Күзде мол өнім алу көктемгі дала жұмыстарының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан егін науқаны басталмай тұрып, дайындықты күшейту – ауыл шаруашылығындағы ең маңызды міндеттердің бірі.
Бұл мәселе Сарқан ауданында өткен арнайы жиында кеңінен талқыланды. Басқосуға жауапты басқарма өкілдері, аудан әкімдіктері, сала мамандары мен шаруалар қатысты. Алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев сөз сөйлеп, жиында қаралатын негізгі мәселелермен таныстырды.
– Ауыл шаруашылығын дамыту басты назарда. Мемлекет Басшысы кезекті Жолдауында, Ұлттық құрылтай отырысында, Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында, осы саланың қарқынды дамуы бойынша бірқатар тапсырма берді. Басты міндет алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісін 2 есе ұлғайту. Бұл бағытта нақты жоспарлар бар. Енді бізге – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже көрсету керек. Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстарына дайындық жүргізілуде, оны уақытылы әрі сапалы жүргізілуі диқандар үшін өте маңызды және бұл аса жауапты іс, – деді Әлібек Әскербекұлы.
Бұдан соң өткен жылы жіберілген кемшіліктер де аталып өтіп, оның биыл қайталанбауы үшін ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жүйелі түрде жандандырудың маңыздылығына назар аударылды. Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған мәселелерді ескере келе, ерте кезден нақты шаралар қабылдаудың маңыздылығын, бұл салада нақты нәтиже болуы тиіс екенін көлденең тартты.
Ең алдымен, көктемгі дала жұмыстарына дайындықты пысықтау, шаруаларды қажетті жанар-жағармай, тұқым және минералды тыңайтқыштармен уақытылы қамтамасыз ету басты назарда. Сонымен бірге, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникаларын науқанға дайындау, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және оны айналымға енгізу, мал шаруашылығын өркендету, тұқымын асылдандыру, басқа да жұмыстарды күшейтуге баса мән берілді.
Өз кезегінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың баяндамасы тыңдалды. Айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 511,8 мың гектарға жеткізу немесе өткен жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға артық себу көзделіп отыр. Ал оның 387,5 мың гектары көктемде себілмек. Егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде бидай 3083 гектар, майлы дақылдар 1163 гектар, көкөністер 377 гектарға қысқарып, дәндік жүгері 5 171 гектар, арпа 1426 гектар, қант қызылшасы 838 гектарға ұлғаймақ.
Биылғы егінге 51,9 мың тонна көлемінде жаздық ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарының қажетті қоры қамтамасыз етілген. Қант зауыттарының өндірістік қуаттылықтары ескеріле келе, биылғы қант қызылшасының егістік көлемі 13,0 мың гектарға немесе өткен жылдан 838 гектарға артық сеуіп, жалпы 585,0 мың тонна өнім алу көзделуде. Жоспарланған егіс көлемін себуге 17,4 мың себу бірлік тұқым қажет. Оның негізгі көлемін Көксу және Ақсу қант зауыттары қамтамасыз ететін болады.
Бүгінгі күнге, Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандары бойынша себілетін 5600 гектарға қажет 7834 себу бірлік тұқымға өтінім берген 122 шаруашылықтың тізімі Ақсу қант зауытына ұсынылыпты. Десе де жоспарланған өнімді уақытылы қабылдау үшін ерте пісіп-жетілетін тұқым пайдалану маңызды. Бұл тұрғыда, өткен жылдың тәжірибесі ескеріле отырып шамамен 3500 гектарға ерте жетілетін 120 күндік Авантаж сорты себілбек, бұл зауыттардың қызылшаны 10 қыркүйектен бастап қабылдауына мүмкіндік береді.
Бұдан соң кезесуде агросақтандыру, мал шаруашылығы, вегетация, жеңілдетілген несие және лизинг бағдарламалары мен салық мәселелері қаралды. Шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен жаңа салық кодексінің нормалары түсіндіріліп, мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру мәселелері пысықталды.
Суармалы жерлерді тиімді пайдалану да күн тәртібіндегі маңызды мәселенің қатарында. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңарту және су беру тәртібін жөнге келтіру мәселесі аталып өтті.
Жиын барысында агросақтандыру «Agroinsurance» ЖШС-нің бас директоры Салтанат Сатыбалдина, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жетісу облысы филиалы директорының орынбасары Дулат Мұхамадиев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Жетісу облысы филиалының директоры Талғат Мамырбаев, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Ринат Жамаубаев, «ҚазСуШар» РМК-ның облыстық филиалының директоры Медет Керімжанов, «Сарқанирригация» коммуналдық кәсіпорнының басшысы Заманхан Әшірбеков сөз сөйлеп, өз салаларындағы бағыт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ой өрбітті.
Жиында сөз сөйлеген Ақсу қант зауыты» ЖШС-ның директоры Самат Нәдірбаев зауыттың одан әрі жаңғыртылатынын, нәтижесінде 2028 жылға дейін өнім қабылдау қуаттылығы тәулігіне тағы арттырылатынын, жұмысының жанданатынын жеткізді. Қант қызылшасын қабылдайтын кәсіпорын ісіне қатысты ойымен бөліскен облыс әкімінің бірінші орынбасары зауыт – шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарып, қызмет көрсетулері тиіс екенін және оның базасында машина-трактор станциясын құрудың экономикалық әрі стратегиялық тұрғыдан дұрыс қадам болатынын, қажет болса, диқандарды тұқым, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, өнім тасу мәселелеріне дейін ден қою қажеттігін баса айтты.
Кездесуде лауазымды тұлғалар алдында шаруалар көкейінде жүрген бірқатар өзекті мәселелерді алға тартты. Олар егіс науқанына қажетті жанар-жағармай мәселесін шешу, тыңайтқыш бағасының көтерілуі, қажетті тұқыммен уақытылы қамтамасыз етілу, ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізу, су тапшылығы сияқты басқа да түйткілдерге тоқталып, жауап алды.
Жиынға қатысқан жауапты сала өкілдері көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, оларды шешу бағытында жұмыстар жүргізілетінін алға тартты. Әсіресе, көктемгі дала жұмыстары қарсаңында шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру басты назарда болатыны атап өтілді. Сондай-ақ, зиянкестермен күресті, төрт түлікті түрлі аурудан сақтау мәселесіне де ден қойылды.
Кездесу қорытындысында шаруалардың ұсыныс-пікірлері жинақталып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілетіні белгілі болды. Мамандар мұндай ашық форматтағы кездесулер ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды дер кезінде анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Соңында күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты ой қорытқан Әлібек Әскербекұлы алдағы науқанды сапалы әрі жауапты атқару үшін салаға жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
Айгүл Байбосынова





