«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір», – дейді. Бағзыдан баққаны төрт түлік, жегені соның өнімі болған соң бізге кейде кей кәсіп таңсық көрінеді. Сонау ықылым заманда қытайлар сазанның неше атасын түрлендіріп, алтын балықтың сан түрін жасап жатқанда, тұяқты бағудан әріге бармаппыз. Бірақ, бұл қазақтың балық шаруашылығынан ада болғанын білдірмейді.
Суда тулағанды бақпағанмен, «өзен жағалағанның өзегі талмайды» десіп, балық аулаудың сан тәсілін меңгеріпті. Дейтұрғанмен, кеңес заманында балық шаруашылығы қазақ салтына етене енді. Төскейде түлік өрбіткен жұрт балық та өсірді, бабын келістіріп, осы саланың байыбына да барды. Ал ел тәуелсіздігін алған соң тонналап балық өндірген шаруашылықтар тұралап, қазақ қайта атакәсібіне бет бұрған-ды. Тұтынушы мен сұраныс сол тауарлы балық шаруашылығын қайта жандандыруға сеп болғандай. Өйткені, бабасы қой өсіргендер бүгін балық баптап жүр. Солардың бірі – Мұрат Сейітханов. «Жетісуда жасалған» айдарының кейіпкері де осы кісі болмақ.
Сөз басын ашып алайық, жалпы Жетісу топырағында 30-ға жуық балық шаруашылығы бар. Бәрі де балықтың неше атасын тонналап өсіріп, кәсібін дөңгелентіп жүр. Ал біздің кейіпкер несімен дара, несімен ерек. Мұрат Қасқырбекұлының кәсібін өзгелерден даралайтыны уылдырықтан шабақ өндіретіні. Дұрыс түйсініңіз, балық бизнесіне бой ұрғандар өзге облыстардан шабақтарды салмағы 4-5 граммнан асқан сәтінде сатып әкеліп, тауарлы деңгейге жеткізгенше ұстап, соны сатумен айналысады. Ал Мұрат болса, Түркиядан уылдырық сатып алып, одан шабақ өндіріп, сұрай келген жанға үлестірумен айналысады. О, тоба, уылдырықты Түркиядан әкелгенше неге өзімізде ұрпақ шашатын аналық һәм аталық балықты өсірмейді деуіңіз заңды. Оның өз машақаты бар. Біріншіден, Мұрат Қасқырбекұлы салада еселі еңбегі болғанмен, кәсіп бастап, бассейнде мыңғырған шабақ өрбіткені жақында. Алдағы уақытта уылдырық шашатын балықты баптауды да қолға алмақ. Әйтпесе, Түркиядан келер өнімнің күтімі кәдімгідей алаңдатар жайт екен. Балықшының айтуынша, уылдырық 2 градус температурадан не төмен, не жоғары болмайтын жағдайда келуі тиіс. Әрі тасымал жұмыстары Қырғыз Республикасы арқылы жүзеге асып жатыр екен. Өйткені, тауарлы балық шаруашылығы айырқалпақты ағайындарда қарқынды дамыған. Түркиядан ауқымды көлемде қырғыздарға келіп, аз көлемі Қазақстанға бағытталады. Гәп қайда жатыр?
Уылдырықтан балық өндіруге айналып соғамыз. Енді кәсіптің басталу барысын тарқатайық. Мұрат Сейітханов балық десе бір бүйрегі бұрып тұратын жан. Ол Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Ихтиология, өнеркәсіптік балық аулау және балық шаруашылығы» мамандығы бойынша жоғары білімі бар. 17 жылдан астам уақыт балық инспекциясында жұмыс істеді. Бұл салада су биологиялық ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану саласында құнды тәжірибеге ие болды. Сондай-ақ, көпжылдық тәжірибемен нығайтылған терең теориялық білім аквамәдениет саласында жеке кәсіп ашудың берік негізіне айналды десек, артық айтпағандық. Оны өз сөзінен аңғаруға да болады.
– Шыны керек, қазақ кәсіп бастау жайлы сөз етсе, мал өсіруден басқаны аз айтады. 40 бұқаны бордақылап, етін сату үшін кемі 4 кісі бой жазбай еңбектенуі керек. Оған тонналап жем, баулап шөп жиып әлекке түседі. Ал балық шаруашылығы бір жерден тапжылмай, шыдам мен сабырды серік етіп, 1 тонналық бассейнде де жүзеге аса беретін кәсіп. Бабын тауып, жемі мен дәрмегін уақытында берсе, судағы оттегі үздіксіз болса, балықтан түсер табыс көл-көсір. Қазір шаруашылықтағы бір бассейннен 14 млн. теңге табыс табамын десем, жұрт шалқасынан түседі. Бірақ, бұл кәсіптің ерекшелігі осында. Оның үстіне 40 бас бұқаны бордақылау үшін үлкен қора қажет. Ал 100 мың балық өсіру үшін бетон бассейн жетіп жатыр. Аулада жүзеге асатын ең тиімді кәсіп қой, – дейді балықшы.
Жиырма жылға жуық тәжірибесі бар Мұрат Қасқырбайұлы кәсіпті бастауға ниеттенгенмен қолайлы жер таппай біраз әбігерге түседі. Бірақ, Өтенай елді мекенінің маңындағы мал бордақылау алаңын назарға алып, әлсін-әлсін саудаласып көреді. Ақыры 4 жыл дегенде көлшігі бар, жері бар, шатырлы қорасы бар нысанды сатып алады. Содан қора ішін балық ұстауға бейімдеп, бассейндер сала бастайды. Бассейндегі су айналымы үшін ондаған сусорғы құрылғыларын орнатады. Осынша жұмысқа 25 млн. теңгеге жуық қаражатын жұмсайды. Ал, ірі көлемде балық фермасын жүзеге асыру үшін ауқымды қаражат қажет. «Даму» қорының Бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алады. Одан бөлек «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде төмен пайызды несиеге де қол жеткізеді. Сол қаражатқа уылдырықтан бір мезетте 500 мың шабақ шығаратын бірнеше инкубатор алады. «7су балық» фермасы осылай алғашқы қадамын бастайды.
– Балық өсірудің қыр-сырын әбден меңгерген Ерлан Кегеновтен тәлім алдық. Шаруашылықты бастаған соң Шымкент қаласында көптен балықты кәсіп етіп жүрген Ерлан және Мұрат есімді жігіттер көп көмектесті. Уылдырық алуға жәрдемдесті. Шаруашылығыма келіп, ішіндегі жабдықтарды орналастыруға кеңестерін берді. Тіпті, бір маманымыз олардың шаруашылығынан тегін тәлім алып келді. Алғаш уылдырықтан балық шығарғанымызда көп кемшілік кетті. Одан сабақ алуға осы жігіттер көп тер төкті, – дейді Мұрат Қасқырбекұлы.
Кәсіпкеріміз «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша алған несиеге уылдырық және балық шабақтарын алыпты. Балықшының сөзіне сенсек, меншігіндегі көлдерге 70 мың шабақ жіберген. Бұл су айдындарындағы табиғи балансты реттеуге қосылған үлкен үлес. Сол бағдарлама өзегінде қолға тиген қаражаттың бір бөлігіне көлге қажетті қайықтар, су сорғы қондырғыларын алуға жұмсаған.
Әлгі уылдырыққа келейік, қазір «7су балық» шаруашылығы инкубаторлар арқылы 3 мәрте балық шығарған. Қазір мұндағы бассейндерде 500 мыңға жуық форель шабақтары жүр. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, Түркиядан келетін уылдырық сапалы әрі сыйлығы мол екен. Әрбір 100 мың уылдырыққа 20 мыңға жуығы сыйға беріледі. Мұрат Қасқырбекұлы бассейндердегі балық шабақтары «өзінікі емесін» айтып ақталды. Маңайдағы шаруашылықтар сатып алған. Тек балықшының міндеті – 50-60 күн шабақтарды тиісті салмаққа жеткізіп, иесіне өткізу. Тіпті, инкубаторда енді жыбырлай бастаған форель дернәсілінің де өз иесі бар көрінеді.
Мұндай ауқымды балықтың тез саудалануына себеп – форель шабағы болуында. Кәсіпкер ел ішінде «хан балық» атанған бұл тұқымдасты Еуропа жоғары бағалайтынын алға тартып отыр. Оның сөзіне сенсек, кәріқұрлықтағылар бар-жоғы 300-400 грамм салмағы бар форель балығын тұтынады екен. Соңғы уақытта Қазақстанда өскен бұл балыққа сұраныс мүлдем артқан. Ал, уылдырықтан дернәсіл 8 айда осы салмаққа жетеді. Айтпақшы, еуропалықтар бұл балықтың келісін 3000 теңгеден сатып алатын көрінеді.
– «Хан балық» шабақтары күніге 5 мәрте азықтандырылады. Әзірге сапасы жоғары Польшадан келетін арнайы жем береміз. Балық азығын жылдық айналымы 7 млрд. теңгеге жеткен «Хан балық» ЖШС арқылы сатып алып отырмыз. 20 келілік жемнің құны 50 мың теңге шамасында. Бұл айтарлықтай қалтаға соғады. Жоспарымызға сай алдағы уақытта байытылған балық жемін даярлауға да көшеміз. Өз ретінде бұл шаруашылықтың тынысын аша түспек. Болашақта маңайдағы көлдерге 1 млн. сазан, дөңмаңдай сынды жергілікті жердің балығын жіберуді көздеп отырмыз. Мұндай қадамға не үшін бармақпыз? Әдетте балықшылар көл тіршілігін аулап алады да, қалпына келтіру жұмыстарымен айналыспайды. Біз судағы тіршілік балансын осылай қалыпқа келтіруді көздейміз, – Мұрат Сейітханов.
Қазір шаруашылық 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың біліктілігін қоңсы облыстардағы балық фермаларымен тәжірибе алмасу нәтижесінде шыңдап отыр. Әйтпесе, бұл салаға маман тапшы. Жастар ат-тонын ала қашатынын да жасырмады кәсіпкер. Айтуынша, жастар істелетін жұмысты емес, төленетін жалақыны сұрайды екен. Ал, бұл салаға бейімделемін деген кісіге тәлім беруге әбден дайын. Кәсіпкердің айтуынша, «Жақсы дүниені бөлісу жарқын болашаққа бастайды» екен.
– Жоспарымыз көп. Сол жоспар өзегінде форель балығының уылдырығын өндіру де бар. «7су балықтың» өндіріс көлемі ұлғайса жаңа жұмыс орындары құрылады. Сонымен қатар, жоспардан тыс мақсатымыз айқын. Кәсібіміз алға жылжи түссе 100 жетісулыққа баспана сыйлауға ниеттіміз. Бастысы, бастаған ісіміз дөңгелей түссін, – дейді Мұрат Сейітханов.
Біздің де тілек осы, «7су балықтың» бағы жанып, өңірдегі теңдессіз шаруашылықтың болашағы жарқын болсын!
Дастанбек САДЫҚ






