Ербол Құрманбаевтың сөзінше, Қаржы мониторингі агенттігімен бірлескен AFM Insider телеграм боты іске қосылған. Әлеуметтік тауарлар тізімі бойынша өнім бағасы көтерілген жағдайда кез келген тұлға осы қосымша арқылы өзінің арыз-шағымын білдіре алады.
Дастанбек САДЫҚ