Базалық мөлшерлеменің 18%-ға көтерілуі және оның экономикалық салдары мен күтілетін нәтижелері қандай? Осыған экономикалық шолу жасап көрейік.
Өздеріңізге белгілі, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың жинақтарын қорғауға бағытталған кезекті маңызды қадам жасалды. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық банкі биылғы қазан айында базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім қаржы нарығындағы тұрақсыздықты тежеу және инфляциялық қысымды азайту мақсатында жасалды. Агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл халықтың депозитке деген қызығушылығын арттырып, қолма-қол қаражатты банк секторына тартуға, қаржылық сауаттылықтың артуына септігін тигізбек. Ал сарапшылар мөлшерлеменің көтерілуі теңгеге деген сұранысты арттырып, капиталдың сыртқа кетуін тежеуге мүмкіндік беретінін айтуда.
Ұлттық банктің мәліметінше, соңғы айларда елде баға өсімі жоғары деңгейде сақталған. Сол себепті ақша-несие саясатын қатаңдату қажеттілігі туындаған. Сонымен бірге депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің артуы халықтың жинақ жасауға деген ынтасын арттырып, ұлттық валютаның тұрақтауына оң әсер етеді деп күтілуде. Экономистер базалық мөлшерлеменің көтерілуі қысқа мерзімде экономикалық өсімге тежеу салғанымен, ұзақ мерзімде инфляцияны бақылауға және қаржы жүйесін тұрақтандыруға ықпал ететінін атап өтті. Ұлттық банк алдағы уақытта ішкі және сыртқы нарықтағы жағдайды ескере отырып, ақша-несие саясатына қатысты жаңа шешімдер қабылдауы мүмкін.
Десек те, базалық мөлшерлемені көтерудің кемшін тұстары да бар көрінеді. Осы ретте сарапшылар мөлшерлеменің өсуі банктердегі несие өнімдерінің қымбаттауына алып келіп, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін қарыз алу мүмкіндігінің шектелетінін, бизнес белсенділіктің баяулауына кері әсерін тигізетінін жеткізуде. Сондай-ақ, депозиттер бойынша кірістіліктің өсуімен банктер несиелер, әсіресе ипотекалық несиелердің шарттарын қайта қарауға мәжбүр.
Осы тұрғыда R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың айтқандарына құлақ түріп көрейік. Оның пікірінше, елде ипотека бойынша ең жоғарғы мөлшерлеме жылдық 20% деңгейінде шектелген. Осы орайда, егер банктер 18% -бен депозиттер тартатын болса, жақын мөлшерлемемен несие беру экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бұл ипотекалық бағдарламалардың уақытша тоқтатылуына және жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділіктің төмендеуіне алып келмей ме деген ой тудырады. Нәтижесінде мәмілелердің бір бөлігі кейінге қалдырылып, құрылыс секторы баяулайды деген күмән бар. Тұрғын үйге сұраныстың төмендеуі жалпы саладағы жұмыспен қамтуға да кері әсерін тигізбек.
– Бизнес несиелері қымбаттайды. Компанияның бұл шығындары өзіндік құнға қосылады, яғни өнім бағасы көтеріледі. Нәтижесінде тұтынушылар қайтадан қымбатшылыққа тап болады. Инфляция баяулауы мүмкін, бірақ ол жойылмайды. Халықтың нақты сатып алу қабілеті төмендейді, – дейді экономист. Сарапшы отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеу қаупіне де назар аударды.
– Біз еуразиялық экономикалық одақта тұрмыз, онда пайыздық мөлшерлемелер Ресей, Беларусь және Қырғызстанға қарағанда төмен. Яғни, бұл олардың тауарларының арзанырақ болатынын білдіреді, ал қазақстандық компанияларға ел ішінде де, сыртқы нарықтарда да бәсекелесу қиынырақ болады, – деп атап өтті ол.
Экономистің айтуынша, бұл қадам теңгені уақытша тұрақтандыруға көмектеседі.
Сондай-ақ, сарапшы: «мөлшерлеме өскен кезде инвесторларға активтерді теңгемен ұстау тиімдірек болады. Сондықтан біз бағамның төмендеуі тоқтатылғанын көреміз. Бұл девальвациямен күресудің бір құралы. Бірақ, оның әсері қысқа мерзімді. Валютаның ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін өндірісті дамыту, нақты секторды қолдау және экономиканың тиімділігін арттыру қажет», – деп түсіндірді.
Арман Байғанов басқа елдерден де мысал келтірді. Мәселен, түркияда ставка 50% -ға жеткен. Қазір шамамен 40%, бірақ лира әлі де құнсыздануды жалғастыруда. Бұл монетарлық саясаттың өзі жеткіліксіз екенін көрсетеді. Экономика пайыздық шешімдерге тәуелділікті азайту үшін көбірек өнім шығаруы тиіс. Осылайша, базалық мөлшерлемені көтеру салымшылардың позициясын нығайтады. Бірақ қарыз алушылардың өмірін қиындатады. Ал депозитте ақша салғандардың біраз табыс табуына жол ашылады. Алайда ипотека қымбатырақ және қолжетімді болмайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда банктер әр түрлі мерзімге арналған депозит түрлерін ұсынып отыр. Облысымыздағы бірқатар банктер де жаңа мөлшерлемені енгізіп, клиенттерге тиімді ұсыныстарын беруде. Жинақ ақшаны банкте сақтау – қаржыны қорғау және оны тиімді пайдаланудың сенімді жолы. Сондықтан, мамандар азаматтарды депозит шарттарымен танысып, жинақтаудың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады. Жерлестеріміз үшін бұл жаңалық қаржыны тиімді басқаруға тың серпін беретіні сөзсіз. Қаржылық шешім қабылдарда ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, банк өкілдерінен толық мәлімет алған жөн.
Айгүл Байбосынова




