Қала күні мерекесі қарсаңында Талдықорған – Үштөбе тасжолының бойында қоқыс өңдейтін жаңа цех ашылды. Осы ретте Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мәмбетжанов арнайы келіп, көпшілікті құттықтады.
– Құрметті жиналған қауым, қоқыс өңдейтін бұл кәсіпорын облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы тапсырмасына сәйкес ашылып отыр. Бүгінде бұл жобаның бірінші кезеңі іске қосылмақ. Жылына жүз мың тонна қоқыс өңдеуге қауқары жететін цехты іске қосу үшін 250 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Ал, жалпы жоба құны 1400,0 миллион теңгені құрайды. Келесі жылы биогаз, содан соң биогумус өңдейтін цехтар іске қосылатын болады. Сөйтіп, жобаның екінші, үшінші кезеңі жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Жалпы, мұндай орынның ашылуы қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, тазалықты сақтауға айтарлықтай ықпал етеді деген сенімдеміз. Айта кетейік, қазіргі кезде шағын және орта бизнес субъектілері белсенді жұмыс істеп отыр. Жиналған салық түсімдері де аз емес. Сондықтан, осындай кәсіпорын ашып, кәсібін дөңгелентіп отырған жас кәсіпкер Ерлан Дүйсебаевтың мұндай ісіне сәттілік тілеп, қадамына нұр жаусын дегіміз келеді, – деді Нұрлан Мәлікұлы.
Бұдан соң жиналғандар алдында цехтың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, лентасы қиылды. Көпшілік кәсіпорынға кіріп, жаңа басталған жұмыс үрдісімен танысты. Құрылғылар жартылай автоматтандырылған. Қоқыстар арнайы құрылғы арқылы жылжып, адам қолымен іріктеледі. Онда қағаз, қалбыр және пластикалық шөлмектер бар. Қазіргі кезде мұнда барлығы жиырма адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта кәсіпорын толық қуатында іске кіріссе, жүзден аса адам еңбек ететін болады. Олардың еңбекақысы алпыс сегіз мың теңгеден айналады.
Қоқыс өңдейтін цех 3,5 гектар жерді алып жатыр. «Adal damu Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізгі қызмет түрлері қатты қалдықтарды сұрыптап, залалсыздандыру болып табылады. Өңделген қоқыстан жұмыртқа лотоктары, полимерлік өрме тастар секілді дайын өнімдер шығарылады. Қазіргі кезде биогаз бен биогумус өндіру жұмыстары қарастырылып жатыр.
Айгүл Байбосынова.





