Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ қатысуымен мәслихаттың кезектен тыс XXV сессиясы өтті. Алқалы жиынды облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА жүргізді.
Жиында «Жетісу облысының 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссия ережесін келісу, облыс бойынша 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту, облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің 2024 жылғы атқарған жұмыстары және әлеуметтік зерттеу қорытындылары талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов баяндама жасады.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша қалыптасқан бюджет қаражатының бос қалдықтары өзекті және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге, оның ішінде облыс халқының әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алуды қоса қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,9 млрд. теңге көзделеді. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар құрылысын қоса қаржыландыруға 1,0 млрд. теңге бағытталады. Кредиттік тұрғын үй бойынша 13 үйдің құрылысына мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 8,0 млрд. теңге бөлінді. Бұдан басқа, Талдықорған қаласын дамытуға, атап айтқанда, инженерлік коммуникациялық желілердің құрылысына, сумен жабдықтауға, жолдарды жөндеуге және абаттандыруға 3,5 млрд.теңге қарастырылады, – деп алдағы атқарылатын жұмыстарды баяндады.
Жиында облыс бюджетіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар нақты сандармен көрсетілді. Осыдан кейін қала әкімі Ернат Бәзіл: «Қаладағы «Жұлдыз» және «Жетісу» шағынаудандарындағы тұрғын үйдің қасбеті, шатыры, аулалары жөнделіп, көгалдандырылады. Қалада гимнастика орталығы салынады» дей келе қала бойынша әр салада атқарылатын жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында аймақ басшысы:
– 2023-24 жылдарды біз жақсы аяқтадық. Облыс экономикасы едәуір өсті. Алғаш облыс бюджеті 450 млрд. теңгенің төңірегінде болған, биыл 568 млрд. теңгені құрап отыр. Алдағы жылдан да үлкен үмітіміз бар. 2025 жылы республикада 62 пайыз болса, біз 72 пайызға дейін жеткіземіз. «Қорғас – Шығыс қақпасында» құрылыс қарқынды жүруде. Биыл Көксу қант зауытының қуаттылығын екі есеге өсіреміз, 200 орынды онкологиялық орталық, шаңғы биатлон базасы салынады. Былтыр Панфилов, Алакөл аудандарына баса мән бергенбіз. Биыл бірінші кезекте Талдықорғанды жасыл қалаға айналдырып, одан әрі көркейтеміз. Екінші кезекте Ескелді, Текелі, Көксу аудандарын көркейтуді баса назарға аламыз, – деп облыс бойынша әр салада атқарылатын жұмыстарды кеңінен баяндады.
Екінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасының «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 11-бабының 5 тармағына сәйкес Жетісу облысының адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиясының ережесі келісілді. Сондай-ақ, комиссия отырысында Жетісу облысы бойынша 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту мәселесі қаралды. Облысымызды көгалдандыру мақсатында 2025 жылы 120 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда және аудан, қала аумақтарын абаттандыру мен көше жарығын орнату жұмыстарына жергілікті бюджеттен 15,7 млрд. теңге бөлінді. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша облысымыздағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің 2024 жылғы атқарған жұмыстары және әлеуметтік зерттеу қорытындылары тыңдалды. Былтыр департаментке 1242 өтініш түскен. Жоспардан тыс 134 мекемеге тексеру жүргізіліп, тексеру нәтижелері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Күн тәртібінде қаралған барлық мәселе депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.
Айдар ҚАЛИЕВ





