Қазақтың қасиетті қара шаңырағы саналған ауылдағы ағайынның жағдайы тым жақсы дей алмаймыз. Бірақ, екі қолға бір күрек ұстап, еңбек етіп жүргендердің жағдайы көш ілгері. «Қолы жыбырлағанның аузы жыбырлайды» деген дана халқымыздың бір-ақ ауыз сөзі еңбекке шақырып тұрғаны анық. Сондықтан еңбек етемін, ешкімге салмақ салмаймын, еліме аз да болса өз үлесімді қосамын деген әрбір қазақстандық азаматқа мемлекет тарапынан үнемі қолдау табылатыны анық. Әсіресе, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы өз жемісін беруде. Биыл бағдарлама аясында облысқа 2816,0 миллион теңге бөлінді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2023 жылы облысқа бөлінген 3,2 миллиард теңге толығымен игерілген. Кәсіп көзін ашып, шаруасын дөңгелентуге құлықты облыс тұрғындары 535 жоба бойынша несие алып, жаңадан 617 жұмыс көзін ашқан. Бұл өте жақсы жетістік деп бағалауға болады.
Берекесін көріп келемін
– Бұл бағдарламаның жемісін көріп, нәсібімді тауып отырғаныма шексіз ризамын. Қазан айында 2 мың бөдене жұмыртқасын сатып алып, инкубаторға салып, қолдан көбейттік. Әзірге құс фермам шағын. Екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бөденелер 45 күн ішінде өнім бере бастады. Қазір қорада 3 мың құс бар. Бағдарлама аясында 8 миллион 300 мың теңге несие алып, құс, мал шаруашылығының жұмысын жандандырдық. Кәсіп көзін ашып, нәсібін табамын деген ниеттес жандарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып, кәсіп ашамын десеңіз, қорықпаңыз, тәуекел етіп іске кірісіңіз. Еңбек үнемі өз жемісін береді деп кеңес айтқым келеді.
Ерболат СЛАМХАН,
Көксу ауданының тұрғыны
Бағдарлама аясында мал шаруашылығы бойынша 495 жоба іске асты. Төрт түлікті көбейтуді көздеген шаруалар 684 несиеге 11 мыңға жуық мал сатып алып, кәсібін дөңгелентуде. Облыс диқандары егін шаруашылығы бойынша 13,7 миллион теңге қаржы алды. Қайта өңдеу саласында 45,7 миллион теңге шағын несиеге 3 наубайхана, 2 құрамажем өндірісі, 1 кондитерлік цех және жартылай дайын өнім шығару орындары жұмысын бастады. Жемісті бағдарлама аясында 13 ауылшаруашылығы кооперативі құрылғанын ерекше атап өткен жөн. Оның 2023 жылы мал азығын дайындау бойынша 2 кооперативі 55 миллион теңге несие алды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 мамырдан бастап 2024 жылға өтінімдер қабылдау жұмысы басталды. Қазіргі таңда жалпы сомасы 2125,0 миллион теңгеге 276 өтінім қабылданды. Оның ішінде мал шаруашылығына түскен өтінім әлдеқайда көп. Мал шаруашылығы бойынша өтінімдерді қабылдау 15 мамырда тоқтатылды. Өзге кәсіп түрлері бойынша өтінімдерді «Жетісу» ӘКК мен «Атамекен Жетісу» МҚҰ» ЖШС қабылдауды жалғастыруда.
Еңлік КЕНЕБАЙ





