Сеул қаласында Alatau Rise With Kazakhstan Forum өтіп, онда Қазақстан делегациясы жаңа Alatau City жобасын таныстырды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Форумның ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Қанат Бозымбаев қатысып, әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге 88 мың гектар аумақты қамтитын жаңа мегаполис – Alatau City жобасының мүмкіндіктерін таныстырды. Қаланың барлық аумағы Арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие, бұл инвесторларға корпоративтік табыс, жер және мүлік салығынан босату, сондай-ақ тауарларға нөлдік қосымша құн салығын қолдану сияқты салықтық жеңілдіктер ұсынады.
Қазақстан тарапынан форумға Alatau City дамыту кеңесінің мүшелері – Caspian Group төрағасы Юрий Цхай және жобаның инвестициялық серіктесі Alatau City Bank-тің жалғыз акционері Вячеслав Ким қатысты.
Қыркүйек айында Президенттің арнайы Жарлығымен Алатау қаласына «даму қарқыны озық қала» мәртебесі берілген болатын. Қаланы дамыту кеңесі стратегиялық шешімдер қабылдайтын негізгі орган ретінде Үкіметтің тікелей қарамағында жұмыс істейді.
Жоба технологиялық компаниялар мен экспортқа бағытталған өндірістердің орталығына айналуды көздейді. Сондай-ақ қалалық әуе мобильдігі мен сутек экономикасы бағыттарында ынталандыру бағдарламалары әзірленіп жатыр.
Қанат Бозымбаев форумда сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Кореяның әріптестік әлеуеті зор екенін атап өтті:
«Бүгінде Кореяның 800-ден астам компаниясы Қазақстанның барлық өңірлерінде энергетика, құрылыс, қаржы, денсаулық сақтау және жоғары технологиялар салаларында табысты жұмыс істеуде. Біз бірлескен жобаларды кеңейтуге және Кореяның өнеркәсіптік, энергетикалық компанияларын тартуға мүдделіміз. Өзара тиімді ынтымақтастыққа ашықпыз және сіздерді ұлттық Alatau City жобасына қатысуға шақырамыз», — деді ол.
Форум аясында Қазақстан мен Кореяның мемлекеттік және іскер құрылымдары арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда:
-
ҚР Энергетика министрлігі мен Global Green Growth Institute (GGGI);
-
ҚР Көлік министрлігі, Korea Airports Corporation (KAC) және AAAG;
-
Алматы облысының әкімдігі мен RETD компаниясы арасында келісім жасалды.
Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Кореяның ғылым және технологиялар институты (KAIST) және Alatau City Bank Қазақстанда жаңа университет құру және дамыту туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Іссапар барысында Қанат Бозымбаев Кореяның Ұлттық жиналысы мен Ассамблея депутаттарымен, сондай-ақ Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ким Джунг Кванмен, KITA төрағасы Юн Джин Сикпен және Young Business Leaders Network ұйымының басшыларымен кездесті.
Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы Корея Республикасы Қазақстанның негізгі сауда серіктестері арасында 10-орынға, ал инвестициялар көлемі бойынша 3-орынға көтерілді.
Қазақстан мен Корея алдағы уақытта өзара тиімді жаңа жобаларды жүзеге асырып, экономикалық серіктестікті тереңдетуге ниетті екенін білдірді.





