Күннің жылынуымен бірге алакөлдік диқандар да уақытпен санаспай, егістік алқаптарына шығып, жаңа маусымның берекесін қалыптастыруға кірісті.
Биылғы көктем шаруалар үшін ерекше жауапты кезең болғалы тұр. Егістік алқабын ұлғайту, дала жұмыстарын сапалы атқару, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру негізгі мақсаттардың бірі ретінде белгіленген. Қазіргі таңда шаруашылықтар тұқым себу, жер жырту, тыңайтқыш енгізу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Али Сембаевтың айтуынша, өңірде 1300 шаруашылық бар, оның 500-ге жуығы егін шаруашылығымен айналысады. Биылғы ауа райы да осы саламен шұғылданатын диқандардың дала науқанын қыздыруына ыңғайлылық танытып тұр. Топырақ ылғалы жеткілікті, бұл өз кезегінде тұқымның уақытылы әрі сапалы көктеуіне мүмкіндік береді.
Өңірде биыл 80024 гектар жерді игеру жоспарланған, оның ішінде суармалы және тәлімі алқап бар. Дәнді-дақылдарға арналған жер көлемі 34198 гектарды құрайды, оның ішінде күздік және жаздық бидай, арпа, сұлы, дәндік жүгері, күнбағыс, майбұршақ, мақсары, қант қызылшасы мен бақшалық және азықтық дақылдар, картоп, көкөніс түрлері өсіріледі.
Көктемгі жұмысқа техникалар толық дайындалып, қажетті жанар-жағармай қоры жасақталып, науқанға кірісуде. Ауылдағы шаруалар бұл маусымнан мол үміт күтеді. Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында олардың жұмыс істеуі жеңілдеген. Субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға, сапалы тұқым алуға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, биыл мол өнім болады деген сенім басым.
Көктемгі дала жұмыстары тек егіншілікпен шектелмейді. Қыс бойы мал қыстату науқанын ойдағыдай өткерген қожалықтар енді төлді аман-есен алып, оны күтіп-баптауға баса мән беруде. Мамандар бұл науқанды сапалы ұйымдастыру – мал басын көбейтудің негізгі кепілі екенін алға тартады. Сондықтан шаруалар бұл іске де барынша жауапкершілікпен қарап, әрбір төлдің амандығын басты назарда ұстап отыр. Сөйтіп, мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар көктемгі төл алуды табысты өткізуге күш салуда.
Бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізетіні анық. Бір сөзбен айтқанда, өңір басшылығы тарапынан шаруаларға қолдау көрсету жалғасуда. Егіс науқанының барысы тұрақты бақылауда, қажетті көмек дер кезінде көрсетілуде. Бұл өз кезегінде көктемгі дала жұмыстарының ұйымдасқан түрде өтуіне оң әсер етеді.
Жалпы, ауданда көктемгі дала науқаны белгіленген кестеге сай жүзеге асырылуда. Шаруалардың табанды еңбегі мен табиғаттың қолайлы жағдайы биыл өнім берекесін тасытуға негіз болады деген үміт бар.
Айгүл Байбосынова
Алакөл ауданы





