Соңғы уақытта қазақстандықтар коммуналдық қызметтердің төлемі күрт өскеніне шағымданып жатыр. Әлеуметтік желіде тұрғындар ақпан айында келген түбіртектердің бұрынғыдан әлдеқайда қымбат болғанын жазуда.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі төлемдердің өсуін қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін көтерілуімен және ауа райының күрт суытуымен түсіндірген еді. Алайда бірқатар өңірде коммуналдық төлемдердің өсімі салық мөлшерінің өзгерісінен әлдеқайда жоғары болғаны айтылуда.
Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл жағдайға байланысты тарифтік реттеушілер тексеріс жүргізетінін мәлімдеді.
«Біз тарифтердің көтерілмейтінін айттық. Қазіргі уақытта елде коммуналдық қызмет тарифтері ресми түрде өскен жоқ. Егер кейбір өңірлерде төлем негізсіз көбейген болса, тарифтік реттеуші оны анықтайды. Тұрғындардың артық төлеген қаражаты қайтарылады», – деді министр.
Оның айтуынша, жекелеген аймақтарда, әсіресе Атырау облысында коммуналдық төлемдердің өсімі ҚҚС мөлшерлемесінің өзгерісінен әлдеқайда жоғары болып кеткен.
Еске салайық, 2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда ҚҚС 12%-дан 16%-ға дейін өсті. Коммуналдық қызмет тарифтері ҚҚС-сыз бекітіледі, алайда заңға сәйкес түбіртектерде салық қызмет құнына қосылып көрсетіледі. Осыған байланысты төлем сомасы шамамен 3-4%-ға ғана артуы тиіс. Дегенмен тұрғындар түбіртектердегі өсімнің бұдан әлдеқайда жоғары екенін айтуда.





