Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі қайта өңдеу үшін импортталатын тауарлар тізбесін белгілеу туралы бұйрықты бекітті. Енді осы санатқа кіретін өнімдерді елге әкелетін кәсіпорындар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуді кейінге қалдыру құқығына ие болады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Құжатта, сондай-ақ, Салық кодексінің 134-бабының 2-тармағына сәйкес ҚҚС төлеуді кейінге қалдыруға рұқсат етілетін кәсіпорындар санаты нақтыланған. Бұл шара отандық қайта өңдеу саласын дамытуға бағытталды.
Бұйрық Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінетін тауарларға қолданылмайды. Тізімге Қазақстанда өндірілмейтін немесе ішкі нарық қажеттілігін толық өтемейтін, бірақ қайта өңдеу өндірісі үшін маңызды шикізат пен компоненттер енгізілген.
Министрліктің мәліметінше, ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру кәсіпорындарға импорт кезінде өздерінің айналым қаражатын жұмсамауға мүмкіндік береді. Бұл саладағы қаржылық тұрақтылықты арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға жағдай жасайды.
Кейінге қалдыру тәртібі мен мерзімін салық және бюджетке төленетін төлемдерді әкімшілендіретін уәкілетті орган белгілейді.
Бұйрық жобасы осы сілтемеде.





