Жылдың басты жаңалықтары мен қаржылық өзгерістеріне шолу жасап көрейік.
«Қымбат ақша» дәуірі және жаңа банктер
Ұлттық банк инфляцияны тежеу мақсатында базалық мөлшерлемені 18-ге дейін көтерді. Бұл – несие алудың қиындап, депозиттердің тиімділігі артқанын білдіреді. Дегенмен, нарықтағы бәсекелестік тоқтаған жоқ: елде екі жаңа ойыншы – «БиЭнКей Коммерциялық Банкі» мен «KMF Банк» пайда болды. Бұл банк секторындағы қызмет сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Цифрлық теңге: Ақшаның «ақылды» формасы
Биыл цифрлық теңге пилоттық жобадан нақты қолданысқа көшті. Оның көлемі 270 млрд теңгеге жетті. Бұл – криптовалюта емес, ұлттық валютаның үшінші түрі. Оның басты пайдасы – «маркерлеу» мүмкіндігі. Яғни, мемлекет жол жөндеуге немесе мектеп тамағына бөлген ақшаны ешкім басқа мақсатқа жұмсай алмайды. Ақша тек жұмыс толық атқарылғанда ғана «ашылады».
Біртұтас QR: Терминал таңдаудан құтылдық
13 қарашадан бастап Қазақстанда біртұтас QR жүйесі іске қосылды. Енді сатып алушының қай банктің картасын қолданатыны маңызды емес. Кез келген банктің қосымшасымен кез келген терминалда төлем жасауға болады. Қазір бұл жүйеге Halyk Bank, БЦК, Freedom Bank секілді ірі ұйымдар қосылып үлгерді.
Стейблкоин мен криптокарталар
Жеке сектор да қалыс қалмай, теңгеге байланған алғашқы стейблкоинді шығарды. Бұл цифрлық активтермен сауда жасағысы келетіндер үшін ыңғайлы құрал болмақ. Арнайы криптокарталар арқылы дүкендерде төлем жасағанда, цифрлық активтер бірден теңгеге айналып, есеп айырысу жүзеге асады.
Қазақстан заманауи технологияларды енгізу бойынша Oxford Insights рейтингінде 16 сатыға жоғарылап, 60-орынға тұрақтады. 2026 жылы біртұтас QR жүйесі Түркия, БАӘ және Орталық Азия елдерімен біріктіріліп, шетелде де өз QR-ымызбен төлеуге мүмкіндік туады.





