Алакөл ауданы үшін ауыл шаруашылығы – жай ғана бір сала емес, елдің ырысы мен жердің берекесін айқындайтын негізгі тірек. Сондықтан көктемгі дала жұмыстарына дайындық, тұқым сапасы, техника әзірлігі, тыңайтқыш қоры, суару жүйесі, мал қыстату мен жер қатынастарын реттеу – бәрі де аудан экономикасының тұрмысымен тікелей байланысты. Биылғы көрсеткіштерге қарасақ, өңірдің аграрлық кеңістігінде нақты іс басым екенін аңғару қиын емес.Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің ақпараты бойынша биыл 80024,2 гектарға дәнді-майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс және бақша дақылдары, азықтық дақылдар егіледі. Бұл дәстүрлі шаруашылыққа сүйеніп қана қоймай, нарық сұранысы мен азықтық қауіпсіздікті қатар ескеріп отырғанын көрсетеді.
Кез келген науқанның табысы тұқымнан басталады. Бұл ретте Алакөл ауданының шаруашылықтары көктемгі дала жұмыстарына дайын. Қазір шаруаларда дәнді дақылдардан 4070 тонна, майлы дақылдардан 2210 тонна, картоптан 84 тонна тұқым бар. Күздік бидайдың жағдайы да үміт күттіреді. Ауданда 23 шаруашылық 7600 гектар жерге күздік бидай сепкен. Монолит сынамалары көрсеткендей, оның 5120 гектары немесе 67,4 пайызы жақсы жағдайда, ал 2480 гектары немесе 32,6 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Демек, диқандар еңбегінің алғашқы нәтижесі жаман емес, ендігі міндет – осы әлеуетті көктемде жоғалтпай, өнімге айналдыру.
Өнімнің мол болуы тек ауа райына емес, сапалы тұқым мен дұрыс таңдалған сортқа да байланысты. Сондықтан сорт жаңарту жұмыстарының маңызы ерекше. Аудан бойынша 2 шаруашылық Солтүстік Қазақстан өңірінен 60 тонна тұқым сатып алған. Бұл – өнім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Минералды тыңайтқыш мәселесі де назардан тыс емес. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштарды енгізудің жылдық жоспары 8377 тоннаны құрайды. Оның 4638 тоннасы көктемгі мерзімге, 2000 тоннасы жазғы кезеңге, 1739 тоннасы күзгі мерзімге белгіленген. Қазірдің өзінде 10 шаруашылық 1239 тонна минералды тыңайтқыш жеткізуге келісімшарт жасап, сатып алу жұмыстарын бастаған.
Алакөлдің қант қызылшасын өсірудегі тәжірибесі бұрыннан бар. Биыл да бұл бағытқа серпін берілмек. Аудан бойынша 500 гектар алқапқа қант қызылшасын егу жоспарланған. Бұл қызылша алқабын сақтап қана қоймай, оны дамытуға деген ұмтылыстың көрінісі. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары үшін жанар-жағармай мәселесі де шешуші рөл атқарады. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 17 шаруашылыққа 427,2 тонна дизель отыны қажет болса, күзгі кезеңге 11 шаруашылыққа 459,7 тонна дизель отыны жоспарланған.
Науқан тағдырын техника шешетіні белгілі. Алайда аудандағы техника паркінің тозу деңгейі 76,4 пайызды құрап отыр. Бұл – ойлантатын көрсеткіш. Соған қарамастан биыл 65 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Жыл басынан бері 1 бірлік техника 12 млн. теңгеге сатып алынған. Жалпы биыл көктемгі дала жұмыстарына 2120 бірлік техника қатысады. Ескірген техникаларды есептен шығару жұмыстары да қатар жүріп жатыр.
Егіннің жайын айтқанда, су мәселесін айналып өту мүмкін емес. Аудандағы жалпы ұзындығы 1242,6 шақырымды құрайтын суару арналары мен Тентек, Жаманты өзендеріндегі екі су торабы облыстық «Қазсушар» филиалының теңгерімінде. Биыл 50 шақырым механикалық тазалау жұмыстары және 45 текше метр бетон жұмысы жүргізілуі жоспарланған.
Мал шаруашылығы бағытында да ауданның әлеуеті айқын көрінеді. Яғни мал қыстату науқаны жоспарлы түрде өтуде. Қазіргі таңда ауданда 6 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаттылығы 7100 басқа есептелген. Мұның өзі мал шаруашылығында сапаға ден қойылып отырғанын білдіреді.
Ауыл шаруашылығы саласына тартылатын инвестиция көлемі биыл 2, млрд. теңге болып жоспарланған. Бұл қаржы нақты іске айналса, ауданның аграрлық әлеуеті жаңа деңгейге көтерілуі әбден мүмкін. Шаруаларды қаржылай қолдау да жалғасып жатыр. Жыл басынан бері «Кең дала – 1» бағдарламасы бойынша 35 шаруашылық 419 млн. теңгеге несие алуға өтінім берген. Ал «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында 29 шаруашылық 356,9 млн. теңге көлемінде өтінім беріп, аталған қаражат толық көлемде қаржыландырылған.
Ендігі міндет – осы жоспарларды қағаз бетінде қалдырмай, көктемгі дала жұмыстары мен жыл бойғы аграрлық науқанды сапалы орындау. Сонда ғана жердің берекесі артып, еңбек ақталып, ауылдың еңсесі көтеріледі. Алакөл үшін бүгінгі дайын- дық – ертеңгі өнімнің, ертеңгі ырыстың кепілі.
Қажет АНДАС





